Популярные тэги

Спорт та – саясат: Футболдан әлем чемпионаттарын қай елдер бойкоттады?

Осы күнге дейін 25-тен астам ұлттық құрама әлем біріншіліктеріне қатысудан бас тартқан. Олардың наразылығын тудырған не?


12/03/2026
06:51 33 0

Биыл жазда АҚШ-та футболдан әлем чемпионаты өтеді. Иранның спорт министрлігі ұлттық құрама көп күткен додаға қатысудан бас тартқанын ресми түрде мәлімдеді. Иран құрамасы әлем біріншілігінен бас тартқан алғашқы команда емес. Бұған дейін де 25-тен астам ұлттық құрама чемпионатқа бойкот жариялаған.

 

Masa media 4 жылда бір рет өтетін айтулы футбол бәсекесінің тарихына үңіліп, әр жылдары қандай командалар және қандай себеппен додаға қатысудан бас тартқанын еске алды.

 

2026 жыл. АҚШ-та өтетін әлем біріншілігі

 

Иранның спорт министрі Ахмад Доньямалидің мәлімдеуінше, елдегі күрделі жағдай командаға футболдың ең ірі турниріне қатысуға мүмкіндік бермейді.

«Иранға қарсы жүргізілген қатігез әрекеттерге байланысты – сегіз-тоғыз ай бойы бізге екі соғыс таңылды, олардың салдарынан мыңдаған азаматымыз қаза тапты – осындай жағдайда әлем чемптонатына қатысуға ешқандай мүмкіндік жоқ», – деп келтіреді оның сөзін TV2 телеарнасы.

Топтық кезеңдегі үш ойынын да Иран АҚШ-та өткізуі тиіс еді. Құрама Бельгия, Мысыр және Жаңа Зеландия құрамаларымен бір топқа түскен.

 

Қазірге дейін Ираннан басқа ресми түрде бас тартқан елдер жоқ. Алайда қаңтар айында Economist журналының журналисі Шашанк Йоши Гренландия төңірегіндегі дау аясында Еуропада жазда ішінара АҚШ-та өтетін әлем чемпионатын бойкоттау идеясы талқыланып жатқанын айтқан.

 

1934 жыл. Италиядағы әлем чемпионаты

 

1930 жылы өткен алғашқы әлем чемпионатында Уругвай жеңіске жеткен болатын. Алайда 1934 жылы Италияда өткен келесі турнирде команда өз атағын қорғаудан бас тартты. Оңтүстік америкалық ел мұның себебін Еуропаның жетекші құрамалары (оның ішінде Испания, Италия және Англия) 1930 жылғы чемпионатқа келмегендігімен түсіндірді.

 

1930 жылғы ӘЧ. Уругвай құрамасы Югославияны 6:1 есебімен жеңген сәт.

 

Осы күнге дейін Уругвай – әлем чемпионатын жеңіп алып, келесі турнирге қатыспаған жалғыз команда болып отыр.

 

Әлем біріншілігін бойкоттауға Боливия мен Парагвай да қосылды. Кейінірек Чили мен Перу құрамалары іріктеу кезеңінен бас тартты.

 

1938 жыл. Франциядағы әлем чемпионаты

 

1938 жылы Францияда өткен әлем чемпионатына Аргентина мен Уругвай құрамалары FIFA саясатына келіспегендіктен қатысудан бас тартты.

 

1938 жылғы ӘЧ. Италия құрамасы жеңімпаз атанды.

 

Аргентина футбол федерациясы әлем чемпионаты Оңтүстік Америка мен Еуропа арасында кезектесіп өтуі тиіс деген ұстанымын алға тартты. Турнирдің қатарынан екі рет Еуропада өткізілуі ұйымның наразылығын туғызды.

 

1950 жыл. Бразилиядағы әлем чемпионаты

 

Бразилияда өткен турнирге жолдама алған Үндістан құрамасы әлем чемпионатына қатысудан бас тартты. Нұсқалардың бірі бойынша, Үндістан футбол федерациясының ұлттық команда турнирде тек жалаңаяқ ойнайды деген мәлімдемесі қолдау таппаған. Шенеуніктер үнді футболшылары бала кезінен допты аяқ киімсіз теуіп үйренгендіктен, солай ойнау оларға ыңғайлы болады деп түсіндірген. Алайда FIFA бутсысыз ойнауға тыйым салды.

 

1950 жылғы ӘЧ. Бразилия құрамасы.

 

Тағы бір нұсқа бойынша, кейбір ресми тұлғалар әлем чемпионатын аса маңызды турнир деп санамағандықтан, оған қаржы жұмсауды жөн көрмеген.

 

1958 жыл. Швециядағы әлем чемпионаты

 

Түркия, Индонезия, Мысыр және Судан құрамалары 1958 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Израильге қарсы ойнаудан бас тартты.

 

1985 жылғы ӘЧ. Пеленің дебюті

 

Нәтижесінде Израиль қарсылассыз қалып, плей-офф кезеңіне дейін жетті. Бірақ шешуші матчта Уэльс құрамасына есе жіберді.

 

1966 жыл. Англиядағы әлем чемпионаты

 

1966 жылы Англияда өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңін Африканың 15 құрамасы бойкоттады. Бұған 1964 жылы FIFA -ның Африка, Азия және Океания аймақтарына финалдық кезеңге бар болғаны бір ғана жолдама беру туралы шешімі себеп болды. Африка елдері мұны әділетсіз деп санап, 15 құрама бірауыздан іріктеу кезеңінен бас тартты.

 

1966 жылғы ӘЧ. Англия құрамасы жеңімпаз атанды.

 

Бұл бойкотқа Оңтүстік Африка Республикасы қосылмады. Алайда елдегі апартеид саясатына байланысты оған әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі берілмеді.

Поделиться

Нет комментариев.

12/03/2026 06:51
33 0

Уведомление