Популярные тэги

Назарбаев пен Тоқаев өзге ұлт алдында қазақ тілі туралы не айтып келді?

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларындағы месседждер


25/04/2025
12:39 297 0

Сурет ашық дереккөздерінен 

 

Назарбаевтың ҚХА-ның XXII сессиясында сөйлеген сөзі

 


2015 жыл, 23 сәуір

 

«...Кез келген ұлт-мемлекет – ең алдымен, оның бірегей мемлекеттік тілімен өлшенеді. Қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдеріне алғыс айтамын. Балабақшадан бастап баласын туған елінің тілінде сөйлеуге баулып жүрген ата-аналарға рақмет. Қазақ тілінің дамуы тарихта болмаған қарқын мен ауқымға жетті. Бүгінде қаншама өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеріп жатыр! Сонымен қатар, Қазақстанда орыс тілі де кеңінен қолданылады.

 

Мемлекет еліміздегі барлық этностардың тілдерін дамытуға қамқорлық жасайды. Біз үштілділікті енгізу қарқынын үдетіп жатырмыз. Қазақстандықтардың 20 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Демек, үш тіл білу – бұл жаһандық өмірге жолдама. Бұл – адамның өмірде табысты болуына негіз болатын қағида.»

 

Назарбаевтың ҚХА-ның XXVI сессиясында сөйлеген сөзі

 


2018, 28 сәуір 

 

«...Қазақстанның этно-әлеуметтік саясаты Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да беделді халықаралық ұйымдар мен таяу және алыс шетелдердің тарапынан жоғары баға алғаны тегін емес.

 

Атап айтқанда, қаншама рет жақсы сөз де, сын да айтылған мемлекеттің тіл саясаты мүдделер тоғысының оңтайлы теңгерімін табуға мүмкіндік берді. Халықтың байырғы ұстанымына сай келетін бұл саясат елімізде ешкімнің де мүддесін шектемейді. Тіл мәселесіне қатысты Қазақстанда қол жеткізілген жалпыұлттық келісім – бұл біздің «алтындай қымбат шешіміміз» екеніне нық сенімдімін.»

 

 

Назарбаевтың ҚХА-ның XXVII сессиясында сөйлеген сөзі 

 


2019 жыл, 29 сәуір

«... Ең алдымен, мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің саны артып келеді. Қазір олардың саны 4 мыңға жуық. Бұл 90-жылдардың басымен салыстырғанда екі есе көп. Қазақ тілін оқытатын орталықтар кез келген адамға қолжетімді.

Осыған байланысты «Ситуациялық қазақ тілі – Мәміле» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бұл жоба қазақ тілін күнделікті өмірде қолданып, тез үйренуге бағытталған. Сонымен қатар, мемлекет этностардың тілдері мен мәдениеттерінің дамуына қолдау көрсетеді.

Бүгінде елімізде 88 мектеп өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде білім береді. Ал 108 мектепте Қазақстандағы 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқытылады. Елде 15 тілде 35 баспа басылымы жарық көреді. Телерадио арналарда 11 тілде бағдарламалар көрсетіледі. Қазақстанда 14 орыс театры, өзбек театры, сондай-ақ ТМД бойынша жалғыз ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Мұндай жағдай басқа ешбір елде жоқ...»

 

Тоқаевтың ҚХА-ның ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзі

 


2022 жыл, 8 маусым

 

«...Мемлекет басшысы біздің алуантүрлі мәдениетімізді танытатын бірегей ақпаратты кеңінен таратуға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі.»

 

Тоқаевтың ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзі

 


2023 жыл, 27 сәуір

 

«...Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек.

 

Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін  тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет.

 

Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды. Бұл мәселеде кез келген жөнсіз әрекеттің салдары ауыр, тіпті қайғылы болуы мүмкін.»

 

Тоқаевтың ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі

 


2024 жыл, 25 сәуір

 

«...Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды.

 

Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық.

 

Ресеймен шекарамыз – әлем бойынша ең ұзын шекара. Орыс тілі Еуразия кеңістігінде және халықаралық қоғамдастықта сұранысқа ие. Осының барлығын ескерсек, бәрімізге Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми тілдердің бірі саналатын орыс тілі қажет екені сөзсіз.»

 

Тоқаевтың ҚХА-ның ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі

 


2025 жыл, 24 сәуір

 

«...Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс.

 

Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз.»

 

Материал ҚХА-ның ресми сайтында жүктелген баяндамалар негізінде әзірленді.

Поделиться

Нет комментариев.

25/04/2025 12:39
297 0

Уведомление