Популярные тэги

2026 жылдың көктем-жазында қалай сәнді киінуге болады – стилистен кеңес

Көктеммен бірге құлпырғысы келетін арулар өз гардеробына қандай пішім мен түстегі киімдерді қосқаны жөн?


22/02/2026
09:23 46 0

Әр маусым сайын сән әлеміндегі трендтер жаңарып отыратыны белгілі. Алдағы көктем мен жаз маусымдарында да талғампаз арулар киім сөресін сәнді әрі ерекше бұйымдармен толтыруға асығады.

 

Осы орайда Masa media тілшісі стилист Ләйлі Тұрғанбекпен сұхбаттасып, гардеробын жаңартқысы келетін арулардың көкейіндегі сұрақтарды қойды.

 

Қандай пішім мен түстер трендте?

 

Маманның айтуынша, алдағы көктем және жаз мезгілдерінде кең иықты пиджак пен жакеттер сәнқой арулардың көркін аша түседі.

 

«Сондай-ақ, биыл сән әлемінде белді айқындайтын пішімдер, кең шалбарлар, oversize костюмдер мен монохром образдар трендте болады», – дейді Ләйлі Тұрғанбек.

Стилист сәнді киінгісі келетін ханымдар арасында айрықша сұраныста болатын түстерге де тоқталды.

 

«Киім таңдағанда табиғи, жұмсақ әрі қымбат көрінетін түстерге назар аударған жөн. Сары май түсті (butter yellow), ашық күлгін, шалфей жасылы, аспан көк, шоколад, кофе және құм түстес киімдер көктемгі және жазғы образдардың өңін ашады. Бұл реңктер бір-бірімен оңай үйледі, әрі талғамды көрсетеді», – дейді маман.

 

Базалық гардероб неден тұрады?

 

Ләйлі Тұрғанбектің айтуынша, гардеробын түгел жаңартқысы келетін арулар басты назарын базалық киімдерге аударуы қажет. Оған не кіреді?

«Базалық киімдер – гардеробтың негізі. Одан ақша аямау керек, себебі ең көп киілетін киімдер осы. Міндетті түрде сапалы ақ және қара футболка, классикалық жейде, пиджак, тік балақты джинс шалбарыңыз болсын. Сондай-ақ, миди ұзындықтағы белдемше, әмбебап көйлек, ауыстырып киетін сапалы 2-3 жұп аяқ киім, барлық образбен үйлесетін сөмке алып қойған жөн. Олардың түстері бір реңкте болса, үйлестіруден қиналмайсыз», – деп түсіндірді маман.

 

Ерлер гардеробынан не аламыз?

 

Қыздар соңғы уақытта ерлердің – күйеулерінің, әкелерінің гардеробына көз салғанды әдетке айналдырып жүр. Осы орайда ерлер киімі арулардың бойындағы нәзіктікті, жеңілдікті жойып жібермей ме деген сауал туындайды. Ләйлі Тұрғанбектің айтуынша, керісінше, ерлерге лайықтап пішілген киімдерді дұрыс үйлестіре білсе,  әйелдердің нәзіктігі айшықтала түседі.

 

«Мысалы, кең пиджак пен белді айқындайтын белдік, ерлер жейдесі мен мүсінді айқындап тұратын белдемше, кең балақты шалбар мен биік өкшелі аяқ киім керемет үйлеседі. Қазіргі уақытта қыздардың басым көпшілігі ерлер бөлімінен киім алады. Себебі ыңғайлы әрі образға ерекшелік береді», -  дейді стилист.

 

Сәнді киінудің құны қанша?

 

Көп адамның ойында сәнді киіну қымбат тұрады, ол үшін миллиондап табыс табу керек деген түсінік бар. Ләйлі мұндай қате ойдан арылу үшін тым болмағанда бір рет  стилистің қызметіне жүгіну керегін айтады.

 

«Егер талғамың биік болса, масс-маркеттегі қолжетімді бағада киімдерден сәнді әрі қымбат көрінетін образдар құрастыра аласың. Гардеробың люкс сападағы киімдерге толы болғанымен, олар бір-бірімен үйлеспесе әрі пішімі ескі үлгіде болса – ақшаңның желге ұшқаны. Өзіңе жараспайтын, мүсініңнің артықшылығын емес, кемшілігін көрсететін киімдерді жинай бергенше, бір рет болсын стилистпен жұмыс істеп көру қажет. Маманның кеңесі арқылы қателіктерді түсініп, талғаммен киінуді үйрене бастайды», – деп атап өтті маман.

 

 

Ләйлі талғам мен стильді сезіну тәжірибе арқылы қалыптасатынын айтады. Көбірек эксперимент жасау, түрлі образдар құрастыру, трендтерді бақылау арқылы өз болмысыңа сай келетін әрі өзгелерден ерекшелейтін үлгілерді шатаспай табуды үйренесің.

 

Той-томалаққа не киеміз?

 

Қазақта той-томалақ көп болғандықтан, қыз-келіншектер «не кием?» деген сұраққа көп бас қатырады. Бір мерекеге киген киімді екіншісіне кимей, әр жолы әсем образбен ерекшеленгенді ұнататын арулардың әурешілігі тіпті көп. Маманның айтуынша, той-томалаққа киім таңдағанда артық қылам деп тыртық қылудан абай болған жөн.

«Қазіргі тренд – табиғилық пен қарапайымдылық.Ыңғайлы әрі жинақы көйлекпен де өте әдемі көрінуге болады. Арулардың мерекелік образдарында ең жиі кездесетін қателіктер – киімде жылтыр элементтердің, тастардың тым көптігі, бір образда бірнеше акценттің болуы, ыңғайсыз аяқ киім мен ауыр, артық декорлар», – деп атап өтті Ләйлі Тұрғанбек.

 

 

Ұзақ қызмет ететін аяқ киімдер

 

Аяқ киім – образдың негізгі элементтерінің бірі. Ескі үлгідегі немесе сапасы төмен аяқ киімдер қымбат образдың да өңін бұзады. Стилистің айтуынша, ұзақ қызмет ететін аяқ киімдер қатарына винтаж стиліндегі кроссовкалар, лоферлер, артық деталі жоқ сандалдар, классикалық қарапайым туфли кіреді.

 

Аксессуарлар

 

Аксессуарлар –  образдың соңғы штрихы. Кез келген образды толықтыратын, өңін ашатын бұйымдар. Маманның пікірінше, аксессуарларсыз образдың тұтастығы көрінбейді. 

 

 

«Биыл көлемді сырғалар, кең белдіктер, көлемі үлкен, тоқылған сөмкелер, үлкен көзілдіріктер мен минималистік әшекейлер сәнде болады», – деп түйіндеді стилист.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/02/2026 09:23
46 0

Уведомление