Популярные тэги

Түңілу, ызалану, шешім іздеу: қымбатшылықтан қысылған халықты не күтіп тұр

Threads әлеуметтік желісінде жыл басталғалы талқыланып жатқан басты тақырып – қымбатшылық. Қолданушылар азық-түлік бағасының күрт шарықтағанын, айлық шайлыққа жетпей, күн көру қиындап кеткенін жарыса жазып жатыр.


24/01/2026
12:29 54 0

Қымбатшылықтан түңілгендер

 

«Құрметті қазақстандықтар, жаңа жылдан бастап азық-түлік қалай қымбаттағанын байқадыңыздар ма? Magnum-нан тауарларды жеңілдікпен алғанның өзінде шағын ғана себет үшін бүгін 17066 тг төледім. Бұл ары кетсе 3 күнге жететін азы-түлік, тіпті ет те алған жоқпын. Не болып жатыр өзі? Мұндай инфляция қайдан шықты? Халық қалай күн көріп жатыр?»,  - деп жазды @amissara есімді қолданушы.

 

Жазбаның астында пікір қалдырғандардың бір тобы қатаң үнемге көшіп, азық-түліктен басқа шығындарды қысқартқандарын айтқан. Айлық шайлыққа жетпейтінін жарыса жазғандар көп. «Иә, қарақұмықты жаңа жылға дейін 560 теңгеден алғам, бүгін барсам 940 теңге болып кетіпті», «Ет сатып алуды әлдеқашан тоқтаттым, үнемдеуге тырысып жатырмыз», «Өткен жылы 40 мың теңге шамасында төлейтін себет биыл 60 мың теңгеден асып кетті» деп мұңын шағады халық.

 

Билікке ызалылар

 

Ал екінші топ билікке наразылықтарын білдіріп, бәріне бас шұлғып келісе беретін халықтың енжарлығына ызаланған.

 

«Билікке алғыс айтыңдар! Қазынаның бәрін тонады, енді біздің есебімізден толтырып жатыр», «Осылай жалғаса береді енді, өздерің үндемейсіңдер, бәріне келісе бересіңдер» деп айыптаушылар да, «Басқа не істей аламыз? Көтерілсек, көтерілді деп түрмеге тығады. Бір дыбыс шығарсаң, заңға қайшы әрекет дейді. Менің 5 балам бар, солар үшін тыныш отырмыз, әйтпесе әлдеқашан айғайлап шығар едім» деп шарасыздықтары үшін ақталушылар да бар.

 

 

Сыни пайымдаушылар

 

Қымбатшылық туралы талқылауларға белсене қатысқан үшінші топ – сыни пайымдаушылар инфляцияның неден туғанын түсіндіруге тырысып баққан.

 

«Инфляцияның себебі не?

1. Халықтың саяси енжарлығы

2. Жаттанды шарасыздық синдромы

3. «Өзім аман болсам болды, басқалары бірдеңе қылар» деген ұстаным

4. «Жоғарыдағылар не істеу керегін біледі, мен саясатқа қызықпаймын» деген сауатсыздық.

5. «Өзгелердің істейтін жұмысы болмаса, митингіге шыға берсін» деген немқұрайдылық» деп жазыпты @rem.qn аккаунтының иесі.

 

Шешім іздеушілер

 

Төртінші топ – кеңес берушілер, тығырықтан  шығатын жол көрсетушілер, оптимистік көзқарасымен жігерлендірушілер. «АҚШ, БАӘ, Монако, Швейцария, Аустралия сияқты елдерге көшу керек. Қазақстан Гонконг емес, түсіну керек», «Артық төлемес үшін көтерме базарға барып, екі-үй айдың тамағын алдын-ала алып қою керек», «400 мың теңгеден артық табыс табатындардың қалтасына қымбатшылық аса салмақ сала қоймайды. Зейнетақы мен жәрдемақы 10% көтерілді, мұндайды қай елден көрдіңдер?» дейді олар.

