Жаңа парламент – жаңа тәртіп: Құрылтай қалай жұмыс істейді

ҚР жаңа парламенті – Құрылтайдың жұмыс тәртібін айқындайтын регламент бекітілді.


17/09/2026
10:44 0

Жаңа құжатта не жазылған?

 

Регламентте Құрылтай қызметін ұйымдастыру, оның үйлестіруші, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарын құру мен жұмысын жүргізу тәртібі белгіленген.

 

Сондай-ақ депутаттық бірлестіктерді, оның ішінде саяси партиялар фракцияларын, Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияны құру және олардың қызметін ұйымдастыру тәртібі айқындалған.

 

Регламент Құрылтай отырыстарын өткізу, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын ұйымдастыру, заң шығару бастамасын жүзеге асыру, заң жобаларын әзірлеу және оларды жұмыс органдарында талқылау тәртібін де қамтиды. Бұдан бөлек, депутаттар мен Құрылтай лауазымды тұлғаларының өкілеттігін жүзеге асыру тәртібі реттелген.

 

Конституциялық өкілеттіктерді жүзеге асыру мақсатында Регламент талаптарын сақтамай өткізілген депутаттар жиналысы заңсыз деп танылады. Мұндай жиында қабылданған актілердің заңды күші болмайды.

 

Құрылтай отырыстары қалай өтеді?

 

Құрылтай отырыстары сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар жұмада, ал Үкімет сағаттары дүйсенбіде өткізіледі.

 

Отырысқа депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат қатысса, Құрылтай шешім қабылдай алады.

 

Депутаттарға сөз сөйлеуге қанша уақыт беріледі?

 

Құрылтай отырыстарында сөз сөйлеу уақыты мынадай:

 

баяндамаға – 15 минутқа дейін;

 

қосымша баяндамаға – 10 минутқа дейін;

 

пікірталас кезінде сөйлеуге – 7 минутқа дейін, қайталап сөз алуға – 5 минутқа дейін;

 

сұрақ қоюға – 2 минутқа дейін;

 

сұраққа жауап беруге – 5 минутқа дейін;

 

рәсімдік мәселе бойынша сөйлеуге – 2 минутқа дейін.

 

Белгіленген уақыт аяқталғанда депутаттың микрофоны автоматты түрде өшіріледі. Қажет болған жағдайда отырысқа төрағалық етуші қосымша уақыт бере алады. Алайда ол екі минуттан аспауға тиіс.

 

Құрылтай жұмысы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазақ тілімен қатар орыс тілі де ресми түрде қолданылады.

 

Заң жобалары үш кезеңде қаралады

 

Регламент Құрылтайдың заң шығару жұмысын да нақтылайды. Заң жобаларын қараудың үш кезеңнен тұратын тәртібі енгізілген.

 

Заң шығару бастамасын:

 

Президент – арнайы жолдау арқылы;

 

Құрылтай депутаттары – ұсыну арқылы;

 

Үкімет – қаулы арқылы;

 

Қазақстан Халық Кеңесі – шешім арқылы жүзеге асыра алады.

 

Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны жетекші комитетке жібереді. Комитет жұмыс тобын құрып, құжатты әрі қарай пысықтайды.

 

Бірінші оқылымда Құрылтай заң жобасының мақсаты мен міндетін, негізгі ережелерін және оның тиісті салалардағы мемлекеттік саясатқа сәйкестігін қарайды. Сонымен қатар заң қабылданған жағдайда туындауы мүмкін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, экологиялық және өзге де салдарлар талқыланады.

 

Екінші оқылымда жетекші комитет әзірлеген салыстырмалы кестеге енгізілген түзетулер қаралады.

 

Үшінші оқылымда заң жобасының соңғы нұсқасы Конституцияға сәйкестігі және құқықтық олқылықтардың жойылуы тұрғысынан қаралады.

 

Ал халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау мәселелері екі оқылымда қаралады.

 

Қандай жағдайда шешім қабылданды деп есептеледі?

 

Құрылтай мен оның органдарының шешімдері дауыс беру арқылы қабылданады.

 

145 депутаттың жалпы санына шаққанда қажетті дауыс саны:

 

депутаттардың жалпы санының көпшілігі – кемінде 73 дауыс;

 

кемінде үштен екісі – 97 дауыс;

 

кемінде төрттен үші – 109 дауыс;

 

кемінде үштен бірі – 49 дауыс;

 

кемінде бестен бірі – 29 дауыс.

 

Шешім тиісті мөлшердегі депутат қолдаған жағдайда қабылданды деп есептеледі.

 

Құрылтай қабылдаған заңға Президент бір ай ішінде қол қояды және оны жариялайды. Сондай-ақ Президент заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта қарау және дауыс беру үшін Құрылтайға қайтаруға құқылы.

 

Көпшілік пен оппозицияның мәртебесі белгіленді

 

Регламентте Құрылтайдың Конституциялық сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылы да қамтылған.

 

Мәселен, Құрылтай Конституциялық соттың Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын отырыста тыңдайды. Жолдау талқыланбайды және оған қатысты сұрақ қойылмайды. Тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай жолдауды назарға алу туралы қаулы қабылдайды.

 

Құжатта Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі де нақты көрсетілген.

 

Құрылтайдағы көпшілік – депутаттық мандат саны ең көп саяси партия.

 

Құрылтайдағы оппозиция – Құрылтайда өкілдігі бар, бірақ көпшілік құрамына кірмейтін және әлеуметтік-экономикалық немесе қоғамдық-саяси мәселелер бойынша, әдетте, көпшіліктің ұстанымынан өзгеше позиция білдіретін саяси партия немесе партиялар.

 

Регламентте кадр мәселелерін қарау, депутаттардың құқықтық мәртебесі мен өкілеттігін жүзеге асыруы, сайлаушылармен жұмыс істеуі, отырыстар мен жұмыс органдарына қатысу тәртібі де белгіленген.

 

Депутаттарға сайлаушылармен байланыс орнату үшін өңірлер мен елді мекендерге баруға 10 күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай сапарлар Құрылтай Бюросының шешімімен ұйымдастырылады және бір сессия барысында кемінде екі рет өткізілуге тиіс.

 

Сонымен қатар регламентте Құрылтайдың халықаралық ынтымақтастығына қатысты мәселелер де реттелген.

 

Қаулы 10 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Поделиться

Нет комментариев.

17/09/2026 10:44
0

Уведомление