Қазақстан мен Ресей арақатынасы қаншалықты тығыз

Және ол қай салаларда басым байқалады


26/08/2022
12:26 38852 0

Соңғы бірнеше айда Қазақстан мұнайының едәуір бөлігін тасымалдайтын КҚК (Каспий құбыр консорциумы) үш рет жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Оған себеп — Ресей тарапынан туындаған кедергілер.

 

Алғаш рет жұмысты тоқтатуға Қара теңіздегі дауыл себеп болса, келесіде Ұлы Отан соғысы кезіндегі снарядтардың табылуы негіз ретінде ұсынылды. Ал үшінші рет Новороссийск соты Консорциумды экологиялық ережелерді сақтамады деп айыптады.

 

Сарапшылар мен журналистер үш жағдайға қатысты сот шешімінің саяси астары бар екенін айтып, оны Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап ұстанымымен байланыстырды. Олардың пікірінше, бұл саладағы тәуелділіктен құтылу өте қиын.

 

Қазақстан солтүстіктегі көршісімен тағы қандай салаларда тығыз байланысты екенін анықтап көрейік.

 

 

Уақытыңыз аз болса, қысқаша қорытындыны ұсынамыз:

    • Қазақстан ресейлік импортқа өте тәуелді. Бұл тәуелділіктің ең маңызды аспектісі — азық-түлік импорты.
    • Батыс елдері Ресейге санкция салған соң ресейлік тауарлардың маңызы төмендеді. Кейбір тауар түрлерін басқа жерден әкелуге тура келеді. Бірақ алмастыруға келмейтін тауар санаттары бар.
    • Соғыстың алғашқы күндеріндегі жүк транзитіне қатысты мәселелер Ресейге қатысты болды. Бірақ қазір әлем Қазақстанның Ресей емес екенін түсінді. Алайда санкциялар күшейтілсе, болашақта әлі де қиындықтар туындауы мүмкін.
    • Қазақстанда бірнеше ірі ресейлік компаниялар жұмыс істейді: «Лукойл» мұнай кен орындарының үлескері, Amity International «Катрен» холдингіне тиесілі.
    • Әрбір бесінші қазақстандық ресейлік БАҚ ақпаратына сенеді. Әсіресе, аға буын арасында, сондай-ақ Ресейге жақын қалаларда жағдай қиын. Ресей пропагандасы біздікіне қарағанда жақсырақ, бірақ халық әлі де аймақтық БАҚ-қа көбірек сенім артады.
    • Қазақстанның барлық қару-жарақ сатып алуының 91%-ы Ресейдің үлесіне тиеді. Сондай-ақ көптеген қазақстандық курсанттар Ресейдің әскери оқу орындарында оқып жатыр.
    • Қазақстан аумағындағы Ресей тек Байқоңырды ғана емес, бірнеше сынақ алаңын жалдайды. Олардың бірінде қару-жарақты үнемі сынақтан өткізеді.

 

 

Ресейлік маңызды тауарлар импорты

Қазақстан мұнай тасымалынан бөлек ресейлік импортқа айтарлықтай тәуелді.

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы (қаңтардан мамырға дейін) Ресейдің импорттағы үлесі 38,4% құрады. Салыстырмалы түрде екінші ірі серіктес Қытайдың импорттағы үлесі Ресейге қарағанда екі есе төмен: 21,6% құрайды.

 

Finance.kz телеграм каналының бас редакторы, қаржы саласының тәуелсіз сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, Ресей Федерациясынан импортталатын ең маңызды тауар — азық-түлік.

 

Мысал ретінде бағасы шарықтап кеткен қантты алайық. Біз оны әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп, әбігерге түстік, — дейді сарапшы. 

 

Одан бөлек ол жарма, макарон, сүт өнімдерінің де Ресейден импортталатынын айтты.

 

Статистика бұл деректерді растайды: соңғы жарты жылда Қазақстанға импортталған барлық өнімнің 40%-ға жуығы Ресейден келген.

