Популярные тэги

АҢҚАУ ЕЛГЕ...: ЖЕЛІДЕ НЕСИЕ КЕШІРІЛЕТІНІ ТУРАЛЫ ДАҚПЫРТ НЕГЕ БАСЫЛМАЙ ТҰР

Threads әлеуметтік желісінде екінші деңгейлі банктер азаматтардың несиелерін кешіріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Тіпті, несиені есептен шығару туралы өтініштің үлгісін сатып жатқан пысықайлар да аз емес.


11/01/2026
13:47 80 0

Желідегі шу

 

Желіде «Соңғы жаңалықтардан: Жусан, Халық банкі, Алатау банк, Береке банк кредит кешіріп жатыр. Шаблон бере аламын және көмектесіп керекті құжаттар тізімін беремін»,  «Кредит кешіріліп жатқанда өтініш тастап үлгеріңіз! Қызметім және курс жайлы жекеме жазыңыз» деген сарындағы хабарландырулардан көз сүрінеді. Олардың мақсаты біреу ғана –  халықтың жанды жерін басып, өз қалталарын қампайту. Алайда ақпараттың анық-қанығын тексермейтін жұрт өз мәселелерін жарыса жазып, нәпақа көздегендерден көмек сұрап әуре.

 

 

«Неге несие берешегін төлемейтіндерге ғана кешіріледі? Біз, жұмыс істемейтіндер ақымақпыз ба? 3-4 несие төлейміз, үстіндегі пайызын өтейміз. Қосымша жұмысқа жегілеміз. Үнемі қарызын төлемейтіндерге ғана несие кешіріледі, үй сыйланады, ал біз ше? Бізге қашан бұйырады?», – дейді ақпараттың рас-өтірігін анықтауға асықпағандардың бірі.

 

Ресми хабарлама

 

Кеше Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомство өкілдері азаматтарды күмәнді хабарламаларға сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Сонымен қатар несиесін жабуға көмектесуді уәде ететін түрлі делдалдардан сақ болуды ескертті.

 

«Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Жалған мәліметтерге сенбеуді, делдалдарға жүгінбеуді сұраймыз. Естеріңізге сала кетейік, көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады», делінген агенттік хабарламасында.

Меморганның бұл ескертуінен кейін де жұртты адастырушылар алған бетінен қайтар емес.

 

 

Қарызбен өрілген өмір

 

Өкінішке қарай, елімізде ересек өмірге қадамын қарыз алудан бастайтын жастардың саны көбейіп барады. Қазақстанда 18-ге толған азаматтарға несие беріле береді. Төлқұжаты бар адамның толыққанды Қазақстан азаматы болып саналатыны белгілі. Дегенмен осыны пайдаланып микроқаржы ұйымдары жастарды белшесініен қарызға батырып жатқаны алаңдатады.

 

Жуырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда 21 жасқа дейінгі шамамен 19 мың қазақстандықтың микронесиелер бойынша мерзімі өткен қарызы бар екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, елде 18 бен 21 жас аралығындағы 847 430 адам тұрады. Соның ішінде 136 239 жастың микрокаржы ұйымдарына қарызы бар. Олардың 13,7 пайызында төлем мерзімі өткен берешек тіркелген.

 

Жастарға шағын несиелердің оңай берілуіне сенатор Геннадий Шиповских наразылық білдірген. Депуттат жастардың көбі микроқаржы ұйымдарының агрессивті жарнамаларына оңай алданатынын айтады. Соның салдарынан жоғары пайызбен қарыз алады. Бұл жағдай әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін тенденцияға айналды.

 

 

«Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржы ұйымдарының жастарды нысанға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттылықтың төмендігі әсер етіп отыр. Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтырып жатыр: жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін», –  деді Геннадий Шиповских депутаттық сауалында.

 

Сенатор жастарға шағын несие беру тәртібін қатаңдатуды, оларды 18 жастан бастап тексерусіз ресімдеу тәжірибесін тоқтатуды ұсынды. Ол жас шегін 21 жасқа дейін көтеріп, жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайына міндетті бағалау енгізуді қажет деп есептейді.

Поделиться

Нет комментариев.

11/01/2026 13:47
80 0

Уведомление