Популярные тэги

Қазақ тілін місе тұтпай «кәнсілге» ұшыраған компаниялар

Air Astana-дан Magnum-ге дейінгі «фэйлдар»


09/04/2025
15:23 325 0

Коллаж Masamedia.kz

 

Соңғы жылдары мемлекеттік тілге немқұрайлы қараған бизнес өкілдері қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап келеді. «Кэнсэл мәдениеті» қоғамдық санаға дендеп еніп, тұтынушының даусымен есептеспейтін компаниялар үшін ескерту құралына айналды. Бірақ соған қарамастан, бұл үрдістен сабақ алғандар некен-саяқ. Masamedia.kz тіл төңірегінде болған даулы оқиғаларды түгендеп, олардың немен аяқталғанын шолып шықты.

 


 

Air Astana

 

2017 жылы Air Astana әуе компаниясының ұшағында болған жанжал қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жолаушы Оғыз Доған аға бортсеріктің өтінішін орындаудан бас тартқан, себебі өтініш орыс тілінде айтылған. Ол өзімен  қазақ тілінде сөйлесуді талап еткен-ді.

 

Оғыз Доған

Осы оқиғадан кейін компания жолаушыны «қара тізімге» енгізеді. Әрине, бұл әуе компаниясы тарапынан үлкен қателік болды.  Бұл шешіммен келіспеген Оғыз Доған Air Astana-ны құқығын бұзғаны үшін, сотқа берді. Сотта компания жеңіліп қалады. Арзыданушы моральдық өтемақы ретінде Air Astana-дан 1 теңге ғана талап етті. Әрине, ол бұған мәжбүр болса керек.

 

Өйткені, Доғанды осы дау арқылы ақша тапқысы келді деп айыптағандар да болды. Әуе компаниясы ақырында Доғаннан кешірім сұрап, белгіленген моральдық өтемақыны төледі.

 

«Бұл – тек менің жеңісім емес, бұл – барлық қазақтардың, қазақ тілінің жеңісі. Қазақ тілі – менің ана тілім. Біз баяғыда жеңуіміз керек еді. Тәуелсіздігімізге 26 жыл болса, демек біз 26 жыл бұрын жеңіске жетуіміз керек еді», – деді Оғыз Доған.

 

Осы оқиғадан кейін Air Astana қазақ тіліне көңіл бөле бастады ма, әлде айтылған сын аяқ асты қалды ма?

 

Тіл жанашыры, филолог Назгүл Қожабек жақында FlyArystan компаниясына мынадай ескерту жасады:

 

«Уважаемые @flyarystan ! А вы в курсе, что каждый раз при приземлении, когда на борту звучит “Байлау БЕЛДЕМШЕЛЕРІН бекітіп”, вы буквально просите пассажиров “пристегнуть привязные ЮБКИ”?

 

А когда говорите “қауіпсіз белдік” - это значит “безопасный” ремень.

 

Давайте, исправим это? А то как-то неудобно надеяться на юбку в полете…», - деп жазды Facebook парақшасында.

 

Осы секілді өрескел қателердің әлі күнге дейін кездесіп жататыны, әуе компаниялары мемлекеттік тілге қатысты жұмысты әлі жолға қоймағанын көрсетеді.

 

Chocofamily

 

2022 жылы иесінің қазақ тіліне қатысты қыңыр мәлімдемесінен кейін Chocofamily Holding-тің де басына қара бұл үйірілген. Кәсіпкер Рамиль Мухоряпов елге келген Ресей азаматтары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанда орыс тілін біле тұра қазақ тілінде сөйлейтіндерді сынап, мұны «ұлтшылдық пен мәдениетсіздіктің белгісі» деп атаған.

 

Рамиль Мухоряпов

 

Бизнесменнің сөзі желі қолданушыларының ашуын тудырды, қазақстандықтардың көбі мұны мемлекеттік тілге құрметсіздік деп бағалады. Компанияның қызметін пайдаланудан бас тарту науқаны басталып, оны қолдаушылар қатары күрт өсті.

 

Ізінше кәсіпкердің кешірім сұраған видеосы жарияланып, компания өкілдері жыл соңына дейін сервистерін қазақшалауға уәде берді.

