20 жылдыққа орай ерек дизайн: iPhone 20 Pro қандай болады

Apple iPhone смартфонының 20 жылдығына орай қолданушылар назарына дизайны мен техникалық мүмкіндіктері жағынан озық смартфон ұсынбақ.


12/11/2026
12:18 0

MacRumors басылымы инсайдерлер таратқан ақпаратқа сүйене отырып жаңа смартфонда болуы мүмкін он жаңалықты жариялады:

 

1. Төрт қырынан иілген экран.

 

Жаңа смартфонның дисплейі төрт жағынан да иілген болуы мүмкін. Мұндай дизайн экранның металл жақтауды жауып тұрғандай әсер қалдыруына мүмкіндік береді. Бұл бағытта Apple компаниясы Samsung-пен бірлесіп жұмыс істеп жатқаны айтылады.

 

2. Жаңа технологиямен жасалған OLED-дисплей.

 

Инсайдерлердің мәліметінше, Apple COE (Color Filter on Encapsulation) технологиясын қолдануды қарастырып жатыр. Ол экранды жұқартып, жарықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл дисплейді 2027 жылы шығаруға үлгермеуі мүмкін. Кейбір болжам бойынша, технологияны 2029 жылдан ерте күтпеген жөн.

 

3. Face ID мен селфи камера экран астына орналастырылады.

 

Apple бет-әлпетті тану жүйесінің сенсорларын дисплей астына жасыруды жоспарлап отыр. Осылайша, олар экранның сыртынан көрінбейді. Ал алдыңғы камераны да экран астына орналастыру жұмыстары әзірге күрделі болып тұр. Компания сурет сапасын төмендетпей, камераны көзге байқалмайтындай етіп орналастыру жолын іздеп жатыр.

 

4. Физикалық батырмалардың орнына сенсорлы басқару.

 

Apple қуат, дыбыс деңгейі, әрекет және камераны басқару батырмаларын сенсорлы нұсқаларға ауыстыруды сынап жатқаны хабарланды. Мұндай батырмалар корпусқа кіріктіріліп, басқан кезде физикалық тұрғыда қозғалмайды. Бірақ пайдаланушы басқанын сезе алады: кері байланыс арнайы діріл арқылы беріледі.

 

5. Үшінші буындағы фирмалық модем.

 

Компания смартфонның барлық нарыққа арналған нұсқасына өзінің үшінші буындағы модемін орнатуы мүмкін. Бұл Apple компаниясының байланыс технологияларын өз бетінше дамыту бағытындағы жұмысының жалғасы болмақ.

 

6. Жаңа буын камера сенсоры.

 

Apple Sony сенсорларының орнына көпқабатты кескін сенсорын қолдануды қарастырып жатыр деген ақпарат бар. Компанияда оның алғашқы үлгісі дайын болуы мүмкін. LOFIC технологиясына негізделген сенсор әр пиксельге жарықтың әртүрлі көлемін жинауға мүмкіндік береді. Соның арқасында камераның динамикалық диапазоны 20 сатыға дейін жетуі ықтимал.

 

7. A21 Pro процессоры.

 

Мерейтойлық смартфонға екінші буындағы 2 нанометрлік технологиямен жасалған A21 Pro чипі орнатылуы мүмкін. Бұл құрылғының өнімділігі мен энергияны пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етуі ықтимал.

 

8. Кремний аноды бар аккумулятор.

 

Apple компаниясы кремний аноды қолданылатын аккумулятор технологиясын да зерттеп жатыр. Кремний аноды литий иондарын салмағына шаққанда көбірек жинай алады. Бұл батареяның физикалық өлшемін өзгертпей-ақ, смартфонның қуаттау арасындағы жұмыс уақытын ұзартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

 

9. DRAM жедел жадының жаңа құрылымы.

 

Компания DRAM жад модульдерін тігінен орналастыру технологиясын зерттеп жатыр. Мұндай шешім деректерді өткізу қабілетін арттырып, әсіресе жасанды интеллект тапсырмаларын орындау кезіндегі өнімділікті жақсартуы мүмкін.

 

10. Екі түрлі өлшемдегі модель.

 

Apple мерейтойлық смартфонды екі экран өлшемімен шығаруы ықтимал. Болжам бойынша, бір нұсқасы 6,41 дюймдік, екіншісі 6,96 дюймдік дисплеймен жабдықталады.

Поделиться

Нет комментариев.

12/11/2026 12:18
0

Уведомление