АҚШ-тағы үш күндік әуе дағдарысы саяси тартысқа ұласты
АҚШ-та үш күн бойы әуе қатынасы тұралап, мыңдаған рейс тоқтады. Бұған ескі байланыс жабдықтарын жаңарту кезінде мердігер компания жіберген қате себеп болған. Дағдарыс елде саяси тартысқа да ұласты.
Сарапшылар бұл жағдайды 2001 жылғы қыркүйектен бергі АҚШ авиациясындағы ең ірі іркіліс деп бағалады.
Дағдарыс 13 қарашада басталды. АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) байланыс жүйесіндегі ақауға байланысты ел бойынша рейстердің ұшуын бірнеше сағатқа тоқтатты. Шектеу алынғанымен, сенбіде кемінде бес мың рейс тоқтатылып, жексенбіде он мыңнан астам рейс кешікті. Дүйсенбіге қарай жағдай тұрақталып, кешіккен рейстер саны 700-ге дейін азайды.
Билік оқиғаның кибершабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Алдын ала дерек бойынша, L3Harris мердігер компаниясы ескі мыс кабельдерді талшықты-оптикалық желіге ауыстырған кезде ақау кеткен. Соның салдарынан Cisco маршрутизаторы жүйеге жүздеген қосылу сұрауын қатар жіберіп, байланыс жұмысын істен шығарған.
Оқиғадан кейін АҚШ-та саяси дау өршіді. Көлік министрі Шон Даффи отставкаға кету туралы талаптарды қабылдамай, елдегі инфрақұрылымның тозғанын айтты. Оның сөзінше, әуе қозғалысын басқару жүйесінде әлі де 1960 жылдардағы радиолокациялық жабдықтар қолданылады. Министр Конгрестен жүйені жаңартуға 50 миллиард доллар бөлуді сұрады.
Президент Дональд Трамп дағдарысқа Джо Байденнің бұрынғы әкімшілігін кінәлады. Ал демократтар соңғы екі жылда Конгресті республикашылдар бақылап отырғанын және қажетті қаржыны бөлуге олардың да мүмкіндігі болғанын алға тартты.
10:23
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.