Қадыров: АҚШ пен Израиль ислам елдері арасына әдейі жік салды
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров АҚШ пен Израиль Иранды жауап әрекеттерге әдейі арандатып, соның салдарынан қақтығысқа үшінші елдер де тартылды деп есептейді.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров АҚШ пен Израиль Иранды жауап әрекеттерге әдейі арандатып, соның салдарынан қақтығысқа үшінші елдер де тартылды деп есептейді.
Қадыровтың мәлімдемесі
Ол Telegram-арнасында АҚШ пен Израильдің қасиетті Рамазан айында Иранға соққы беруі «ислам әлемінің арасына жік салу әрекеті» болғанын мәлімдеді.
Қадыров шабуыл салдарынан Иранның жоғарғы жетекшісі әрі рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи, оның отбасы мүшелері, Минаб қаласындағы орта мектептің 168 оқушысы және көптеген бейбіт тұрғын қаза тапқанын атап өтті.
Оның пікірінше, АҚШ пен Израиль Ислам Республикасын әдейі жауап соққы жасауға итермелеп, осылайша қақтығысқа басқа мемлекеттерді де тартқан. Қадыров тактикалық тұрғыдан америкалық әскери базаларға жасалған жауап соққыны «болжанған қарсылық» деп бағалады. Алайда үшінші елдердің азаматтық инфрақұрылымына шабуыл жасау мен бейбіт тұрғындардың қаза табуын ешбір жағдайда ақтауға болмайтынын айтты.
БАӘ президентін қолдауы
Шешенстан басшысы Иранның Әмірліктер аумағына жасаған шабуылдарына байланысты елдің «соғыс жағдайында» екенін және өз міндетін орындайтынын мәлімдеген БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
«Әмірліктер басшылығы көрші елдерге ешқашан әскери талап қойған емес. Бұл мемлекет әлемдегі ең қауіпсіз әрі тұрақты елдердің бірі саналады. Дегенмен азаматтық нысандарға жасалған соққылар мен бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандардан кейін ел өз азаматтарын қорғап, қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болды», – деп жазды Қадыров.
Ол Парсы шығанағы елдерін іс-қимылдарын үйлестіруге шақырды.
Сонымен қатар республика басшысы жыл басында өзіне Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн және бірқатар өзге елдердің елшілері ірі кездесу өткізуді ұсынғанын айтты. Алайда ол жиынға БАӘ өкілдері де міндетті түрде қатысуы керек деп талап еткендіктен, кездесу кейінге қалдырылған.
«Сыртқы күштердің араздық тудыруына жол бермеу үшін диалог мүмкіндігін сақтап қалу маңызды», – деп түйіндеді Қадыров.
фото: tass.ru
08:20
27
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.