150 мың ақ амур мен электрлі трамвайлар: мамандар Бурабайды қалай құтқармақ

Бурабай көлінде «экологиялық тыныштық» режимін енгізуге дайындық басталды.


23/09/2026
10:44 0

Экожүйені қалай қалпына келтіреміз?

 

Ақмола облысындағы әйгілі қорық әкімшілігінің мәліметінше, бұл шараның негізгі мақсаты – су айдынына түсетін салмақты азайтып, экожүйенің табиғи жолмен қалпына келуіне мүмкіндік беру.

 

Алғашқы қадамдардың бірі – көлге ақ амур жіберу. Биыл күзде Бурабайға 150 мың шабақ жіберіледі. Бірінші кезең 22 қыркүйекте өтті, екіншісі 5 қазанға жоспарланған.

 

Көлді қалпына келтіру қажеттігін ғылыми зерттеулер де көрсетіп отыр.

 

Мамандардың айтуынша, негізгі мәселелердің бірі – балдырдың шамадан тыс көбеюі. Олар қурап, ыдыраған кезде суда еріген оттегіні сіңіреді. Бұл мәселе әсіресе қыста, көлді мұз басып, табиғи газ алмасу шектелген кезде күрделене түседі.

«Ақ амурдың таңдалуы кездейсоқ емес. Ол су өсімдіктерімен қоректеніп, олардың шамадан тыс өсуін табиғи жолмен тежеуге көмектеседі. Бұл ретте біздің мақсатымыз – көлді өсімдіктерден толық тазарту емес, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру», – деді «Бурабай» МҰТП инженер-ихтиологы Сергей Кучеренко.

Көлге балық жіберілгеннен кейін оның жағдайын мамандар тұрақты бақылауда ұстайды. 2027 жылы және одан кейінгі жылдары су сапасы, су өсімдіктері мен микроорганизмдердің жағдайы зерттеле береді. Қыс мезгілінде судағы оттегі деңгейіне ерекше назар аударылады.

 

 Электрлі трамвайлар сынақтан өткізіледі

 

Бурабайды қалпына келтіру тек көлдің ішкі жағдайына байланысты емес. Су айдынына сырттан түсетін салмақты да қатар азайту қажет. Сондықтан «экологиялық тыныштық» режиміне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

 

Осындай шаралардың бірі – электрлі су көлігін сынақтан өткізу. Жаңа модель көлге де, ұлттық парк аумағына да түсетін салмақты азайтуға тиіс.

«Электрлі өзен трамвайлары су айдынындағы қозғалысты реттеп, жанармаймен жүретін моторлы көлікті біртіндеп алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су бағыттары парк ішіндегі жеке автокөлікпен жүруге балама болуы керек», – дейді «Бурабай» МҰТП өкілдері.

Туристер көліктерін арнайы тұрақтарға қалдырып, кейін көл арқылы экологиялық таза көлікпен негізгі туристік нысандарға жете алады деп жоспарланып отыр.

 

Осылайша ақ амур жіберу, ғылыми мониторинг жүргізу, электрлі су көлігін дамыту және көлге түсетін жүктемені азайту біртұтас жүйенің құрамына енеді. Ал «экологиялық тыныштық» режимі Бурабайдың қалпына келуіне қажет ең маңызды нәрсені – сыртқы әсер барынша азайған кезеңді қамтамасыз етуі тиіс.

Поделиться

Нет комментариев.

23/09/2026 10:44
0

Уведомление