Ақ Олимпиададағы ең бай спортшы: Эйлин Гу әлем назарын қалай жаулады
Италияда өткен Қысқы Олимпиададағы әлем назары ерекше ауған спортшы – 22 жастағы қытайлық фристайлшы Эйлин Гу.
Үш дүркін чемпион
Эйлин Гу биылғы Олимпиададағы ең бай спортшы деп танылды. Forbes мәліметінше, соңғы бір жылда Қытай спортшысы 23 млн доллар тапқан.
Эйлин Гу – фристайлдан үш дүркін Олимпиада чемпионы. 2022 жылғы Олимпиадада фристайлдың бигэйр мен хафпайп атты түрлерінен алтын алды. Осы жылы бигэйрден тағы да алтын алып, ақ Олимпиада алтынына үш рет қол жеткізді.
Шығу тегі
Эйлин 2003 жылы Сан-Франциско қаласында дүниеге келген. Әкесі – америкалық, ал анасы – қытайлық. Жасөспірім шағында ол жарыстарға АҚШ атынан қатысқан. Алайда 2019 жылы анасының отаны – Қытай құрамасы сапында өнер көрсетуге бел байлайды.
Бұл таңдауы үшін әлеуметтік желілерде қатты сынға ұшыраған, тіпті өміріне қауіп төнген жағдайлар болған.

Ол 2021 жылы әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алып, үлкен спортта өз орнын мықтап бекіте бастады. Эйлин фристайл тарихында бірден екі алтын медаль алған алғашқы спортшы атанды: слоупстайл мен хафпайпте топ жарды. Ал биг-эйрде қола жүлде иеленді.
Табыс көзі
Ол тек қана спортшы емес, танымал модель. Әлеуметтік желісіне 3 млн адам жазылған. Әлемнің ірі брендтерімен жұмыс істейді. Табысының негізі бөлігі де осы саладан. Соңғы жылы 23 млн доллар табыс тапса, соның 100 мың доллары ғана спорттан келген. Қалған қаржысы модельдік қызмет арқылы тапқан.

Оның супержұлдызға айналу жолы 2022 жылы Бейжің Олимпиадасы қарсаңында басталды. Олимпиада кезінде Қытай компанияларымен кемінде 23 келісімшарт жасасқан. Эйлиннің бейнесі елдің түкпір-түкпіріндегі билбордтардан көрінді. Сол додада спортшы Қытай қоржынына екі алтын және бір күміс медаль салды.
Кейін оған шетелдік брендтер де қызығушылық танытты. Фристайлшы Red Bull, Therabody, Tiffany & Co. және Porsche жарнамаларына түсе бастады. Сондай-ақ Louis Vuitton мен Victoria’s Secret сән көрсетілімдеріне қатысты. Соның нәтижесінде ол 2022 жылдың өзінде, Forbes мәліметінше, 20,1 миллион доллар табыс тапқан. Ал CBN Data зерттеу ұйымы оның сол жылғы табысын тіпті 31,4 миллион доллар деп көрсеткен.
Айта кетейік, Италияда Қысқы Олимпиада өз мәресіне жетті. Шайдоровтың алтынын қанағат тұтқан Қазақстан құрамасы медаль кестесінде 19-орынға жайғасты.
15:08
26
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.