Қазақстандықтар ас ішуді азайтып, азық-түлікке ақша үнемдей бастаған

Ақша немесе басқа ресурстардың жетіспеуінен Қазақстанда тамақты азайтып жеуге, ас-ауқаттан қаржы үнемдеуге мәжбүр болған азаматтар көбейген.


17/09/2026
10:25 0

Energyprom сарапшыларының деректеріне сүйенсек,  2026 жылғы сауалнамаға қатысқандардың 3,4%-ы ақша немесе басқа ресурстардың жетіспеуінен азық-түлік жетпей қалуы мүмкін деп алаңдаған. 2,8%-ы өнімдердің бірнеше түрімен ғана шектелуге мәжбүр болса, 2,5%-ы толыққанды әрі құнарлы тамақтануға мүмкіндігі болмаған.

 

 

Қажетінен аз тамақтанғандар – 1,7%, үйіндегі азық-түлігі толық таусылғандар –1,6%. Ал 1,3%-ы асты уақытылы ішпенен, 1,2%-ы аштық сезінген. Бір күн бойы тамақ ішпегендердің үлесі 1%-ды құраған.

 

 

2025 жылмен салыстырғанда азық-түлік жетпей қала ма деп алаңдайтын немесе рационын әртараптандыруға мүмкіндігі жоқ адамдардың үлесі төмендеген. Бірақ тамақ мөлшерін қысқарту, ас ішуді өткізіп алу, үйде азық-түліктің мүлдем қалмауы және ашығу сияқты күрделі жағдайлар жиілеген.

 

Дегенмен бұл сегіз көрсеткіштің барлығы 2023 жылғы деңгейден төмен.

 

Ауыл тұрғындарының жағдайы

 

Азық-түлік тапшылығының ауыр түрлері ауылда жиірек кездеседі. Мәселен, қала тұрғындарының 1,1%-ы, ауыл тұрғындарының 1,9%-ы асты уақтылы іше алмаған.

 

Қажетінен аз тамақтанғандардың үлесі қалада 1,5%, ауылда 2,2% болған. Аштық сезінгендер – тиісінше 0,9% және 1,8%. Бір күн бойы тамақ ішпегендер қалада 0,7% болса, ауылда 1,8%-ға жеткен.

 

Аз қамтылғандар мәселесі

 

Өзін аз қамтылған деп санайтын респонденттердің 82,6%-ы үйінде азық-түлік жетпей қалуы мүмкін деп алаңдаған, 69,1%-ы рационын қысқартуға мәжбүр болған, ал 65,9%-ының үйіндегі азық-түлік толық таусылған.

 

Бұл топтың жартысына жуығы толыққанды тамақтануға мүмкіндігі жоқ екенін, ас ішуді өткізіп алатынын немесе әдеттегіден аз тамақтанатынын айтқан.

 

Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың 0,1%-ы ғана өзін аз қамтылған деп бағалаған. 1,7%-ы материалдық жағдайын ортадан төмен деп көрсетсе, 70,1%-ы өз деңгейін орташа деп бағалаған.

 

Азық-түлік бағасы 9,5%-ға қымбаттаған

 

Азық-түліктің қолжетімділігі мәселесі бағаның өсуі аясында байқалып отыр. 2026 жылдың тамызында Қазақстанда азық-түлік өнімдері бір жылда 9,5%-ға қымбаттаған.

 

Ең жоғары өсім Ұлытау облысында –11,7%, Жетісу облысында –11,4% және Ақмола облысында –11% тіркелген. Ал ең төмен өсім Алматы облысында –7%.

 

Бір жылда ет бағасы 13,3%-ға, қышқыл сүт өнімдері 13%-ға, балық пен теңіз өнімдері 12,3%-ға, макарон өнімдері 12,2%-ға өскен. Қой еті, кеспе, сәбіз және кофе бағасының қымбаттауы да ерекше байқалған.

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың барлық ақшалай шығынының 48,6%-ы азық-түлікке жұмсалған.

Поделиться

Нет комментариев.

17/09/2026 10:25
0

Уведомление