250км/сағ: Алматы көшелері неге жарыс жолағына айналып кеткен
Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін полиция күн сайын рейдтер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Masa.media.
Үш күнде 5 мыңнан астам заңбұзушылық
Жүргізілген рейдтер Алматы жүргізушілерінің күні кеше болған жантүршігерлік апаттан ешқандай сабақ алмағанын көрсетті. Полиция мәліметінше, үш тәулік ішінде қала жолдарында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Мәселен, мас күйінде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталды.
Полицейлердің айтуынша, олардың бәрі де көлік басқару құқығынан шеттетілген. Одан бөлек 369 азаматтың көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны анықталған. Оның ішінде 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылыпты.
Түнгі жарыстар
Сондай-ақ, қалада түнгі жарыстар тоқтар емес. Кейбір есірген жүргізушілер тіпті заңбұзушылықты видеоға түсіріп, оны желіге жариялап, жалғанды жалпағынан кешіп жүргендерін мақтан көреді.
– Жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді. Кейбір жүргізушілер құқық бұзушылықтарын әдейі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялайды. Алайда әрбір мұндай дерек бақылауда, құқық бұзушылар анықталып, заң аясында жауапқа тартылады, – дейді полициядағылар.
Мұндай жағдайлардың бірі Әл-Фараби даңғылында болыпты. Жүргізуші автокөлігін сағатына 250 шақырым жылдамдыққа дейін үдеткен. Нәтижесінде ол жедел түрде ұсталған. Сот шешімімен жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны хабарланды.
Үш адамның өмірін жалмаған апат
Еске салайық, 21 наурызға Алматының Әл-Фараби даңғылында жантүршіктірер жол апаты болды. 009JET мемлекеттік нөмірі бар Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, бетпе-бет келе жатқан Mercedes-пен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлікте отырған үш адам – 29 жастағы жүргізуші және екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Қыздардың бірі 22 жаста, екіншісі 20 жаста болған.

Жол талғамайтын көлікті басқарған ер адам ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның қабырғалары, жамбас сүйегі және оң аяғы сынғанын анықтаған.
Бұл оқиға бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Марқұмдардың жақындары Zeekr жүргізушісін заңға сәйкес жазалауды, әділ және ашық сотты талап етуде.

Заңды пысқырмаған кәсіпкер
Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, Zeekr көлігінің жүргізушісі – 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак. Оның атына екі компания тіркелген: «ГУ ХОЗУ Алматы» және «Глобал Партнер» ЖШС. Пак екі ұйымның да құрылтайшысы ретінде көрсетілген.
«ГУ ХОЗУ Алматы» компаниясы 2025 жылы құрылған және бір жыл ішінде шамамен 500 мың теңге салық төлеген. Ал «Глобал Партнер» ЖШС-нің қаржы айналымы әлдеқайда жоғары – 2024 жылдың күзінен бері бюджетке 50 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні Zeekr басқа көлікпен жарысқан болуы мүмкін. Бұл жайт іс бойынша маңызды мән-жай ретінде қарастырылуы тиіс.

Полиция аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
«Ойын ережесін» өзгерту керек»
Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, полиция ереже бұзғандардың бәрін бақылауға тырысады, бірақ ресурстар шектеулі.
«Полиция ештеңеге көз жұма қарамайды. Бірақ кейде күш пен мүмкіндік барлық құқықбұзушыны толық бақылауға жетпейді. Әрбір жарысушының қасына бір полицей қоя алмаймыз. Сондықтан «ойын ережесін» өзгерту керек, яғни заңды қатайту қажет», – деді ол.
Сенатор қоғамда қатаң шараларға қарсылық бар екенін де атап өтті.
Оның айтуынша, жүргізушілердің аз ғана бөлігі (шамамен 5–6%) жүйелі түрде ереже бұзады, ал қалғаны заңды сақтайды. Сол жүйелі құқықбұзушыларды қатаң бақылауға алу керек дейді ол.
«Мұндай жүргізушілерді барлық жеңілдіктерден айыру керек: айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін жою, құқық бұзуды жалғастырса жүргізуші куәлігінен айыру, қайта емтихан тапсыруға жіберу қажет. Тіпті Германиядағыдай «ақымақтарға арналған тест» енгізуге болады», – дейді Қожаев.
10:32
47
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.