146 мың теңге: қазақстандық дәрігерлер жалақыларын көбейтуді талап етті
Әлеуметтік желіде медицина қызметкерлерінің жалақыға қатысты наразылығы күшейіп келеді.
Желідегі шағым
Дәрігерлер мен медбикелер Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы жаппай белгілеп, еңбекақыларының тым төмен екенін айтып шағымдануда.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, жауапкершілігі орасан, түнгі кезекшілігі көп, ауыр науқастардың өмірі үшін күресетін жұмысына қарамастан, олардың негізгі жалақысы 140 мың теңгеден сәл ғана асады.
Алматылық дәрігер Threads желісіндегі жазбасында:
«Кіші медицина қызметкерлерімен бірдей жалақы алдым. Жұмысым да, жауапкершілігім де, талап та көп. Бірақ санитарлармен бірдей ақша аламыз. Әкімшілікке сұрақ қойсам, “БДО ставкасы солай” деген жауап береді. Айлығым – 146 мың теңге. Тәулік бойы жұмыс істеп, ауыр науқастарды қабылдаймын», – деп наразылығын білдірді.
Ол мұндай жалақыға медицина саласында жұмыс істеуге ынта жоғын айтып, Денсаулық сақтау министріне үндеу жасады. Дәрігер министр Ақмарал Әлназарованы белгілеп, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарауды сұрады.
«Жалақы жоғары болуы керек»
Дәрігердің жазбасында айтылған жайттарды медицина қызметкерлерінің көпшілігі растады.
«Жедел қызмет саласында жұмыс істейтіндердің жалақысы жоғары болуы керек дегенді айтудан шаршамаймын. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер мен ТЖ қызметкерлері бар. Пандемия мен Қаңтар оқиғасы қиын кезде кімнің жұмыс істейтінін, ал кімнің қашықтан жұмысқа ауыса алатынын көрсетті. Осындай жалақы алатынымыз өкінішті. Медицина қызметкерлері – еңбегі ең аз бағаланатын адамдардың бірі. Оларға баспана төлемі сияқты жеңілдіктер де, зейнетке ертерек шығу мүмкіндігі де қарастырылмаған. Ештеңе жоқ», – деп жазды Динара Суханова.
Әзірге жауап жоқ
Дәрігерлер өз жазбаларында Денсаулық сақтау министрін белгілей отырып, жалақыны көтеру туралы өтініштеріне Ақмарал Әлназаровадан жауап көрмегенін жазып жатыр.
Олардың айтуынша, министр науқастардың шағымдарына әлеуметтік желі арқылы жедел жауап береді, ал дәрігерлер мен медбикелердің жалақысына қатысты мәселеде үнсіз отыр.
«Ең қызығы, министр науқастардың шағым жазған посттарының астына міндетті түрде пікір қалдырады. Ал дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы туралы сөз болғанда – үнсіздік», – деп желі қолданушыларының бірі.
фото: pinterest
10:24
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.