Қазақстан бірінші Конституциясынан неге бас тартты?
Елдің тұңғыш негізгі заңына 28 жыл толды
МАЗМҰНЫ
1993 жылы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстан өз Конституциясын шығарды. Қазір көптеген саясаттанушы оның қазіргісіне қарағанда әлдеқайда демократиялық екенін айтады. Олай болса, Назарбаев оны неге алып тастап, басқа Конституция шығарды?
БІРІНШІ КОНСТИТУЦИЯ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНДЫ?
Бірінші Конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда сол кезде Жоғарғы Кеңес деп аталған бір палаталы парламенттің ІХ отырысында қабылданды. Оны 312 депутаттың 309-і жақтап, екеуі қарсы шықты, біреуі дауыс беруден бас тартты. Оған дейін елде Қазақ ССР Конституциясы жарамды болған еді.
— Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында электрон таблода дауыс беру нәтижесі көрінгенде зал ду қол шапалақтап дүр сілкінді. Залда «Қазақстан жасасын!», «Конституция жасасын!» деген дауыстар жан-жақтан естіле бастады. Кейбір депутаттың көзінен қуаныш жасын байқап қалдым, — деп жазды сол кездегі Қазақстан президенті Н. Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірлері» деген кітабында.
Сессия аяғында Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин жаңа Конституцияны президентке тапсырып, ескісін Орталыққа музейге тапсырды.
Кейін 28 қаңтар Конституция күні мемлекеттік мейрам күні боп белгіленді.
ОЛ ҚАНДАЙ ЕДІ?
Бірінші Конституция төрт бөлім, 21 тарау мен 131 баптан тұрды. Қазіргісі тоғыз тарау, 98 бапқа бөлінген. Біріншісінде мемлекеттің тәуелсіз екені, биліктің үш тармаққа — заң шығарушы, атқарушы және сотқа бөлінетіні, мемлекет басшысы — президент, мемлекеттік тіл — қазақ тілі екені алғаш рет жазылды.
Алғашқы Конституция бойынша Қазақстан парламенттік республика болған еді. Бұл дегеніміз — Жоғарғы Кеңестің өкілеті президенттікіне қарағанда көбірек. Ол кезде парламент:
-
-
-
-
-
- Жалғыз заң шығарушы орган болды.
- Заңдардың орындалуын қадағайлайтын еді;
- Халықаралық құжаттарға қол қойып, ратификациялайтын;
- Президентке премьер-министр, оның орынбасарын, сыртқы істер, қорғаныс, қаржы, ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (КНБ) басшысын тағайындауға рұқсат береді не бермейді. Қазір сыртқы және ішкі істер министрін президент өзі, ешкіммен келіспей тағайындайды.
- Бас прокурорды тағайындайды;
- Жоғарғы сот, Конституциялық сот, Жоғарғы арбитраж судьясын тағайындайтын;
- Соғыс ашып, бейбітке келуге қатысты шешімдер шығаратын.
-
-
-
-
Ал президент:
-
-
-
-
-
- Атқарушы биліктің ең жоғарғы тұлғасы;
- Бес жылға сайланады;
- Елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқығы мен еркіндігіне қатысты қажет іс-әрекетке жауапты;
- Министрлер соның алдында жауап беретін;
- Ел атынан сөйлейді;
- Жоғарғы Кеңес қабылдаған заңға қол қояды. Оны екі апта ішінде қайтарып жіберуге хақы бар. Қайтармаса, қол қойды деген сөз.
- Қауіпсіздік кеңесін құрады;
- Мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді;
- Жоғарғы Кеңеске әр жыл сайын елде не болып жатқаны туралы есеп береді.
-
-
-
-
Сонымен қатар ол кезде вице-президент деген лауазым болған. Президент өз орнынан мерзімінен бұрын кетсе не қайтыс болса, оның өкілеті вице-президентке уақытша өтетін еді.
НЕГЕ БАСҚА КОНСТИТУЦИЯ ҚАБЫЛДАНДЫ?
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы басты заңының күші 1995 жылы жойылып, қазіргі қолданыстағы Конституция өз күшіне енді.
Назарбаев жаңа Конституция керегі жөнінде былай деген:
«Бірінші Конституцияда билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталмаған. Президенттің қашан парламентті тарқатып, парламенттің президентті қашан орнынан босата алатыны нақтыланбаған».
Бірінші негізгі заңды жасауға атсалысқан көптеген депутат бұл ойға келіспейді. Олардың айтуынша, Назарбаев өзіне берілген билікке қанағаттанбаған.
