«Бәрін мойындауға дайын едім»

Полиция ұрып-соғып, азаптаса, не істеуіңіз керек


22/12/2020
12:54 6233 0


 

 

Дәурен Абылаевты (аты өзгертілген — ред.) полицейлер жеті сағат бойы ұрған. Өзінің айтуынша, олар жігіттен басқа біреу жасаған қылмысты өз мойнына алуын талап етіпті:

Бірнеше жыл бұрын шамамен сағат 18:00-де үйден шығып едім, бес минуттан кейін мені біреулер қол-аяғымды бұрап, азаматтық көлікке отырғызып алып кетті. Сөйтсем, бұлар мені күтіп тұрған жедел қызметкерлер екен. Неге алып кеткені есімде жоқ. Бірақ мені бір қылмыскерге ұқсатып, кейін мекенжайымды біліп алған сияқты.

Олар көлікке отыра салысымен менен қылмысты мойындауымды талап ете бастады. Не болып жатқанын мүлде түсінбей, есеңгіреп қалғандықтан, ештеңені мойындамадым. Сөйтіп, олар мойныма арқан салып, сол көлікте полиция бөлімшесіне жеткенше тұншықтыра бастады. Мойнымда із қалмауы үшін арқанды жағаның сыртынан орады. 

Олар мойындауымды талап ете берді, ал мен тіпті сөйлей алмадым.

АІІБ-ге жеткеннен кейін олар қолымды бұрап, бөлмеге кіргізіп, жауап ала бастады. Қалтамдағы заттардың бәрін тартып алды, ешкімге қоңырау шала алмадым. Бөлмеде төрт полицей болды. Алдымен «атың кім», «қайда оқисың», «немен айналысасың» деген сияқты қарапайым сұрақтар қойды.

Бірнеше минуттан кейін дәретханаға сұрандым. Менімен бірге жедел қызметкерлердің біреуі еріп жүрді. Дәретханадан шыққан соң алақанымен құлағымды қатты ұрып жіберді де, қашып кетпеуім үшін деп белбеуді ұстап алып, бөлмеге қайта әкелді.

Тергеу бөлмесіне кіргенде, олар мені тағы бір ұрды. Жерге құлап түстім, жедел қызметкер үстіме отырып алып, алақанымен ұра бастады. Оған қоса «кінәңді мойында» деп айқайлады. Шамамен 20 соққыдан соң, басым айналып, көзім қарауытты. 

Содан кейін мені көтеріп, қабырғаға тіреп, екі аяғымның арасын ашып, бұтымнан етікпен ұрды. Арқамнан басып, күшпен шпагатқа отырғызды.

«Айт бол! Мұны сен істедің, білеміз!» деп айқайлай берді. Ал мен болсам ештеңе түсінбей, не болып жатқанын білмей отырдым.  

Оның үстіне денем қатты ауырғандықтан бір нәрсе деп жауап беруге әлім болмады.

Аяқпен теуіп болған соң жедел қызметкерлердің бірі бокс қолғабын киіп, денем мен қолымнан ұра бастады. Басында өте әлсіз ұрды, бірақ күші барған сайын үдей түсті. Әрқайсы қолға түскенімен ұрып-соғып, қандай-да бір «тапқырлық» көрсетуге тырысқаны мені біраз күлдірді. Арасында  резеңке тәпішке мен қалың телефон анықтамалығы да бар еді. Көгерген іздер көрінбесін деп беттен көп ұрмады.

Ұрып-соққаны нәтиже бермегендіктен олар мені қорқытуға көшті. «Жеделдердің» бірі «қолыңды үстелге қой» деді де, әріптестерінен менің тырнақтарымның астына тығу үшін ине әкелуін бұйырды. Бақытыма орай, ине тықпады. Мені ең қатыгез түрмеге жіберіп, ол жерде өлтіріп тастайтынын айтып қорқытты. 

Полицияда жеті сағаттай болдым. Осы уақыт бойы мені ұрып-соқты, тек арасында қызметкерлер сыртқа шығып келетін.

Ақырында шыдай алмай кеттім: бүкіл денем қатты ауырды, басым айналды, көзім қарауытып, ештеңе түсінбедім. Сондықтан бәрі бітсін деп, олар не айтты, соны мойындадым.

Мойындағаннан кейін ғана тергеуші бөлмеге кіріп, хаттама толтыра бастады. Телефонымды қайтарып берді, әкеме қоңырау шалдым, ол мені алып кетті. Нағыз қылмыскер табылмайынша ұзақ уақыт бойы мен бұл істе басты күдікті болдым. Кенеттен шын қылмысқер табылды да, менің жауабым жойылып, полицияның кінәсін дәлелдеу мүмкін болмады.

