2026 жылы Қазақстанда қалай жұмыс табуға болады? Рекрутерден кеңес
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде жұмыс табудың қиындап кеткенін жиі талқылай бастады. Автоматтандыру, жасанды интеллектінің дамуы және салық төлемдерінің артуы еңбек нарығын түбегейлі өзгертті.
Masa.media редакциясы мансаптық кеңесші әрі жаһандық рекрутер Әсем Сағынбаевамен әңгімелесті. Ол жас мамандарға 2026 жылы жұмысты қалай іздеу керегін және сұраныста болу жолдарын айтып берді.
Түйіндемені қалай жазу керек?
Әсем Сағынбаеваның айтуынша, түйіндеме жазу барысында үміткерге өзі туралы деректің бәрін тізіп шығудың қажеті жоқ. Ең бастысы –жұмыс берушіге сіздің қандай пайда әкелетініңізді ұғындыру. Неғұрлым нақты болса, соғұрлым жақсы.
«Ең ұтымдысы – қысқа әрі нұсқа ақпарат. Жалпылама сөздердің орнына нақты дерек беру. Тәжірибе аз болса да, сандар, нәтиже, мысалдар қажет. Ең жиі кездесетін қате – түйіндемеде «міндеттер туралы» жазу. Бұл жұмыс берушіге қызық емес. Оған сіздің не істегеніңіз, нені үйренгеніңіз, қандай нәтиже бергеніңіз маңызды», – дейді маман.
Платформалар ма, әлде нетворкинг пе? Жұмысты қайдан іздеу керек?
Threads платформасында қазақстандықтар дәстүрлі HH сайтынан қызықты хабарландырулар таппай жүргендерін бірнеше рет талқылаған. Әсем Сағынбаева бұл пікірмен келісіп, еңбек нарығы әлдеқашан бір ғана платформа шеңберінен шығып кеткенін атап өтті.
Ол LinkedIn-ге назар аударуды ұсынды – бұл іскерлік байланыстарға арналған арнайы әлеуметтік желі. Оның айтуынша, онда жақсы лауазымдар мен орынды талаптар қоятын жұмыс берушілер көп.
Сондай-ақ хабарландыруларды HR-сүзгісіз жариялайтын Telegram-арналарды да атап өтті.
Жұмыс табудың тағы бір жолы, бәлкім, ең маңыздысы – нетуоркинг. Рекрутердің айтуынша, ең қызықты ұсыныстардың көбі тіпті хабарландыру сайттарына да жетпей қалып жатады.
«Көп орындарды нетуоркинг арқылы қағып кетеді, бірақ мұнда әңгіме – тамыр-таныстық емес, сенім туралы. Сондықтан мен үнемі айтамын: жұмыс іздеу – тек түйіндеме жіберумен шектелмейді. Бұл – өз алдына бір бөлек жұмыс, белсенді болу, көзге көріну және бүкіл процесті толыққанды жоба ретінде қабылдау маңызды», – деп түсіндірді ол.
Жұмыс берушілер қандай дағдыларды жоғары бағалайды?
Сарапшының пікірінше, 2026 жылы еңбек нарығы күрделене түсті, бірақ әділ бола бастайды.
Әсем Сағынбаева бәсеке күшейген заманда дипломның өзі есік ашатын «сиқырлы кілт» болудан қалғанын айтады. Сонымен қатар жұмыс берушілер де үміткердің «мінсіз мансап жолына» байлана бермейді.

«Жұмыс берушілер барған сайын икемділікке, үйренуге қабілеттілікке, мотивацияға және нақты дағдыларға қарайды. Байқап көруге, бейімделуге дайын адамдар жұмыс таба алады. Әрдайым біз ойлағандай тез бола қоймайды, бірақ екі қолға бір күрек табылады. Мұны жас мамандарға жеткізу өте маңызды, олар үмітін үзбеуі керек», – деп атап өтті рекрутер.
Жұмыс іздеу – құндылығыңды тексеретін емтихан емес
Әсем Сағынбаева мансап жолын енді бастаған адамдарға мынадай кеңес береді:
- Кері байланыс болмауын жеке сәтсіздік ретінде қабылдамау. Жұмыс іздеу – бұл процесс, ол сіздің құндылығыңызды анықтайтын емтихан емес.
- «Мінсіз» лауазымды күтіп отырмау. Алғашқы жұмыс – бастамасы ғана. Ол тәжірибе, сенімділік және өз басымдылықтарыңды түсіну үшін қажет.
- Белсенді болыңыз: HR-мамандарға тікелей жазыңыз, сұрақ қойыңыз, кері байланыс сұраңыз, тағылымдамалар мен жобалық жұмыстардан қорықпаңыз.
«Көп адам жұмысты дәл осы – жай ғана өтініш жіберумен шектелмей, бір қадам артық жасағанының арқасында табады», –деп түйіндеді маман.
11:33
69
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.