Ата заңның алмағайып жолы: Конституция 30 жылда неше рет өзгерді?
Қазақстанның Конституцияcы бастан-аяқ қайта жазылады. Бұдан бұрын да референдум өткізіліп, Ата заңға іргелі өзгерістер енгізілген. Masa media тілшісі талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткен Ата заңымыз 30 жылда қанша рет өзгергенін еске түсірді.
Бас құжатты кім жазады?
Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қайта жазуды тапсырды. Президенттің пәрмені бойынша құжат мәтініндегі терминологиялық, стильдік кемшіліктер түзетілуі және тиісті өзгерістер енгізілуі қажет.
Бұл жұмысқа бас болатын – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияны Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Асимова басқарады. Ал оның орынбасары мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева болса, комиссияның хатшысы болып президент әкімшілігінің қызметкері Айдар Жарылғанов таңдалды.
Комиссия құрамына АП, ҰҚК, прокуратура, ұлттық компаниялар қызметкерлері, Парламент және мәслихат депутаттары, әкімдер, қоғам қайраткерлері мен журналистер кірді. Олар барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақыт белгіленеді.
Алғашқы Конституция
Қолданыстағы Конституция еліміздің бірінші Ата заңы емес. ҚР тұңғыш Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды және негізінен Кеңес уақытындағы саяси құрылымды сақтап қалды. Бірнеше рет өзгертілген құжат 1995 жылы түбегейлі жаңартылды. Дегенмен бірінші Конституциядағы президенттік басқару тәртібіне қатысты бөлік екінші құжатқа сол күйі көшірілді және әлі күнге дейін күшін жоймай келеді.

Назарбаев тұңғыш Конституцияның қабылдануынан кейін. 1993 жыл.
30 жылда 6 өзгеріс
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум арқылы 98 баптан тұратын Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы қабылданды. 30 жылда оған 6 рет өзгеріс енгізілген.
1998 жыл – Президенттік мерзім ұзартылды
1998 жылы 7 қазанда Ата заңның 19 бабына түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Басты өзгеріс – президент бес жыл емес, жеті жыл мерзімге сайланатын болды. Бұдан бөлек, президенттікке үміткерлер 40 жасқа толуы керек деп белгіленіп, 65 жастан аспауы керек деген талап алынды.

1998 жыл
Сондай-ақ, президент өз қызметiнен мерзiмiнен бұрын кетсе немесе қайтыс болса қалған мерзімдегі өкілеттігі ауысатын лауазымды тұлғалар қатарына Парламент Сенатының төрағасы мен Премьер-министрден бөлек Мәжіліс төрағасы да қосылды.
Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмi бұрынғыдай 4 жыл емес, 1-сессиясы ашылғаннан басталып, жаңа сайланған парламенттің 1-сессиясы жұмысқа кіріскен кезге дейін жалғасатын болып белгіленді. Сондай-ақ, мәжіліс депутаттарының саны 67 емес 77 болып өзгерді.
2007 жыл – Тұңғыш президенттің артықшылықтары бекітілді
2007 жылы Конституциядағы 25 бап қайта редакцияланды. Енгізілген негізгі өзгерістер:
· өзге адамдардың өліміне әкеліп соққан террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде өлім жазасы бекітілді;
· президент 7 жыл емес, 5 жыл мерзімге сайланатын болды;
· мемлекет басшысы Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруға міндеттелді.
· бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды, алайда бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайды деген түзету енді. Мемлекет басшысы өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ та алынып тасталды.
2011 жыл – Кезектен тыс сайлау
2011 жылы Конституциядағы 41-бап «Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды.
2017 жыл – Үкіметтің міндеттері өзгерді
2017 жылы Ата заңдағы 15 бапқа өзгеріс енгізілді. Басты өзгерістердің бірі – Үкімет өз қызметі жайлы президент ғана емес, парламент алдында да есеп беруге міндеттелді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның азаматтығынан айыруға террористік қылмыстар жасағаны және Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол берілетін болды.
2019 жыл – Елорданың атауы өзгерді
2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік қызметінен мерзімінен бұрын кететінін мәлімдеді. 20 наурызда елордаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынылды. Көп ұзамай Парламент Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.
Нәтижесінде Конституцияның 2-бабы 3-тармағы «Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленіп, Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы» деп жазылды.
2022 жыл – Референдум өткізілді

2022 жылы өткен жалпыхалықтық референдум аясында Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілді. Олардың негізгілері:
· Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті;
· Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
· Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
· Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
· өлім жазасына тыйым салынды;
· Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
· Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;
· Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
· Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.
Демек, соңғы 30 жылда Ата Заңымыздың 55 бабына 1100-ден астам өзгеріс пен толықтыру енгізілді.
20:46
14
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.