 

Бірақ импорт тек азық-түлікпен шектелмейді. Қазақстандық металдар мен металл бұйымдары импортының 53%-ы, химия өнеркәсібі өнімдерінің, оның ішінде пластмасса мен автомобиль шиналарының 33%-ы, отын-энергетика өнімдерінің 91%-ы Ресей Федерациясына тиесілі. Импорттың үлкен бөлігі (Қазақстанның басқа елдерден сатып алатын барлық тауарларының 40%) машиналар мен әртүрлі жабдықтарға тиесілі. Олардың төрттен бірін Ресей қамтамасыз етеді.

 

Сонымен бірге, Чеботарев ресейлік импорт позицияларының бір бөлігі қазір өздігінен «құлайды» деп атап өтті. Оған мысал — Ресейде өндірісі тоқтаған автомобильдер.

 

Бізде сатылатын «Тойоталардың» үлкен бөлігі Санкт-Петербург маңындағы зауытта құрастырылған. Енді ол жұмысын тоқтатты. Қазір Ресейде екі ғана зауыт жұмыс істейді: АвтоВАЗ және қытайлық «Хавейл», — деп түсіндірді қаржыгер.

 

Ресей Федерациясынан келетін тауардың барлығы олардың өнімдері емес. Procter & Gamble немесе Unilever сияқты көптеген компаниялар Ресейде «лицензия бойынша» тауар шығаратын зауыттар салды. Бұл зауыттардан шыққан өнім ТМД елдеріне жөнелтіледі. Чеботаревтың айтуынша, бұл «әдеттегі жағдай», себебі батыс үшін Ресей — посткеңестік кеңістікте тұрақты байланыстары бар үлкен әрі түсінікті нарық.

 

Осыған ұқсас жағдай компаниялардың өкілдіктеріне қатысты орын алған.

 

90-шы жылдардан бастап шетелдік компаниялар өкілдіктерін Мәскеуде ашатын. Олар үшін бұл — оңай дүние, — дейді қаржы саласының кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

 

Соның салдарынан көлік, сәнді бұйымдар, тіпті киім-кешек те алдымен Ресейге жөнелтіліп, содан кейін біздің елге реэкспортталатын.

 

Алайда қазір жағдай өзгерді: батыс компаниялары Ресейден шығып, өндіріс орындары мен өкілдіктерін жауып жатыр. Рысмамбетов бұл Қазақстан үшін жақсы мүмкіндік болатынына және көптеген тауар бізге тікелей импортталатындығына сенеді.

 

Жалпы, ол Ресейден келетін импорт азаяды деген тұжырыммен келіседі.

 

Біз көп нәрсені басқа жерден сатып аламыз. Danone Румынияда, Nestle Пәкістанда шығарылады делік, — деп сөзін жалғады сарапшы.

 

Оның ойынша, өнім бағасы одан көп көтерілмейді. Дегенмен, Рысмамбетовтің айтуынша, «көптеген тауарды басқа жерде емес, Ресейден сатып алу тым тиімді».

 

Импортқа да қатысты тағы бір маңызды аспект — Ресей аумағы арқылы Қазақстанға шетелдік тауарлардың транзиті. Соғыс басталғаннан кейін көптеген компаниялар Ресейге жүзуден бас тартты, сондықтан қазақстандық жүк тасымалы екі ортада қалды. Тіпті кәсіпкер Қанат Көпбаев президентке ашық хат жазып, мәселені шешуді сұраған.

 

Андрей Чеботарев бұл алаңдаушылық ақыр аяғында ақталған жоқ деп есептейді. Ол соғыстың алғашқы айларында кейбір мәселелерде «асыра сілтеушілік» белең алғанын, Ресеймен байланысты барлық нәрсе «зиян» деген түсінік болғанын айтты. Бірақ, қазір әлем Қазақстанның Ресей емес екенін түсінді.

 

Расул Рысмамбетов те «алаңдайтын мәселе» болмады деп есептейді. Дегенмен, ол санкциялардың күшеюі қиындық туындатуы мүмкін деген пікірде.

 

Импортқа қатысты жағдайды қорытындылай келе, ол қазіргі теңгерімсіздік «стратегиялық тұрғыдан дұрыс емес» және оны біртіндеп жою қажеттілігін атап өтті.

 

Біздің сауда серіктесіміздің тауар айналымындағы үлесі 10-15 %-дан аспауы керек, — дейді сарапшы.

