«11 қыркүйекті қайталағысы келген»: Flydubai ұшағындағы оқиғаның жай-жапсары ашылды
Flydubai әуе компаниясының екінші ұшқышы, 29 жастағы омандық Хамам әл-Хаммами тергеу кезінде террорлық шабуыл жасауды жоспарлағанын мойындады.
Тергеу деректері
DW жазуынша, оның мұндай жоспарына 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған терактілер түрткі болған.
БАӘ бас прокуроры Хамад Сейф аш-Шамсидің мәлімдеуінше, күдікті басып алған Boeing 737 MAX жолаушылар ұшағын Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайының терминалына бағыттап, барынша көп адамды өлтіруді көздеген.
Күдікті ұшу бағыты мен әуежайдың жай-жапсарын білу үшін Тель-Авивке екі рет ұшып барған. Ол Flydubai компаниясына жұмысқа кірер алдында барлық қажетті қауіпсіздік тексеруінен өтіп, ұшқыш лицензиясы мен сотталмағаны туралы анықтама тапсырған.
Flydubai ұшағын басып алу әрекеті
Еске салайық, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке бет алған Flydubai жолаушылар ұшағы бортты басып алу әрекеті туралы дабылдан кейін Сауд Арабиясындағы Табук қаласының әуежайына шұғыл қонған. Бұған ұшқыштар кабинасындағы төбелес себеп болған. Сол кезде ұшақ небәрі 29 секунд ішінде 9 410 метр биіктіктен 5 105 метрге дейін төмендеп кеткен.
Boeing 737 MAX 8 ұшағында 174 адам, оның ішінде 27 бала болған. Жолаушылардың басым бөлігі Израиль азаматтары еді.
Кейбір жолаушылардың айтуынша, әуелі ұшқыштар кабинасынан айқай естілген, артынша есік ашылып кеткен. Олар ұшқыштардың бірінің жараланғанын, киімінің қанға боялғанын көрген. Жаралы ұшқышқа алғашқы көмек көрсетілген. Жолаушылардың арасында дәрігер де болған.
Экипаж мүшелері мен жолаушылар шабуыл жасаған адамды залалсыздандыруға да көмектескен.
Сауд Арабиясына ұшақты шұғыл қондырып, ықтимал әуе апатының алдын алған - бортта жолаушы ретінде отырған екі ұшқыш. CNN телеарнасының мәліметінше, олар келесі рейсті орындауы тиіс қосалқы ұшқыштар болған.
11:29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.