 

Көп ұзамай Мухоряповтың тіл туралы айтқанына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Алайда полиция «қылмыс құрамы болмағандықтан» істі тоқтатты.

 

Қазақстандықтардың сеніміне қайта кіру үшін ChocoFamily өзінің барлық сервистерін қазақшалады. Соған қарамастан ел тұрғындарының компанияға деген көзқарасы әлі күнге дейін оңала қойған жоқ.

 

Forbes мәліметінше, Рамиль Мухоряпов 2021 жылы Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкер қатарына енген. Chocofamily Holding құрамына Chocolife.me, Aviata/Chocotravel, Chocomart.kz, Lensmark.kz, Chocofood.kz және iDoctor.kz кіреді.

 

Мухоряпов көзқарасын шынымен өзгертті ме, әлде бизнесі үшін иілуге тура келді ме, әйтеуір, осы оқиғадан кейін қазақтілді жобаларды қаржылай қолдауға бет бұрды. Ол белгілі блогер Әлия Әшімге қолдау білдірді, тарихи кітаптардың шығуына қаржы бөлді, басқа да қазақтілді контент өндірушілердің бетін қақпады. Аңдамай сөйлеген бизнесмен  қазақ тілін қолдауға қатысты әлеуметтік жауапкершілік алуға мәжбүр болды.

 

«Пинта»

 

2023 жылы әлеуметтік желіде «Пинта» мейрамханалар желісіндегі музыкаға байланысты жанжал туындады. Көпшілікке мекеменің музыкалық ұжымдары үшін сөйлеу регламенті бар хабарламаның скриншоты жарияланды. Тармақтардың бірінде қазақ тіліндегі әндерді, тіпті қонақтар талап етсе де, орындауға тыйым салынатыны көрсетілген.

 

Желіде осы жайтқа қатысты шу шыққан соң мейрамхана «қазақша әндердің ойнатылуы мекеменің тұжырымдасына сай келмейтінін» алға тартты. Бұл мәлімдеме қазақстандықтардың наразылығын үдетті. «Пинтаға» барудан жаппай бас тарту бастамасы көтерілді.

 

Жабылып қалудан қорыққан мейрамхана әкімшілігі бірден «тұжырымдамасын» өзгертті. Қазір мейрамхананың Instagram парақшасында барлық ақпарат бірінші мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде беріледі. Сондай-ақ stories-тен қазақша әндердің шырқалып жатқанын байқауға болады.

 

Айта кетейік, Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істейтін «Пинта» желісінің негізін қалаушы және иесі ресейлік кәсіпкер Юрий Негодюк. Сондай-ақ оған BAO, Tomato, Paul Café, Bankabar, Spiritbar, NYHell’sKitchen мейрамханалары тиесілі.

 

ForteBank

Өткен жылы ForteBank бос жұмыс орындары жайлы хабарландыру жариялап, онда «үміткерге қазақ тілін білу маңызды емес» деп көрсетіп, көпшіліктің ашуын тудырды.

 

Жазушы Ұларбек Дәлейұлы: «Есі бар ұлт осындайға көне ме? Әрине, көнбейді! Көнгеніңіз не, осы банктегі шоттарының бәрін жауып, қызметінен мүлде бас тартады. Сөйтіп, тілін қорлаған, рухын мазақтаған келімсек тілді де, банкті де өз қоғамының алдында күйретеді», - деп жазды желіде.

 

Белгілі ұстаз, QAZBILIM ұлттық лицейлерінің құрылтайшысы, басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы да наразылығын білдірді.

 

«Қазақ тілін жүйелі іспен қорғамасақ, форте банк секілділер ұлттың тілін мәңгі мазақ ете береді! QAZBILIM ұлттық лицейлері 8 қалада 420 дан астам қызметкер бүгінге дейін жалақысын ForteBank тен алып келген еді. ForteBank ұлттың тілін қажет етпесе, онда QAZBILIM Ұлттық лицейлері қызметкерлері де ForteBank картасын қажет етпейді. Қолданбайды. Бұдан былай жалақыны басқа банктен алатын боламыз!», - деді ол.

 

Көпшілік сынынан кейін мәлімдеме жасаған ForteBank өкілі болған жайт үшін кешірім сұрады. Қаржылық ұйымның айтуынша, хабарландыруды жасанды интеллект әзірлеген. Алайда банктің жауапты қызметкері оны тексермеген.

