Конституциялық реформа: Болашақ вице-президентке қандай шектеулер қойылады
Конституциялық комиссия мүшелері Қазақстанда қайта енгізілетін вице-президент лауазымына қандай функциялар мен өкілеттіктер жүктелуі мүмкін екенін талқылады, деп хабарлайды Masa.media.
Вице-президентке қандай міндет жүктеледі?
Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік функцияларды орындайды, сондай-ақ парламентпен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда мемлекет басшысының атынан сөз сөйлейді деп болжанып отыр.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайтынын айтты. Лауазымнан босату туралы шешімді Мемлекет басшысы да қабылдайды.
Талаптар
Конституциялық деңгейде осы лауазымға үміткерге қойылатын талаптарды бекіту ұсынылды.
«Вице-президентке өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін лауазымдарды атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға болмайды. Өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде вице-президент саяси партияға мүше болмауы тиіс», – деп атап өтті Жиенбаев.
Тоқаевтың мәлімдемесі
Еске сала кетейік, елімізде вице-президент лауазымының қайтарылуы және мемлекеттік кеңесші лауазымының жойылуы туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді.
«Вице-президентті Парламенттің қарапайым басым дауысының келісімімен президент тағайындайды. Оның өкілеттік аясын мемлекет басшысының өзі айқындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдар мен шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүддесін, парламентте президенттің мүдделерін білдіретіні, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтыны, президенттің өзге де тапсырмаларын орындайтыны көзделеді. Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты осы негізгі ережелерді Конституция мәтінінде де көрсеткен жөн, –деді Тоқаев.
Тұңғыш вице-президент
Ел тарихында аталған қызметті алғаш рет мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев атқарған.
Ерік Асанбаев – Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат, экономика ғылымдарының докторы. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз вице-президент ретінде белгілі.

Асанбаев 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін вице-президент қызметіне тағайындалды. Оған дейін партиялық және мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарған. Ерік Асанбаев елдің алғашқы саяси реформаларына қатысып, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың қалыптасуына атсалысты.
1994–1996 жылы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін атқарды. Вице-президент лауазымы жойылғаннан кейін 1996 жылдың ақпанынан 2000 жылға дейін ҚР-ның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған. Ерік Асанбаев 2004 жылы 23 тамызда өмірден өтті.
20:02
23
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.