Популярные тэги

Буллинг құрбандарының жан тебіренісі театрда сахналанбақ


11/04/2025
16:52 820 0

Сурет «АйтArt» театр лабораториясының жобасынан

 

ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, Қазақстан 117 елдің ішінде буллинг деңгейі жоғары алғашқы он елдің қатарына кіреді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, спорт мектептерінде, тіпті отбасында да буллингтің түр-түрі жиі кездеседі.

 

Осы мәселені қоғамға жеткізу үшін «АйтArt» театр лабораториясы ерекше жобаны қолға алды. Олар жасөспірімдер арасында кездесетін буллинг жағдайларын деректі спектакль түрінде сахналап отыр. Қойылым вербатим техникасы арқылы жасалған – яғни сахнада нақты кейіпкерлердің айтқан сөздері мен тәжірибесі еш өзгеріссіз жеткізіледі.

 

Қойылымда 13 кейіпкердің басынан өткені жеткізіледі.  Бұдан бөлек, театр әртістері жағдайды толық ұғыну үшін мектеп жасындағы көптеген баламен  сұхбаттасқан.

 

 

Спектакльде ойнайтын актерлер мен актрисалар буллинг тақырыбына қатысты ақпаратты өздері жинап, зерттеу жүргізген.

 

Актриса Айгерім Тлес спектакль материалын жинау барысында мектеп оқушыларымен сөйлесудің аса қиын болмағанын айтады. Актриса бала психологиясына ерекше көңіл бөлген.

 

«Сұхбатқа дейін бала психологиясы туралы тереңірек зерттедік. Кейіпкерлерімізбен сенімді қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Ең бастысы – оларды кінәламай, тыңдауға дайын екенімізді көрсеттік», – дейді ол.

 

 

Актер Санжар Бекетұлы да қойылымға спорт мектебінде буллингке ұшыраған кейіпкерінің оқиғасын негіз еткен.

 

Оның айтуынша, спорт мектептерінде «дедовщина» жүйесі қалыптасқан: үлкен сынып оқушылары кішілерді қорқытып, ақшасын тартып алу, ауыр сөздер айту, ұрып-соғу сияқты әрекеттерге барады.

 

«Спорт мектебіндегі кейіпкеріме буллинг психикалық, физикалық түрде  болған және оның құқығын таптаған. Ол еркін уақытын өткізе алмайтын, басқалар жатын бөлмесіне шақырып жұмыс істететін, істемесе ұрып-соғатын. Тіпті ұлтына тіл тигізу, түр келбеті мен дене бітімі жайлы естіген жаман сөздері көп болған», – дейді актер.

 

Санжардың айтуынша, көбіне ер балалар өз бастарынан өткен қиындықтар туралы айтуға ұялады немесе сенімсіздік білдіреді. Осындай кедергілерді жеңу үшін актер кейіпкерімен жай әңгімеден бастап, сенім орнатып, тек содан кейін ғана ауыр тақырыптарға көшкен.

 

«Алдымен “Күнің қалай өтті?”, “Қанша медаль бар?” дегендей сұрақтар қойып, көңілін жұмсарттым. Кейін ғана спорт мектебіндегі жағдайлар туралы сөйлестік», – дейді ол.

 

«Ата-ана тарапынан қысым көбірек»

 

Қойылымда тек мектеп немесе спорт мекемелері ғана емес, ата-аналар тарапынан болатын қысым да көрініс табады.

 

Қойылым кейіпкерлерінің бірі отбасылық қысым салдарынан өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған. Оның сөзінше, буллингтің басым бөлігі - жақындарының тарапынан болатын қысым.

 

«Кейбір ата-аналар балаларын басқалармен салыстырып, жетістігін жеткілікті деп санамай, қысым көрсетеді. Мұндай жағдайға үйреніп қалған бала кейін басқаға да сондай қарым-қатынас жасайды», – дейді.

 

Психологиялық салдар

 

Айгерім Тлес буллингтің психологиялық салдары жайлы да айта кетті.

 

«Буллингке ұшыраған балалардың эмоциясы, мінез-құлқы өзгереді. Олар өз-өзін қоғамнан оқшаулап, жалғыздыққа бой ұрады. Бұл көбіне сенімсіздік, мазасыздық, агрессия, оқу үлгерімінің төмендеуі сияқты белгілермен көрініс табады», - дейді актриса.

 

 

Буллингтің салдары тек мектеп қабырғасында емес, кейінгі өмірде де көрініс береді. Санжардың кейіпкері мектепке оралғаннан кейін өзіне сенімсіз болып, бұрынғыдай спортпен айналысуды доғарған.

 

«Кезінде Кандидат мастера спорта болған жігіт бүгінде спорттан мүлдем алыстап кетті. Қазір адамдарға сенбейді, өзінен әлсіздерге агрессия танытып, өзі де буллинг жасаушыға айнала бастады», – дейді актер.

 

«Буллингке мән бермейді»

 

 

Актерлер спектакль барысында мектеп әкімшілігінің буллингке қатысты әрекетсіздігі мен ата-аналардың салғырт көзқарасы жайлы да нақты мысалдар келтіреді.

 

«Кейбір мектептер бұл мәселені жылы жауып қоюға тырысады. Ал ата-аналардың көбі баланың ішкі жанайқайына назар аудармай, мұндай жағдайларды табиғи нәрсе ретінде қабылдайды», – дейді олар.

 

Айгерімнің пікірінше, қазақ қоғамының кейбір бөлігінде ата-аналар буллингті елеусіз қалдырады. 

 

«Олар бұл мәселені «балалар арасында болатын жағдай» ретінде көреді. Қазақ қоғамында балаға қатысты стереотиптер мен әлеуметтік қысымдар бар. Мысалы, ұл балаларға көбінесе «қатты» болу, қарсыласуға және өзін қорғауға үйрету талап етіледі. Ал қыз балаларға нәзік болу және басқалармен жақсы қарым-қатынас жасауға бағытталады», -дейді ол.

 

Сонымен қатар, Санжардың айтуынша, спорт мектептеріндегі кейбір «тәртіп» жүйелерін мұғалімдердің өздері қалыптастырған.

 

«Кейіпкерімнің сөзіне сүйенсек, жаттықтырушылар «дедовщина» арқылы тәртіп орнатады деп есептейді. Ал мектептерде буллингке әкімшілік те, мұғалімдер де назар аудармайды. Психологтар жетіспейді, ал барларының тәжірибесі аз», – дейді Санжар.

 

 

«АйтArt» театрының деректі қойылымы – қоғамда жабық қалатын, бірақ көп адамның басынан өтетін мәселеге жарық түсіретін маңызды әлеуметтік жоба. Шынайы оқиғаларға негізделген қойылым көрерменге жасөспірімдердің ішкі әлемін, олардың үнін жеткізуді көздейді.

 

Премьера Алматы қаласында сәуір айында өтеді. Көрсетілім уақыты мен орны «АйтArt» театрының әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Поделиться

Нет комментариев.

11/04/2025 16:52
820 0

Уведомление