ҚЫРЫҚБАЕВ КІМНІҢ АДАМЫ?
Тоқаевтың медиа және идеология бойынша «жаңа» көмекшісі жайлы

Коллаж Masamedia.kz
Апта басында Ақордада тағы ауыс-түйіс болды. Бұдан былай Арман Қырықбаев – Тоқаевтың ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі.
Оның аты талай уақыт экс-президент Назарбаевтың сенімді адамы болған Бауыржан Байбекпен қатар аталып келгені мәлім. Жұрт кезінде Байбектің «идеологы» дескен Қырықбаев қалай Тоқаев командасындағы белді адамға айналып шыға келді?
49 жастағы Қырықбаев – Астананың тумасы. Алғашқы мамандығы – экономист. Кейін халықаралық қатынастарды оқып, еңбек жолын 1996 жылы Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Балтық жағалауы елдері басқармасының референті болып бастаған. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде атташе, Сыртқы істер министрлігінде хатшы болды.
2006 жылы идеология саласындағы қызметі басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2 жыл департамент, 2 жыл комитет басқарды. Министрдің орынбасары болды. 2010-2012 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды. Ол Серік Ахметовтың тұсында еді.
Бір қараған адамға Қырықбаевтың мансап жолы тақтадай тегіс көрінуі мүмкін. Алайда «ескі» һәм «жаңа» Қазақстанның призмасымен қарасаң, бұрылыс-бұралаңы, ой-шұқыры аз емес.
Айталық, экс-президенттің оң қолы болған Бауыржан Байбекпен бірге Алматы мен Астана ортасында көшіп-қонған жылдарының бүккені көп.
Байбек 2013-2015 жылдары «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болса, дәл сол уақытта Қырықбаев оның кеңесшісі болды.
2015-2019 жылдары Байбек Алматы әкімі болған тұста Қырықбаев оның орынбасары қызметін атқарды. Назарбаев Байбекті Астанаға қайта алдырып, Nur Otan тізгінін ұстатқанда, ол көп бөгелмей сенімді серігі Қырықбаевты өз қасына шақырып алды. Партияның хатшысы қылып тағайындады.
Қаңтар оқиғасына дейін Байбек-Қырықбаев тандемі табысты жұмыс істеді.
Қанды қырғыннан кейін Байбек елден үшті-күйлі жоғалды. Бірер жыл бұрын Германияда немістің әлдебір музыкантына ескерткіш қойып беріпті деген ақпарат тарағаны болмаса, оның нақты қай елді паналағаны жайлы тұшымды ақпарат жоқ.
Алайда Қырықбаев шекара асқан бастығының соңынан кеткен жоқ. Елде қалды.
Тоқаев оны бірден (2022 жылдың ақпанында) Алматыға, Досавтың қасына жіберді. «Ескі Қазақстан» өкілдері шетінен қысымға ұшыраған сын сағатта Қырықбаев екінші президенттің қалай тілін тапты?
Қазір тіпті ең сенімді адамдарының қатарына қосты. Саясаттанушылар Тоқаев-Қырықбаев қарым-қатынасы – кәсіби біліктіліктің мойындалуы, саяси сауаттылықтың жоғары бағалануының нәтижесі дегенге сеніңкіремейді. Бұл байланыстың өзегінде не барын ешкім тап басып айта алмайды.
Ал Тоқаевтың көмекшісі болғанға дейін Президент әкімшілігінде Қаңтар оқиғасынан кейін ашылған жаңа құрылымдық бөлішме – Коммуникациялар бөлімін басқарды.
Желіде Қырықбаевтың отбасы жайлы дерек там-тұм. Ғалия есімді әйелі, Фатима атты қызы бары белгілі. Әйелінің шағын бизнесі бар: PRIME LANGUAGES ЖШС. Алайда компания соңғы жылдары салық төлемегеніне қарағанда, жұмысы тоқтап тұрған болуы мүмкін.

Нет комментариев.