 

1990 жылдардағы дағдарыс

 

Бұдан бұрын TengeTalks-қа берген сұқбатында экономист Марат Қайырленов Қазақстандағы дағдарыс ең ауыр сценарий бойынша өрбіп отырғанын айтқан.  Оның айтуынша, қазір адамдар табысының шамамен 60 пайызын тек азық-түлікке жұмсайды. Ал қалған ақша коммуналдық төлемдер мен жолақыға кетеді. Мұндай шығын құрылымы 1990-жылдардағы дағдарысты еске салады.

 

 

– Дағдарыс ең ауыр сценарий бойынша өрбіп жатыр. Нақты табыстың құлдырауы күшейе береді. Ал бұл неге әкеледі? Адамдардың табысы бір ай, екі ай, үш ай, тіпті бес ай қатарынан азайса, олардың шығын құрылымы өзгереді. Қазір 90% азамат табысының шамамен 52%-ын тамаққа жұмсайды. Ал табыс 10%-ға азайса, бұл үлес 60%-ға дейін өседі. Бұл – 90-жылдардағы жағдай: ақша тек тамаққа, коммуналдық төлемдер мен жолға ғана жетеді, – дейді экономист.

 

Азық-түлік инфляциясы: ресми статистика не дейді?

 

2025 жылы ел үкіметі инфляцияны тежеу мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау арасындағы тепе-теңдікті таппай жанталасты. Бір жағынан, Үкімет қабылдаған коммуналдық тарифтерді өсіруге мораторий инфляцияның үдеуін шектесе, екінші жағынан, азық-түлік, жанармай, тауарлар мен қызметтер құны шарықтады.

 

Өткен жылы инфляцияның ең ауыр салмағы азық-түлік нарығына түсті. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда:

 

сиыр еті – 32,1%,

қой еті – 28,8%,

шұжық өнімдері – 19,3%,

алма – 18,4%,

күнбағыс майы – 17,5%,

балық және теңіз өнімдері – 16,5%,

алкогольсіз сусындар – 16,3%,

сары май – 13,9%,

сүт және қышқыл сүт өнімдері – 11,2%,

құс еті – 10,7% қымбаттады.

 

 

Азық-түлікпен қатар, азық-түлік емес тауарлар нарығында да баға айтарлықтай өсті:

 

зергерлік бұйымдар – 38,2%,

кір жуғыш машиналар – 17,7%,

киім мен аяқ киім – 10,8%,

жеке пайдалануға арналған тауарлар – 9,4%.

 

Сондай-ақ, 2025 жылы жанармай мен қызметтердің де қалтаға салмағы артты:

 

баллондағы сұйытылған газ 23,2%-ға,

АИ-92 бензині 16,0%-ға,

АИ-95/96 бензині 14,1%-ға,

тұрғын үйді жалға алу – 14,8%,

денсаулық сақтау қызметтері – 14,5%,

қоғамдық тамақтану – 14,0%,

көлік қызметтері – 10,9%,

білім беру қызметтері – 8,6%.

 

Биыл не болады?

 

Сарапшылар 2026 жылы  Қазақстан халқының табысы өспейтінін, теңге бағамы әлсіреп, салық реформасының салдарынан сауда саласының өсімі тежелетінін болжайды.

 

Halyk Finance талдау орталығының шолуына сәйкес, желтоқсанда жаңа жыл алдындағы сатылымдар есебінен бөлшек сауда жанданса да, жалпы 2025 жылы бұл сала айтарлықтай баяулаған. 2026 жылы көтерме және бөлшек сауданың өсу қарқыны одан әрі баяулай түседі дейді мамандар. Ең алдымен, халық табысы ЖІӨ өсімінің бәсеңдеуіне және екі таңбалы инфляцияға байланысты тоқырай береді деп болжанып отыр.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/01/2026 12:29
54 0

Уведомление