 

МҰНДАЙ ЖАҒДАЙДА КІМНЕН КӨМЕК СҰРАП, ШАҒЫМДЫ ҚАЛАЙ ЖАЗУ КЕРЕК?

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 146-бабына сәйкес азаптау — тергеушінің, анықтама жүргізетін адамның; басқа лауазымды адамның өзінің не басқа адамның бастамасымен (айдап салу, үнсіз келісімі) азаматты қасақана физикалық және (немесе) психикалық қинаюы.

Азаптау үшін берілетін жаза — 5 мың АЕК (13 миллион теңгеден астам) айыппұл; түзету жұмыстары; бес жылға дейін түрмеге қамау не бас бостандығын шектеу. Азаптау кезінде жәбірленген адам қайтыс болса не денсаулығына ауыр зиян келтірілсе, қылмыскер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жазаның ауыр болуына қарамастан, Қазақстанда адам азаптау қазірдің өзінде үйреншікті жағдайға айналды: полицияның заңсыз әрекеттері туралы хабарлар мен бейнежазбалар жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде кездеседі. 

Бұған себеп: елімізде «таяқ жүйесі» әбден сіңіп кеткен, ал құқық қорғау органдары шын қылмыстармен айналысудан гөрі, қылмысты ашу статистикасын бір қалыпта ұстағанда жөн көреді.

 

 

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша тек ресми түрде 2020 жылдың 9 айында ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы («Азаптау») бойынша 18 рет құқық бұзылған. Сегіз іс сотта қаралып, аяқталса, үшеуі тоқтатылды. 

 

 

Сол статистикаға сәйкес Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 9 айында азаптау туралы 51 іс қараған. Ешқайсы сотқа жетпеген, 22 іс тоқтатылған.

Шындығында мұндай жағдайлар ресми статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Кінәлілерді жазалау мүмкін емес деп полиция азаптаған адамдар шағымданып, арыз жазбайды. Кейбір азамат мұндайда кімнен көмек сұрау керегін білмейді де.

Әдетте күдікті қылмысын мойындағаннан кейін (аса ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар туралы айтып отырмыз) бас бостандығынан айыру емес, бұлтартпау шарасы қолданылады. Полицейлер күдіктіні мінез-құлық туралы тиісті қолхатпен босатуға не оны үйқамаққа жіберуге мәжбүр. Бұл жағдайда құқық бұзуды тіркеу үшін дереу аудан прокуратурасы мен жеке қауіпсіздік басқармасына өтініш беру керек.

Мәлімдемеде жәбірленуші өзіне құқық қорғау қызметкері не басқа біреу оның мақұлдауымен физикалық не психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткенін жазуы керек.

Адвокат Айман Умарованың айтуынша, бұл тармақ өте маңызды, өйткені азаптаған әрдайым полиция қызметкері болмауы мүмкін:

— Арызда қашан, не, қайда және қалай болғанын егжей-тегжейімен жазу керек. Азаптаған адам әрдайым полиция қызметкері бола бермейді. Бірақ бәрі оның рұқсатымен жасалса, бұл — азаптау. Адамды камераға жіберіп, оны белгісіз біреулер ұрып-соғуы мүмкін. Бұл жағдайда полицей де жауапқа тартылады, өйткені полицейдің рұқсатымен жасалғанның бәрі — қылмыс.

Арыз жазғаннан кейін істің нөмірі жазылған талон беріледі. Сонымен істің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізімінде тіркелген-тіркелмегенін білуіңіз керек. Істің барысын Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің сайтынан бақылауға болады. Қандай да бір себептермен іс тіркемелмесе, кезекші прокурорға, одан жоғары тұрған прокуратураға шағым түсіру не Ішкі істер министрлігінің сенім телефонына қоңырау шалу қажет. 

Сонымен қатар полицейлерден қорықсаңыз, ішкі қауіпсіздік дирекциясынан не прокуратурадан қорғау талап ете аласыз.

ДӘЛЕЛДІ ҚАЛАЙ ЖИНАУ КЕРЕК?

Ең алдымен ұрып-соғудан қалған жарақат іздерін суретке, видеоға түсіріңіз. Кез келген жара, көгеру не соққы іздері дәлел бола алады. Жарақатты өзіңіз түсіре алмасаңыз, жақын адамыңыздан көмек сұраңыз. Жарақатты суретке түсірген адам автомат түрде сіздің жарақаттарыңыздың куәгері болады да, істі жеңіп шығуға көмектеседі.