 

 

Қазақстан компанияларындағы Ресейден келген меншік иелерінің үлесі

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда Ресейдің үлесі бар 7 929 компания бар. Бұл көрсеткіш одан кейінгі тұрған Түркиядан 2,5 есе көп.

 

Бұл компаниялардың көпшілігі шағын және орта бизнеске (тиісінше 7 762 және 113) тиесілі. Одан бөлек 54 заңды тұлға ірі бизнес ретінде тіркелген. Көбісі көтерме және бөлшек саудада жұмыс істейді, бірақ құрылыс, ғылым және көлік салалары да танымал.

 

Қазақстанда жұмыс істейтін ірі ресейлік компаниялардың бірі — мұнай-газ алыбы Лукойл. Компанияның елімізде құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болды. Ол жергілікті және американдық кәсіпорындармен қатар көптеген тау-кен жобаларын жүзеге асырады. Лукойлдың Теңіз (5%), Қарашығанақ (13,5%), Құмкөл (25%) және Жеңіс (50%) кен орындарында үлесі бар. Компания қайырымдылықпен де айналысады: «Ақниет» бағдарламасы бойынша шағын бизнес ашуға гранттар береді.

 

Қазақстан нарығындағы тағы бір ірі ресейлік компания — байланыс алыбы Вымпелком. Оған елдегі ең ірі байланыс операторының бірі — Beeline (Кар-Тел) тиесілі.

 

Сондай-ақ Amity International (ресейлік «Катрен» холдингіне тиесілі ірі фармацевтикалық компания), «Қазросгаз» (Газпром мен «ҚазМұнайГаз» бірлескен кәсіпорны) және Коппер Технолоджи (Қазақстанда мыс өндіретін ресейлік компания) компанияларын да тізімге қоссақ болады. Әрине, шынайы тізім, әлдеқайда ұзағырақ.

 

 

Қазақстандағы ресейлік БАҚ рөлі

Ресейлік БАҚ-тың, әсіресе, телеарналардың Қазақстанда әлі де айтарлықтай ықпалы бар. Internews зерттеуіне сәйкес, 2021 жылы орта есеппен әрбір бесінші қазақстандық ресейлік БАҚ ақпаратына сенеді.

 

Телевидениенің халық арасындағы рөлінің төмендеуіне қарамастан, оның ықпалы әлі де маңызды: қазақстандықтардың 82,5%-ы оны әртүрлі жиілікте көрсе, 30,4%-ы негізгі ақпарат көзі ретінде қабылдайды. Дәл осы жерде Ресейдің арналары көш басында: ресейлік арналарға респонденттердің 23,3% сенеді.

 

60 жастан асқандар арасында бұл көрсеткіш 34,5%-ды құрайды. Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова мұны егде жастағы адамдардың «Бірінші арнаны кеңес заманынан бері қарайтын дәстүрімен, оған деген сенімімен» байланыстырады. Ол бұл жерде саналы таңдаудың, тіпті таңдаудың жоқтығын айтады. Бұған себеп — адамдар үйреншікті нәрселерді жасайтыны, білетін арналарды көретіндігі.

 

Сарапшының пайымдауынша, шағын қалалар мен ауылдар, әсіресе, Ресей шекарасына жақын орналасқан аймақтар ресейлік БАҚ-тың ықпалында.

 

Дегенмен, орташа есеппен Қазақстандағы ресейлік телеарналар аймақтық арналардан рөлі айтарлықтай төмен екенін атап өткен жөн: халықтың 40%-ға жуығы жергілікті арналарға сенеді. Мұндай арналардың негізгі аудиториясы — 14 пен 45 жас аралығындағы көрермендер.

 

Алайда, Окремованың пікірінше, жағдай әлі де қауіпті: ресейлік үгіт-насихат қазақстандық телеарналардағыдан әлдеқайда жақсы.

 

Бізде пропаганда бар дейміз, бірақ Ресеймен салыстырғанда біздікі жай баланың ойыны, — деп сөзін түйіндеді маман.

 

Салыстырмалы түрде, 2014 жылы ресей-украин текетіресі (Ресейдің Қырымды аннексиялауы, Донбастағы прокси соғыс) басталғанға дейін украиндықтардың 33,1%-ы ресейлік БАҚ-қа сенетін. Бұл ретте Қазақстанға ұқсас аймақтық айырмашылық болды: елдің шығыс бөлігі батысқа қарағанда Ресейден келетін ақпаратқа көбірек сенді.

