Павлодардағы жанжал: Сабина Алтынбекова жаттықтырушыларды тексеруді талап етті

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова Павлодарда жас спортшыны ойын кезінде ұрған жаттықтырушының әрекетін қатаң сынға алды.


28/10/2026
08:54 0

Спортшы Instagram парақшасында физикалық күш көрсету де, буллинг сияқты психологиялық қысым да жол беруге болмайтын әрекет екенін жазды.

 

Алтынбекованың пікірінше, жаттықтырушылардың мінез-құлқы мен жұмыс әдістері мұқият тексерілуі керек. Ол кейбір бапкерлердің қарапайым әдеп нормаларын сақтамайтынын айтып, командаларда дәрігер мен психологтың жоқтығына назар аударды.

«Бұл жағдай бүкіл жүйені қайта қарау қажет екенін көрсетеді», – деп жазды волейболшы.

Бұған дейін Павлодардағы «Баянтау» спорт кешенінде жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде Шымкент командасының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков ойыншы қыздың басынан ұрған. Оқиға видеосы әлеуметтік желіде тарады.

 

Турнир ұйымдастырушылары жаттықтырушыны жарыстан шеттетті. Енді ол бапкер ретінде жарысқа қатыса алмайды, қосалқы орындықта отыруға және матч өтетін аймақта жүруге құқығы жоқ.

 

Павлодар облысының полициясы кәмелетке толмаған спортшыға күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Жанжалға қатысқандардың бәрі полиция бөліміне жеткізілген. Қазір жаттықтырушының әрекетіне құқықтық баға беру үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/10/2026 08:54
0

Уведомление