Дуров Ресейде Telegram-ның шектелуі жайлы: Халықты аңдитын басқа қосымшаға көшірмек
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы кәсіпкер Павел Дуров Ресейдегі өз жобасына қатысты шектеулер жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Masa media.
Иранның ізімен
Дуров 10 ақпанда өзінің Telegram-арнасында жазба жариялады.
«Ресей билігі азаматтарын аңдуға және саяси цензура жүргізуге арналған мемлекеттік қосымшаға көшіруге тырысып, Telegram-ға қолжетімділікті шектеп отыр. Сегіз жыл бұрын Иран да дәл осындай тәсілді қолдануға әрекет жасаған, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Олар ойдан шығарылған сылтаулармен Telegram-ды бұғаттап, халық мессенджердің мемлекеттік баламасына көшеді деп үміттенді. Тыйым салынғанына қарамастан, ирандықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін Telegram пайдаланады (цензураны айналып өтіп) және бақылауға алынған қосымшалардан гөрі осы платформаны таңдайды», – деп жазды ол.
Сөз бостандығы және жеке өмір құпиясы
Дуров сондай-ақ адамдардың еркіндігін шектеу дұрыс шешім емес екенін айтты. Оның сөзінше, қандай қысым болса да, Telegram сөз бостандығы мен жеке өмір құпиясын қорғау ұстанымынан айнымайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 10 ақпанда Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Роскомнадзор) ел аумағында Telegram мессенджерінің жұмысын баяулату шараларын бастау туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
Ал 2025 жылғы 13 тамызда Роскомнадзор Telegram мен WhatsApp мессенджерлеріндегі дауыстық қоңырауларға ішінара шектеу енгізілгенін хабарлаған еді.
11:47
309
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.