Оңшылдар мен солшылдар бір-бірінен несімен ерекше?

Неге адамдар осылай бөліне бастады және бұл нені білдіреді




Cаясатта алғаш «оңшылдар» және «солшылдар» деп бөліну француз төңкерісі кезінде (1789–1799) жергілікті ұлттық конвентте (парламент) пайда болды. Ол кезде конституциялық монархия мен қоғамда қалыптасқан тәртіпті жақтаушылар, фельянттар залдың оң жағында отырды. Ортада республиканы қолдаушылар — жирондистер отырды. Сол жаққа түбегейлі өзгерістерді талап еткен якобиндер орналасты. 

 

Содан бері қоғамда бұрыннан бар тәртіпті, статус-квоны сақтағысы келетіндерді оңшылдар, ал өзгеріс болсын дейтіндерді солшылдар деп атайды.

 

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында солшылдар жұмысшы тап пен шаруалар мүддесін жақтады. Олар үшін басты құндылық әлеумет пен экономикадағы теңдік болды. Олар қоғамды тапқа қарап бөлуге қарсы шығып, мемлекеттің экономикаға белсенді араласып отыруы мен жеке меншікті шектеу не жою үшін күресті.

 

Оңшылдар ақсүйектер мен буржуазия мүддесін қорғады. Олар үшін ең жоғары құндылық жеке еркіндік болды.  Нәтижесінде табиғи теңсіздік идеясы пайда болды. Сонымен бірге олар капитализм идеяларын қолдап, мемлекет экономикаға барынша аз араласуы керек деген пікірде болды.

 

Уақыт өте келе бұл саяси қөзқарастар қатты өзгерді. Қазір адамдар оңшылдар, солшылдар деп бөліне бермейді. Бұлар — абсолют емес, шартты түсінік екенін ұмытпаған жөн.

 

Саясаттануда «Таға теориясы» деген бар. Оған сәйкес радикал оңшылдар мен радикал солшылдар центристерге не оңшылдар мен солшылдарға қарағанда бір-біріне әлдеқайда жақын болады. Кейде ғалымдар фашистік Германиядағы режим (оңшыл) мен КСРО-дағы коммунизмнің (солшыл) кейбір ұқсастығын осы теориясына сүйеніп түсіндіреді. Бірақ бұл жерде екі режим де тоталитар болғанын ескерген жөн.

 

Сондықтан адамның саяси көзқарасын анықтау үшін «оң-сол» көлденең шкаласымен қатар мемлекеттің адам мен қоғамды бақылау дәрежесін көрсететін «авторитаризм-либерализм» вертикаль шкаласы  қолданылады.

 

 

Экономикада «оншылдар мен солшылдар» түсінігі баяғы кейпінде қалды: солшылдар мемлекет меншігі мен мемлекет бақылауын, ал оңшылдар нарықтың еркін болуын жақтайды. Әлеуметте қазіргі оңшылдар көбіне ұлттық, ішкі мүдделерді халықаралық алаңдағы мүдделерден жоғары қойып, көші-қонға қарсы, дәстүрлі көзқарастарды ұстанады. Ал солшылдар, керісінше, либерал көзқарасты ұстанады. Бірақ бүгінде мұндай партиялар азайып жатыр. 

 

 


 

 

Солшылдар:

 

— Коммунистер;

— Социалистер;

— Социал демократтар;

— Анархистер;

 

Солшылдар мыналарды жақтайды:

 

— Мемлекеттің экономикаға әсері;

— Жағдайы жоқ адамдарға көмек беру;

— Теңдік;

— Мәдениеттің түрлі болуы, көші-қон;

— Әлеуметтегі әділдік  пен ресурстарды бөлу.

 

 

Оңшылдар:

 

— Консерваторлар;

— Ұлтшыл демократтар;

— Либертариандар;

— Ұлтшылдар. 

 

Оңшылдар мыналарды жақтайды:

 

— Еркін бизнес;

— Нарық экономикасы;

— Бәсекелестік;

— Қатаң сыртқы саясат;

— Индивидуализм;

— Ұлт бірегейлігін сақтау.

 

 


17/12/2020 13:29 6891 0

17/12/2020
13:29 6891 0

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление