Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталды

Қорғау тарапы іспен әлі таныспаған


12/01/2024
10:42 10411 0

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, әзірге іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермеген. Соған қарамастан істі прокуратураға жібермек. 

 

Олар істі прокуратураға жіберейін деп жатыр. Маған 22 қаңтарда материалдар сотта болуға тиіс деді. Сол кезде материалдармен танысуға болады дейді. Алайда бұл дұрыс емес. Прокуратураға жіберместен бұрын біз қол қоюға тиіс едік. Алайда біз іспен әлі таныспадық және біздің қолсыз прокуратураға жібере алмайды, – деген Нұрпейісов Азаттық радиосына.

 

«Не дейді» You Tube арнасының авторы, тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Оған бұл айыптардың тағылуына оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әбілязовтан сұхбат алуы себеп болған. 

 

Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол істің саяси астары бар деп есептейді. Ол бұған дейін қамауда бірнеше рет аштық жариялап, саусағын кескен. Соңғы рет төрт жылға сотталған журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан мен жеті жылға бас бостандығынан айырылған марафоншы Марат Жыланбаевты қолдап аштық жариялаған. 

 

Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған.

Поделиться

Нет комментариев.

12/01/2024 10:42
10411 0

Уведомление