Әлемде алғаш рет: АҚШ қалаларының бірінде ЖИ қолдануға тыйым салынды

АҚШ-тың Индиана штатындағы Блумингтон қаласының билігі жасанды интеллектіні (ЖИ) қолданудың барлық түріне тыйым салды.


17/11/2026
10:55 0

Бұл бастамаға қалалық кеңестің жеті мүшесі де бірауыздан дауыс берген. Қала кеңесі ЖИ-дің адам бақылауынан шығып кету қаупіне алаңдайды. Құжат авторларының пікірінше, технология одан әрі дамыған сайын дербес әрекет етіп, қоғам өміріне қатысты шешімдерді адамдар емес, алгоритмдер қабылдауы мүмкін.

 

Сонымен қатар қазіргі ЖИ модельдерінің жұмыс істеу тетіктерін толық түсіну және оларды тиімді сынақтан өткізу қиын. Әзірлеушілердің өзі жүйелердің қалай жұмыс істейтінін соңына дейін біле бермейді. Құжат авторларының пайымдауынша, жаңа модельдер сынақтан өту кезінде тексеріліп жатқанын аңғарып, тест нәтижелерін бұрмалауды да үйренген.

 

Жаңа ереже қала аумағында ЖИ жүйелерін коммерциялық мақсатта таратуды, іске қосуды және кез келген түрде пайдалануды шектейді. Тыйым қала ішінде жүрген адамдарға ғана емес, жергілікті желілерде ЖИ агенттерінің жұмыс істеуіне ықпал ететін кез келген тұлғаға қатысты қолданылады. Ережені бұзғандарға әрбір заңсыз әрекет жасалған күн үшін 2,5 мың доллар айыппұл салу көзделген.

 

Құжат авторлары ЖИ-ді ядролық технологиялар сияқты қатаң бақылауға алуды ұсынады. Тыйымды алып тастау үшін екі шарт қатар орындалуы керек: ғылыми қауымдастық технологияны қолдану 99,9999 пайыз қауіпсіз деген ортақ тұжырымға келуі және қала тұрғындарының кемінде 95 пайызы бұған келісім беруі тиіс.

 

Құжат қалалық кодекске енгізілген. Енді күшіне енуі үшін Блумингтон мэрінің қолы қажет. Егер мэр 20 күн ішінде қол қоймаса, шешім автоматты түрде заңды күшіне енеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

17/11/2026 10:55
0

Уведомление