 

«Тіл мәселесі, оның ішінде қазақ тілі елімізде өте маңызды екенін білеміз және түсінеміз. Болған жағдай үшін жын жүректен кешірім сұраймыз. Мамандарымыз шұғыл түрде тексеріс жүргізіп, қателік роботтан кеткенін анықтады», - деп ақталды банк.

 

Осы оқиғадан соң қоғамның коммерциялық мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданысына назары күшейді.

 

Qazaq coffee

 

Өткен жылдың соңында Астанада қонағына қазақ тілінде ас мәзірін беруден бас тартқан Qazaq coffee дәмханасы да сынның астында қалған.

 

Мейрамханаға келуші өз шағымын 2GIS қосымшасына жазған, ал оған жауап ретінде кофехана әкімшілігі олардың қызметкерлері қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін айтқан-ды. Бұған наразылық ретінде 2GIS қосымшасында мыңдаған сыни пікір жазылды. Олардың саны 26 мыңнан асып, мекеменің рейтингі 1,1 жұлдызға дейін құлдырады. Осыдан кейін кофехана әкімшілігі Instagram-да кешірім сұрап, іле-шала парақшаларын өшіріп тастады.

 

Көп ұзамай Qazaq Coffee кофеханасы жабылып, ол жалға алған ғимарат босағаны белгілі болды. Бұл туралы кеңсе иесі «Тикток» желісінде мәлімдеді.

 

«Бизнес жабылды, кеңсе бос, мен жалға алушысыз қалдым. Мен Qazaq Coffee иесі емеспін, мен тек кеңсенің иесімін. Кешеден бері ғимаратты қайтадан өз қолыма алдым, сондықтан енді ол қайтадан жалға беріледі», – деді ол.

 

Станислав Черчесов

 

 

Былтыр қазақ тілін кемсіткен Станислав Черчесовтің қыңыр сөзі Қазақстан футбол федерациясын біраз әуреге салды.

 

Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында журналист Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған. Черчесов оның сөзін бөліп, «Французша сөйлеп тұрсың ба?» деп мысқылдады.

 

Медиасарапшы Молдияр Ергебеков Станислав Черчесов осы сөзі арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды деп есептейді.

 

«Қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке нәсілшіл тілмен жауап берді. Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік. Сұрақ: Станислав Черчесов Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартыла ма?», -  деп жазды ол Faceebook-те.

 

Қоғам наразылығынан кейін Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті. 

 

«Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген журналист баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз», - деп жауап берді федерация.

 

Кейіннен федерация басшысы Әділет Бәрменқұлов Черчесовке айыппұл салынғанын айтты.

 

Федерация мәліметінше, айыппұл соммасы – 738 400 теңге.

 

Станислав Черчесов Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері қызметінде 7 ай ғана жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама 6 ойын өткізді, алайда бірде-бір гол соға алмады, 5 рет жеңіліп, 1 ойында тең нәтиже тіркелді.

 

Magnum

 

Өткен аптадан бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан оқиға – тұтынушыдан қазақша сөйлеуді талап еткен Magnum курьерінің жұмыстан қуылуы. Компанияның бұл ісіне наразы болған жұрт жаппай бойкот жариялап жатыр.

 

Асылхан есімді азамат Magnum сауда желісі арқылы азық-түлікке тапсырыс беріп, оны жеткізген курьермен тілдескен. Тілдесу барысында курьер қазақша сөйлеуін талап еткен. Тұтынушы мұны желіге жазған. Жазбаны оқыған компания басшылығы ешқандай ескеру берместен, ашық талқыламастан қызметкерді жұмыстан шығарып жіберген.

 

«Мен шағым түсірмедім. Бірақ постымды оқып, курьерді жұмыстан шығарыпты. Енді қайта кіре алмайтын болған» деп жазды тұтынушы.

 

Бұл жайт әлеуметтік желілерде резонанс тудырды. Желі қолданушылары мұны тілге жасалған қастандық екенін жарыса жазды.

