«Тоққа соқтырды, суға тұншықтырды». Түрмеден келген хат

Абақтыдан жазылған хат


05/03/2022
13:15 6303 0

Наурыздың 4і күні әлеуметтік желіде қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, Алматыдағы СИ18 түрмесіне қамалған Самат Нұрмұхановтың жұбайы Сандуғаш Әбдіқадіроваға жазған хаты тарады. Самат Нұрмұханов хатында ішкі істер департаментінде соққыға жығылып, азапталғанын жазған.  Осыған байланысты кеше біз Сандуғаш Әбдіқадіровамен сұхбаттасып, мәселенің мән — жайын білген едік

 

«ҰСТАП ӘКЕТКЕЛІ КҮЙЕУІМДІ БІР-АҚ РЕТ КӨРДІМ» 

 

— Күйеуімді 15 қаңтарда митингке қатыстың деп алып кеткен. Митингке бесі күні (қаңтарда — ред) барған, ол рас. (Күйеуім — ред) сол уақытта Азаттық радиосына сөйлегенін, мұңын жеткізгенін айтқан. Видеолары бар. 15 — і күйеуімді алып кетті... ҚР ҚК 272 баптың 2 тармағы (Жаппай тәртіпсіздік — ред) бойынша жатыр. Сондай айып тағып отыр. 8 ақпанда бір-ақ рет көрдім. Біз азаматтық некеде болғандықтар, қоғамдық қорғаушы мәртебесін берген жоқ. Бір рет ғана кездесуге рұқсат берді. Одан басқа берген жоқ. Бүгін таңертең хабарласқанымда, келесі апта шешеміз деді. 

 

«ТОҚҚА СОҚТЫРДЫ, СУҒА ТҰНШЫҚТЫРДЫ»

 

— Хат кеше ғана қолыма тиді. Бір бала хабарласып, күйеуіңіз Самат хат беріп жіберді деді. 

 

Редакциядан: Сұхбат барысында Сандуғаш Әбдіқадірова хатты толық оқып берді. Бірақ оның мәтіні ұзақ болғандықтан, біз оны ықшамдап беруді жөн көрдік. Хатта жазылған мәтін өзгертусіз берілді.

 

 «Сандуғаш, жаным!

Адам баласы төзе алмайтын азаппен азаптады. Сөзбен жеткізе алмаймын. Тоққа да соқты, суға тұншықтырды. Одан аяғымызды асып, аяқ, қабырға, ішіміз, өкпе, бүйрек, бәрін түсірді.

Мен тек сендерді ойлап, әйтеуір, ең болмаса, сендерге тимесин деп жүрмін. Кешір мені, сенің аяғың ауыр.

Кішкентай Нұрайшамды, жанымды, Сабикошым менің, маған тартқан мінезі де. Біржанды ұлым, оқымай қол қоя бердім соққының астында.

Кешір мені, жаным, мен өз қара басымды ойламадым.

Есіңде болсын, бала-шағама айт, үйрет, мен кінәлі емеспін үкімет алдында.

Мен шаршадым қорлықтан, соңғы демім таусылғанша. Сен барсың менде, маған сенетін жаным менің, аппағым, күнім менің, жалғызым менің, бетіңнен сүйдім қатты-қатты» 



«ҰРЫП-СОҒЫП, ӨЛ ДЕП ТАСТАП ОТЫР ОНЫ»

 

— Қазір үш ай болды. Жарасы асқынып жатыр. Дәрі-дәрімек қабылдамаса, ызғар жерде жатса, ұрып-ұрып, өл деп тастап отыр оны. Мені кіргізбей жатыр. Жағдайы қалай екенін білмеймін. Ол кісінің ұсталғанға дейін құлағы естімейтін. Бір құлағы мүлде естімейді, бір құлағы аппаратпен еститін. Алдында барғанымда естімейді, терезеден жазып көрсетіп сөйлестім. Ол кезде маған ұрды-соқты деп айтқан жоқ. Бірақ, демалғанынан байқадым. Демді ақырын-ақырын жұтып отырды. Еңгезердей еркек еді, он бес күннің ішінде үңірейген көзі ғана қалған. Мен өзім шошып кеттім. Басқа адаммен сөйлесіп отырғандай болдым. 

