Каспийдің тағдыры: Қазақстан мен БҰҰ қандай келісімге келді

Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) пластик қалдықтарымен күрес, Каспий теңізін сақтау және климат мәселелері бойынша ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.


16/11/2026
09:29 0

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 15 қарашада Антальяда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында министр Әлібек Қуантыров БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЮНЕП атқарушы директоры Ингер Андерсенмен кездесті.

 

Кездесуде Қазақстан мен ЮНЕП арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары және экология мен климат саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдары талқыланды.

 

Әңгіме барысында пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі жаһандық келісім әзірлеуге қатысты халықаралық келіссөздерге ерекше назар аударылды. Тараптар үкіметаралық келіссөздер комитетінің жұмыс барысын талқылап, тиімді халықаралық шешімдер қабылдау үшін сындарлы диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.

 

Кездесуде Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мәселесі де бөлек қаралды.Министр теңіз ортасын қорғау және Каспий өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау бағытында бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың күш біріктіріп, нақты жобалар аясындағы ынтымақтастықты дамытуына басымдық берілді.

 

Бұдан бөлек, тараптар метан шығарындыларын азайту мәселесін талқылады. Қазақстан метан бөлінуін қысқарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың тәжірибесімен бөлісіп, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мен озық тәжірибелер алмасудың маңызын атап өтті.

Поделиться

Нет комментариев.

16/11/2026 09:29
0

Уведомление