 

«...Ресейде орыс тілінде сөйлеуді сұраған курьерді жұмыстан шығару – қоғамда үлкен резонанс туғызар еді. Бұл жағдайда Ресейде, ресми тіл орыс тілі болғандықтан, қызметкерлердің ресми тілде сөйлесуге құқығы бар деп саналады. Мемлекеттік тілде сөйлесуді талап еткен қызметкерді еш жерде жұмыстан шығаруға жол берілмейді. Бізге оңай! Осыдан кейін бізді кім сыйлайды?»- дейді Руслан Түсіпбеков есімді қолданушы.

 

Бастапқыда Magnum Cash & Carry ресми ресурстарының ешбірінде оқиғаға қатысты реакция білдірмеген. Алайда талқы қарқын алып, бойкот бастамасы жаппай қолдау тапқан соң  6 сәуірге қараған түні Magnum аккаунттарында ресми мәлімет таратты.

 

Компания курьердің жұмыстан босатылу себебі – клиенттермен бір емес, екі емес, бірнеше дүркін дөрекі сөйлесіп, қызмет көрсету әдебін қайталап бұзғаны үшін болды деген.

 

Бұл мәлімдеме оқырманның одан бетер ашуын туғызды.

 

Журналист Абай Отар бұл оқиғада кінәлі біреу болса, ол - Magnum Cash&Carry ғана деп есептейді. Оның ойынша, даудың өршуіне қазақша сөйле деген курьер де, шағым жасаған Асылхан деген жігіт те түрткі болған жоқ.

 

«Иә, оқиғаның осылай өрбуіне курьердің де, тұтынушының да қатысы бар. Бірақ түймедейді түйедей етіп отырған Магнум...  Қазір осындай шудан кейін Магнум тарапы курьер бұған дейін де дөрекілік жасаған. Шағым көп түскен деп ақталуға тырысып жатыр. Бұл суға кеткен тал қармайдының кері. Кешіріңіздер, егер талай рет дөрекілік жасаған курьерді жұмыстан қуатын болсаңыздар, басқа себеп табу керек еді. Көпшіліктің намысына тиетіндей тіл туралы оқиғаны емес.

 

Мұндай мәселені қалай шешу керек? Ең әуелі кез келген мемлекеттік орган, бизнестен қазақшаға басымдық беруді, кемсітпеуді талап ету қажет. Бұған биліктің күші жетеді. Екіншіден, кез келген жерде қазақша сөйлеңіз. Орысша біліп тұрсаңыз да. Қызмет көрсететін жерге барсаңыз, қазақша қызмет алуды талап етіңіз. Дөрекілікпен емес, сыпайы жеткізіңіз. Бірақ бөтен біреуге қазақша сөйле деп ескертпеңіз. Бұл - әдепсіздік. Орысша сөйлеп жатса да, қазақша сөйлеуіңізді жалғастыра беріңіз. Негізі тіл - коммуникация. Ол орысша сөйлеп, сіз қазақша сөйлеп, бірақ бір-біріңізді түсінісіп жатсаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ.

 

Бұл жерде АП-дағылар Магнум басшылығын шақырып алып, қазақ тілі кітабымен басынан "бір перу" керек», - деп жазды журналист.

 

Айта кетейік, курьерді жұмыстан қуған Magnum E-Commerce Kazakhstan ЖШС-ның екі құрылтайшысы бар: Magnum Cash&Carry және Kaspi Магазин компаниялары. 200 филиалы бар Magnum түбіртектері белсенді тұтынушылардың 15 жылдық күресінен кейін ғана қазақшаланған еді.

 

UPD: Кәнсіл мәдениеті компанияны құрту үшін емес, оны өз қатесін түсініп, қазақ тіліне жүйелі түрде бет бұруға мәжбүрлеу үшін қажет.

 

Қазақ қоғамында тілге қатысты кәнсіл қай кезде нәтижелі болды деп айтуға болады?


Даулы жағдай туындаған сәтте кешірім сұрап, айыппұл төлеп, мәселені уақытша жабумен шектелу — кәнсілдің түпкі мақсатына жеткенін білдірмейді. Нағыз нәтиже — компаниялардың сауатты қазақ тілін қолданысқа енгізіп, мемлекеттік тілмен жұмысты жүйелі түрде жолға қоюы.

 

Поделиться

Нет комментариев.

09/04/2025 15:23
325 0

Уведомление