 

«КҮЙЕУІМНІҢ ХӘЛІ МҮШКІЛ»

 

— Адвокатымен сөйлескенде маған «кездесуге келсе келсін, бірақ передача ешнәрсе әкелмесін» депті. Мені тамақ тасып қиналмасын деген ғой. «Өзін күтсін, балаларды күтсін, мені алаңдамасын» деп айтыпты. Мен бұл жерде барлық жағынан күмәнданып отырмын. Адвакаттан да күмәнданамын. Күйеуім шағымдана беретін адам емес. Хатта «мен бұны оңайлықпен жазып отырған жоқпын» деген. Күйеуімнің хәлі мүшкіл болып отыр. Мен қазір неше түрлі ойға кетіп отырмын. Не ойларымды білмеймін. Хатта қолданылған сөздер, қолы барлығы менің күйеуімдікі. 

 

«ЖАЛҒЫЗ АСЫРАУШЫМЫЗ КҮЙЕУІМ ЕДІ»

 

— Күйеуімді ұстағанға дейін Айгерімде (ықшам аудан — ред) тұрдық. Одан кейін ол жерден көшуге мәжбүр болдық. Содан бері әр жерде жүрдік. Мына үйге кеше ғана көшіп келдік, Айжан Хамит деген кісі көмектесті бізге. Қазір сол халықтың көмегімен ғана отырмыз. Жалғыз асыраушымыз күйеуім еді. Басқа кіріс жоқ бізде. Үкіметтен ешқандай жәрдемақы алмаймыз. Мен көпбалалы ана емеспін. 

 

«БҰЛ БЕКЕРДЕН БЕКЕР ЕМЕС»

 

— Таңертең органдардан Шапағат Әзімбаев па, Әзімов па, ұмытып қалдым, сол кісі хабарласты. Сіздің күйеуіңіздің ісін қолымызға алдық, қалай болғанын, жағдайын барып көреміз, сіз уайымдамаңыз деді, болды. Ал қоғамдық қорғаушылар тек қана 18 — і кіре алады. Бағана хабарласып, сол күнге рұқсат алғандарын айтты. Беталбаты ол жаққа кіргізе бермейді. Он сегізіне дейін қай уақыт? Мен дәл қазір күйеуімнің жағдайын білуім керек. Бұл бекерден бекер емес. Маған хатта келді смс-те келді. Хат келгеннен кейін, кешке қарай бір келіншек вацапқа  «Сандуғаш, дереу кездесуге бар» деп жазды. Сөйтсем, ол кісі түрмеге өзінің баласына барған екен. Сол кезде баласы менің атым мен телефон нөмерімді беріп, «мына кісі сизоға дереу келсін» деп айтыпты…

 

«БАС ПРОКУРАТУРА ЖАУАБЫ»

 

Самат Нұрмұхановтың хаты әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс туғызғаннан кейін, кеше ҚР Бас прокуратурасы  мәлімдеме таратты. Онда Алматы қаласы прокуратурасының арнайы тексеру жүргізгендігі жөнінде, Нұрмұхановтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы жөнінде айтылған. Бұдан бөлек, мәлімдемеде Самат Нұрмұхановтың қаңтар оқиғасы кезінде елді жаппай тәптіпсіздікке шақырып, шенеуніктерді өлтіруге үндеген

 делінген. 

 

—  Самат Нұрмұханов бұрын прокуратура органдарына жүгінбеген.

Оның хатында көрсетілген мәліметтер бойынша Алматы қаласының прокуратурасы тексеру жүргізді. Нәтижесінде оның арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, С.Нұрмұхановтың Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктің белсенді қатысушысы деген күдікпен ұсталғанын атап өту қажет.

Ол «Алматы Арена» стадионы мен Республика алаңында орын алған тәртіпсіздіктерге тікелей қатысқан. 

Атап айтқанда, С.Нұрмұханов шенеуніктерді өлтіруге, қазіргі билікті құлатуға шақырып, «Алпамыс» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған.

2022 жылғы 15 қаңтарында С.Нұрмұханов соттың санкциясымен қамауға алынды. 

Тергеу изоляторында С.Нұрмұхановты дәрігерлер бірнеше рет қарады, қандай да бір дене жарақаттары анықталмаған.

Бүгін прокурордың талабы бойынша дәрігерлер С.Нұрмұхановтың денсаулығын тағы да тексерді. Оған «бронхит» диагнозы қойылды. Басқа шағымдары жоқ, делінген мәлімдемеде.

 

Маsa.media тілшісі Алматы қаласы прокуратурасына хабарласып, іске қатысты ақпарат алғысы келген. Бірақ Бауыржан Тулендинов есімді прокуратура қызметкері кеше Бас прокуратура жауап бергенін алға тартты. Ал Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек телефонын көтермеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

05/03/2022 13:15
6303 0

Уведомление