YouTube табысы жөнінен Disney-ді басып озды
Alphabet компаниясына тиесілі YouTube платформасы The Walt Disney Company-дің алдына шығып, 2025 жылы алғаш рет әлемдегі табысы жөнінен ең ірі медиакомпания деп танылды, деп хабарлайды Masa media.
YouTube-тың кіріс көзі
Инвестициялық зерттеумен айналысатын MoffettNathanson компаниясының талдауына сүйенсек, 2025 жылы YouTube-тың табысы 62 миллиард долларды құраған, бұл Disney компаниясының медиабизнесінен (ойын-сауық парктері мен круиз бағыттарын есепке алмағанда) сәл артық – 60,9 миллиард доллар.
Мамандардың айтуынша, платформаның табысының негізгі себебі – екі негізгі кіріс көзінің үйлесімі: жарнама және ақылы қызметтер. Жарнамадан түскен табыс 2025 жылы 40,4 миллиард долларға жеткен. Бұл төрт ірі Голливуд медиатобы – Disney, NBCUniversal, Paramount Global және Warner Bros. Discovery-дің жарнамалық кірісін қосқандағы сомадан (шамамен 37,8 миллиард доллар) асып түседі.
Қосымша өсімге YouTube TV, YouTube Premium, YouTube Music және NFL Sunday Ticket спорттық пакеті сияқты жазылым қызметтері үлес қосқан. Барлығы шамамен 22 миллиард доллар табыс әкелген. Осылайша, платформаның кірісінің шамамен үштен бірі жазылымдар арқылы түскен.
Дәстүрлі медиакомпаниялардан ерекшелігі
YouTube-ты дәстүрлі медиакомпаниялардан ерекшелендіретін тағы бір фактор – контент жасау моделі. Көптеген видеолар тәуелсіз авторлар тарапынан дайындалады, ал платформа олармен табысын бөліседі: стандартты видеолардан түскен жарнама кірісінің шамамен 55%-ын авторлар алады.
YouTube тек мобильді құрылғыларда ғана емес, теледидарларда да белсенді түрде кеңейіп келеді. Nielsen мәліметтері бойынша, АҚШ-та платформа теледидар экрандарында қаралым бойынша жетекші орынға ие, ірі медиакомпаниялардың бірлескен стримингтік сервисінен асып түседі.
Алайда, YouTube-тың жарнамадан түскен табысы Meta сияқты технологиялық алыптардан айтарлықтай төмен. Мәселен, Meta 2025 жылы жарнамадан шамамен 196,2 миллиард доллар кіріс түскен, ал Alphabet іздеу нәтижесіндегі жарнама арқылы 224,5 миллиард доллар табыс тапқан.
Дегенмен MoffettNathanson YouTube-ты табысы жөнінен «әлемдегі ең ірі медиакомпания» деп атады және оның әлеуетті құнын 500–560 миллиард доллар деп бағалайды.
20:14
62
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.