15 млн доллар, 33 ел, 13 костюм: Шакираның Бішкектегі концерті қалай өтті?

Әлемдік жұлдыздың концерті «Las Mujeres Ya No Lloran World Tour» турнесі аясында өтті.


19/10/2026
13:53 0

Көрермен 33 елден жиналды

 

 Колумбиялық әнші Шакира 18 қазанда Бішкектегі «Bishkek Arena» стадионында өнер көрсетті. Қырғызстанның «Кабар» мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, әлемдік жұлдыздың Орталық Азиядағы алғашқы концертіне 33 елден жанкүйер жиналған.

 

Шетелдік көрермендердің арасында Қазақстан азаматтары көп болған. Одан кейін Ресей мен Өзбекстаннан келген тыңдармандар басым. Сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Қытай және Сауд Арабиясынан да қонақтар барған.

 

 Концерт қанша уақытқа созылды?

 

 Жергілікті Kaktus.media басылымының репортажына сүйенсек, концерт бастапқыда сағат 19:00-де басталуы керек болғанымен, Шакира сахнаға шамамен 19:40-та шыққан. Шоу 21:15 шамасында аяқталған. Осылайша әншінің өнер көрсету уақыты шамамен 1 сағат 35 минут болған.

 

Шакира концертті La fuerte әнімен бастап, жұртшылықпен қырғыз тілінде амандасты. Кеш барысында ол бірнеше рет сахнадан көрермендерге жақындап, жанкүйерлерімен тілдесті. Сондай-ақ киім үлгісін бірнеше рет ауыстырып, кей әндерді жалаңаяқ орындаған. Kaktus.media журналистері әншінің кемінде 13 рет киім ауыстырғанын жазды.

Басылым жариялаған әндер тізімінде 18 композиция бар. Олардың арасында:

·        La fuerte;

·        Te Felicito;

·        Don’t Bother;

·        Can’t Remember to Forget You;

·        Hips Don’t Lie;

·        Acróstico;

·        La Tortura;

·        Chantaje;

·        Loca;

·        Ojos Así;

·        Underneath Your Clothes;

·        Whenever, Wherever;

·        Waka Waka;

·        She Wolf;

·        Bzrp Music Sessions, Vol. 53 бар.

 

Кештің ең әсерлі тұстарының бірі – Waka Waka әні орындалған сәт. 2010 жылғы футболдан әлем чемпионатының әнұранына айналған композицияны стадиондағы көрермендер әншімен бірге шырқаған. Концерт соңында Шакира сахнаға қайта оралып, She Wolf әнін орындаған.

 Әнсапар қалаға қандай пайда әкелді?

 

Желіде әншінің концерттен кейін қалада аялдамай, бірден кетіп қалғаны туралы жазбалар қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Шакира Бішкекке концерт қою үшін ұшып келіп, өнер көрсеткен соң бірден әуежайға аттанғанын жазған. Жазба авторы әншінің қала аралап, Бішкекті  өз аудиториясына таныстырмағанына наразы болды. Оның айтуынша, Шакира көрікті жерлерге, музейлерге және ұлттық асхананы ұсынатын орындарға бармаған.

 

Сондай-ақ әншіге өнер көрсеткені үшін 15 миллион доллар төленгені айтылады. Жазба авторы бұл соманы тым көп деп есептеп, әншінің келуі қалаға қандай пайда әкелгеніне күмән келтірген. Атап айтқанда, туристер көбейді ме, концерт Бішкектің жарнамасына айналды ма, билет сатудан түскен табыс жұмсалған қаржыны ақтады ма деген сауалдар қойған.

Поделиться

Нет комментариев.

19/10/2026 13:53
0

Уведомление