16 жастағы Елназ Қалиахмет «әйелдер шахматындағы жаңа жұлдыз» атанды

Chess.com порталы жас спортшының Самарқанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасындағы өнерін ерекше атап өтті.


28/09/2026
14:22 0

Қазақ қыздары – күміс жүлдегер

 

46-шы шахмат Олимпиадасының 11-турында қазақстандық шахматшылар Польша құрамасымен 2:2 есебімен тең ойнап, турнирді екінші орынмен аяқтады.

 

Әйелдер арасындағы жарыста Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Қазақстан құрамасы үшін бұл – Олимпиададағы қатарынан екінші күміс жүлде. Бұған дейін қазақстандық шахматшылар 2024 жылы Будапештте өткен 45-ші шахмат Олимпиадасында екінші орын алған еді. Араға екі жыл салып, Қазақстан құрамасы нәтижесін Самарқанда қайталады.

 

Құрама сапында Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева өнер көрсетті. Команданың капитаны – Павел Коцур.

 

Елназдың ерлігі

 

Қазақстан құрамасының күміс жүлдеге қол жеткізуіне Елназ Қалиахметтің қосқан үлесі зор болды. 16 жастағы шахматшы Алиция Сливицкамен партияда командаға аса қажетті жеңісті алып, құраманы сәтсіздіктен құтқарды. Ол ойын барысында бастаманы күтпеген жерден өз қолына алып, қарсыласын жеңді де, есепті теңестірді.

 

Әлемге ықпалды Chess.com порталы Калиахметтің өнеріне жоғары баға беріп, оны «әйелдер шахматындағы жаңа жұлдыз» деп атады.

 

Командалық күмістен бөлек, Калиахмет төртінші тақтада жеке есепте алтын медаль жеңіп алды. Ол турнирде тоғыз партия өткізіп, 2486 ұпайлық перформанс көрсетті.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/09/2026 14:22
0

Уведомление