— Бірінші Конституцияның барлық бағыты демократия болатын. Мына биліктің арасында билікті бөлу атқару, заң шығару, сот әрқайсына өзінің міндеттері ашық айдан анық, күннен жарық болып жазылған. Оның барлығы президентке ұнамады. Сол себепті Жоғары кеңестің екі шақырылымын қуып жіберіп, өз конституциясын өзі үшін жасады. (...) Жыл сайын конституцияға түсіп жатқан өзгеріс, президенттің өзіне керегін жазып өзгерткен дүние. Кейде президент өзіне керегін өткізу үшін парламентке ананы берем, прокуратураға ананы берем деп жұртты алдаусыратады. Айналып келгенде оның барлығы президенттің қолындағы дүние, — деген Серікболсын Әбдилдин The Qazaq Times-қа.
Серікболсын Әбділдин. Фото: qazaqtimes.kz
Кейбір саясаткер басқа пікірде. Сол кезде Жоғарғы Кеңес депутаты Петр Своик «ерте ме, кеш пе, бәрібір жаңа заң қабылданар еді» дейді.
— 1993 жылғы Конституция өтпелі кезең, сол кезеңге сай заң еді. Онда мемлекеттің тәуелсіз екені, билік үш тармақты екені жазылған. Бірақ ол елде қос билік орнатқан еді. Атқарушы мен заң шығарушы биліктің шектері көрсетілмеген, — дейді қоғам қайраткері masa.media-ға.
БІРІНШІ КОНСТИТУЦИЯ ҚАЛАЙ АЛЫП ТАСТАЛДЫ?
1993 жылы бірінші Конституцияны жасаған Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымы өз-өзін тарқатты. Кейін парламент сайлау болып, 13-шақырылым құрылды, бірақ ұзаққа бармады.
Ол журналист, қазір Назарбаевтың жақтасы саналатын Татьяна Квятовскаяның Конституциялық сотқа арызынан кейін тарқатылды. Ол кезде Квятовская Алматыда Абылайхан аумағынан парламент сайлауға түскен еді. Бірақ жеткілікті дауыс жинай алмайды. Бұған келіспеген Татьяна Конституциялық сотқа барып, өз аумағының сайлау қорытындысын жарамсыз деп тануын талап етті. Кейін іс барысында ол сайлау нәтижесін санау Конституцияға сәйкес келмейді деп, сайлаудың бар қорытындысын заңсыз деуін талап етті. Ал сот оны қанағаттандырды. Осылайша 1995 жылы 6 наурызда президент шақырылымды тарқатып, Жоғарғы Кеңесті мүлдем алып тастады.
Сарапшылар «Назарбаев соңғы екі шақырылымды ұнамаған соң тарқатып жіберді» деп ойлайды.
— 13-шақырылымның төрағасы боп президентке жақтас, кейін оның қолын сүйген Әбіш Кекілбаев тағайындалса да, бәрібір Назарбаев депутаттарды басқара алмады, үкімін жүргізе алмай-ақ қойды, — дейді Петр Своик.
Петр Своик
Кейін президент жаңа Конституцияны жасайтын жұмыс тобын құрды. Заң жобасын әуелі Қазақстан халқы ассамблеясы, кейін халық талқылаған, өзгерту енгізген. Заң парламентте қаралмады.
— Бір айда Қазақстан халқы елдің басты құжатын оқып, оған өзгерту енгізе алмас еді. Оның ол кезде саяси білімі өте төмен болды, — дейді бұрынғы сенатор Зәуреш Батталова Steppe-ке.
1995 жылы 28 шілде мен 30 тамыз аралығында елде жаңа Конституция қабылдау немесе қабылдамау жөнінде референдум өтті. Оған сайлаушылардың 90 %-ы келіп, оның 90 %-ы өзгеріске «иә» деп жауап берген.
СОНЫМЕН НЕ ӨЗГЕРДІ?
-
-
-
-
-
- Қазақстан парламенттік емес, президенттік республика болды;
- Жоғарғы Кеңес жойылып, орнына екі палаталы (Сенат пен Мәжіліс) парламент келді.
- Парламенттің бірнеше функциясы президентке өтті. Мысалы, заң шығаруға енді парламент ғана емес, үкімет пен президент қатыса алады. Бас прокурорды парламент емес, президент тағайындайтын болды.
- Парламент бюджеттің жұмсалуын қадағалай алмайды, қазір тек талқылайды;
- Парламент заңдарға түсініктеме беру құқығынан айырылды. Қазір мұндай құқы бар ресми орган жоқ.
- Жоғарғы Абритраж соты мен Конституциялық сот жойылды. Тек Жоғарғы сот қалды. Конституциялық соттың функциясы — Конституцияны қорғау. Бұрын оған қарапайым азаматтар жүгіне алатын еді. Қазір соның орнына құрылған Конституциялық кеңеске тек президент, судьялар мен депутаттар бара алады.
-
-
-
-
Қазіргі Конституцияға кейін бес рет өзгеріс енгізілді. Қалай өзгертілгенін мына жерден оқи аласыз. Спойлер: өте қатты өзгерді :(
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.