Прокуратурада болған кезде, кезекші аудан прокурорымен байланысып, медициналық тексеруден өтуге жолдама сұраңыз. Сонымен қатар бірнеше тәуелсіз сараптамалар жасаған дұрыс, өйткені азаптау физикалық ғана емес, психологиялық та болады.

— Денедегі жарақаттар көрінбесе де, адамның басы айналып, құсқаны да тіркелуі керек. Жарақаттардың сипаттамасы мүмкіндігінше егжей-тегжейлі және дәл болса жақсы. Сондықтан бірнеше сараптама жасатқан маңызды. Әр сараптаманың нәтижесі әртүрлі болып шығуы мүмкін. Полиция психологиялық қысым жасаса, психологтың тексеруінен өту керек. Ол психикалық саулығыңыз бұзылғанын тіркеуге міндетті, — дейді Айман Омарова.

Алайда басқа да дәлелдер қажет екен, оларды сіз смартфонның көмегімен жинай аласыз.

Жауап алу кезінде смартфоныңызға қоңырау шалған не хабарлама келген болса, бірақ жауап бермесеңіз, күні мен уақыты көрінетіндей етіп скриншот жасаңыз.

Сонымен қатар мобайл қосымшалар мен орнатылған GPS күні бойы қай жерде және қанша уақыт болғаныңызды қадағалап отырады. Бұл фактіні тіркеу өте маңызды.

Азаптау кезінде полицейлердің әңгімесін жасырын түрде жазып алғандар да бар. Бірақ жасырын жазылған аудио заңсыз саналады, сондықтан ол дәлел бола алмайды. Адвокаттың айтуынша, бұл соттың ішкі үкіміне әсер ете алады, алды да, дегенмен жазба ресми дәлел ретінде қарастырылмайды.

 

УАҚЫТША ҰСТАУ ИЗОЛЯТОРЫНДА ОТЫРСАҢЫЗ, ШАҒЫМДЫ ҚАЛАЙ БЕРЕСІЗ?

Азаптау кезінде кінәсін мойындаған адамды сот тұтқындауға санкция жариялаған кездер болды. Мұндайда айыпталушы уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалады. Бұл мекемелерде прокуратураға шағым түсіре алатын арнайы бөлім бар.  Бірақ ол жақтан шағым түсіру оңай іс емес.

— Әдетте әкімшілік шағым түсіруге кедергі келтіреді. Сондықтан туыстарымен не адвокатпен алғаш кездескенде оларға белгі беріп, кінәсіз екеніңізді айтуыңыз керек. Прокуратураға туысыңыз, тіпті адвокатыңыз да шағым түсіре алады. Ең бастысы, жағдайды мүмкіндігінше жан-жақты сипаттау керек. Сонымен қатар екі жағдайда да адвокаттың көмегінен бас тартпаңыз. Онымен тезірек байланысып, тым болмаса кеңескен жөн, — дейді Айман Омарова.

МҰНЫ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНА САЛУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

Жоғарыда айтылған процедуралардан басқа, істі әлеуметтік желілерде және бұқара ақпарат құралдарында барынша жария ету өте маңызды. Ақпарат алаңындағы «шу» тергеу процесін тездетіп, кінәлілерді түрмеге жабуға септеседі.

6 қазанда Алматы облысының Іле аудандық соты ҰҚК-нің бұрынғы офицері Сани Әбдіқашты сотталған трансгендер әйел Виктория Берікходжаеваны зорлап, азаптағаны үшін бес жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Кейінгі жылдары Қазақстандағы ең атышулы істердің біріне айналған бұл іс 2017 жылдан бері созылып келеді. Қазақстан Республикасы сот жүйесінің жұмысын және ішкі органдар қызметкерлерінің «өздерін қалай қорғайтынын» ескеретін болсақ, көпшілік  беделді орган қызметкерінің кінәсін дәлелдеуге болатынына сенбеді.  Айман Умарова Берікходжаеваның ісімен ұзақ уақыт айналысып келеді және Сани Әбдіқаштың кінәсін дәлелдеуге істің баршаға жария болғаны көмектесті деп есептейді.

— Көпшілікте интернет барын ескерсек, іс қозғалып, ары қарай қаралуына көбіне әлеуметтік желілер мен бұқара ақпарат құралдары себепкер болады. Мұндай істерді қоғам талықысына салып, шу шығару қажет. Әйтпесе ешқандай нәтиже шықпауы мүмкін», — деп қорытындылады адвокат.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

22/12/2020 12:54
6233 0

Уведомление