 

 

Әскери саладағы ынтымақтастық

Стокгольмдегі халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (қару-жарақты бақылау мәселелерін зерттейтін талдау орталығының) мәліметі бойынша, 2021 жылы Қазақстан сатып алған қару-жарақтың 91%-ы Ресейден шыққан. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді: бес жыл бұрын, 2017 жылы сатып алудың 78%-ы Ресейдің үлесіне тиді, одан кейін Испания (8,5%) және Украина (5%) тұрды.

 

Сонымен бірге, Orda басылымының наурыз айындағы хабарына сәйкес, қазақстандық әскердің жағдайы мардымсыз: көптеген техника физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген. Әскер кеңестік кезеңнен қалған қару үлгілерін пайдаланып жүр.

 

Екі армияның өзара әрекеті тек сауда-саттықпен шектелмейді. 2020 жылы Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастық туралы келісімді жаңартты. Оған сәйкес екі ел әскери білім, ғылым және мәдениеттен бастап бітімгершілікке дейінгі әртүрлі салаларда әскери ынтымақтастықты жүзеге асырады. Көптеген қазақстандық курсант Ресейдің әскери оқу орындарында білім алып жатыр.

 

2022 жылдың қаңтарында Қазақстан билігі жаппай наразылық тудырған тұрақсыздықтан қауіптеніп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскери көмек көрсетуді сұрады. Ресейдің ұйымдағы бейресми жетекшілігі, сондай-ақ әскерилердің пайызы (контингенттің басым бөлігі ресейліктер) кейбір сарапшыларға Мәскеудің Қазақстанға ықпалының күшеюін болжауға мүмкіндік берді.

 

Тіпті кейбір кремльшіл спикерлер Ресей Қазақстанды «құтқарды» деп ашық айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәлімдемелерді айыптап, оларды «шындыққа жанаспайтындығын» айтқан болатын.

 

 

Ресейдің Қазақстан аумағындағы тікелей ықпалы

КСРО дәуірінен бері Ресей үшін маңызды көптеген әскери, технологиялық нысандар Қазақстан аумағында қалды. Одақ ыдыраған кезде бұл нысандар жаңадан құрылған Ресей Федерациясы үшін қолжетімсіз болды — бірақ 90-жылдардың соңына қарай көптеген жалға беру келісімдері күшіне енді.

 

Бұл орындардың ішіндегі ең әйгілісі — Байқоңыр ғарыш айлағы. Оны Ресей сонау 1994 жылы 2050 жылға дейін жалға алған. Келісімге сәйкес, ғарыш айлағының өзі де, оның іргесінде орналасқан Байқоңыр қаласы да Ресейге уақытша жалға беріледі.

 

Құжат объектілердің жұмыс істеу ережелерін былайша анықтайды: заң шығарушы (Ресей азаматтары Ресей Федерациясының заңдарына бағынса, Қазақстан азаматтары — қазақстандық заңнамаға бағынады), және қаржылық (қала Ресей Федерациясының бюджетінен қамтамасыз етіледі, қазақстандықтардың әлеуметтік құқықтарын Қазақстан қамтамасыз етеді).

 

Ғарыш айлағын пайдаланғаны үшін жылдық жалға алу соммасы едәуір үлкен: 115 млн доллар (немесе 55 млрд теңге).

 

Осыған ұқсас тағы бір нысан — Қарағанды ​​облысында, Приозерск маңында орналасқан Сары-Шаған полигоны. Полигон да, қала да Ресей Федерациясына жалға берілген: онда ресейлік әскерилер тұрады, қару-жарақ жиі сыналады. Мысалы, 2020 жылы Ресей армиясы полигонда зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің жаңа зымыранын сынақтан өткізді.

 

Одан бөлек Ресей Қазақстаннан Капустин Яр әскери полигонының бір бөлігін, сондай-ақ Ресей Федерациясының Мемлекеттік ұшу сынақ орталығының нысандары мен алаңдарын жалға алады.

Поделиться

Нет комментариев.

26/08/2022 12:26
38852 0

Уведомление