«Отыздан асып барамын»: Жігіттер неге үйленбейді, олар қандай қысымға ұшырайды

Сурет ашық дереккөздерінен
Бауыржан, 31 жаста, курьер
Бұрын «үйлену оңай, үй болу қиын» деп айтушы еді. Бірақ меніңше, қазір үйлену де, үй болу да қиын сияқты. Жұмысы бар, ақшасы бар адамдар үйленбей жүрсе, таңқалуға болатын шығар. Бірақ біздегі мәселе сол — бәрі тұрақты жұмыстың жоқтығына келіп тіреледі.
Қазір менің тұрақты жұмысым да, жақсы табысым да жоқ. Сол үшін осы уақытқа дейін мені түсінетін қыз таба алмадым. Өзім де жеке басымның материалдық жағдайын түземей жатып, үйленемін деп айта алмаймын. Қазір бұрынғыдай бәрін бірге көтеретін, жоқшылықта да жаныңнан табылатын қыздар аз. Мүмкін заманның талабы сондай шығар. Бірақ осылай жүре берсем, әлі қанша уақыт бойдақ жүретінімді бір Алла біледі.
Құрдастарымның көбі үйленген, балалы-шағалы. Кейде оларға қарап қызығасың. Бірақ олардың мойнындағы жауапкершілік те жеңіл емес. Дегенмен, отбасың болса, қандай қиындық болса да оны жеңуге мотивация табылатын сияқты.
Айналамдағылар «тезірек үйлен» дегенді өте жиі айтады. Күнделікті өмірде аса сезілмесе де, той-томалақтарда туыстар жағы үнемі есіме салып тұрады. Қыздармен таныстыруға тырысады. Мен бұны қысым деп қабылдамаймын, олар менің бақытты болғанымды қалайды. Бірақ жыл сайын «әлі үйленбедің бе, жасың келіп қалды ғой» деген сөздер айтылады. Мен мұның бәрін білмегендіктен үйленбей жүрген жоқпын. Жасымның келіп қалғанын да жақсы білемін. Реті келсе, баяғыда-ақ үй болар едім.
Енді арманымды айтар болсам, адам алдымен өзін табу керек екен. Мен осыны жасағым келеді: өзімді тану, табу, кәсіп ашу немесе жақсы жұмысқа тұру. Содан кейін, әрине, жақсы жар табу. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой, мүмкін кеш болса да өз бақытымды табармын.
Жүніс, 36 жаста, құрылысшы
Мен қазір құрылысшы болып жұмыс істеймін. Қытайдан келгенмін. Баспанам және көлігім бар. Осы уақытқа дейін көп қызбен дос ретінде сөйлесіп, араласып жүрдім. Бірақ олардың көбі менен жасы кіші болғандықтан, әңгімеміз жараса бермейтін. Мені шын түсінетін, бастысы, мінезіміз сәйкес келетін қызды жолықтыра алмай жүрмін. Махаббат болса да, көбіне біржақты ғана болып келеді. Егер мен ұнатсам, ол мені ұнатпайды, немесе керісінше.
Достарым мені «тым талғампазсың» деп кінәлайды. «Таңдаған тазға жолығады» демекші, осылай жүре берсең, жалғыз өтесің деп сөгеді. Бірақ менің ойымша, тек жалғыз қалмас үшін асығыс үйленгеннен пайда жоқ. Арамызда екі рет үйленіп, тағы ажырасып, қазір менімен бірге бойдақ саналып жүрген достарым да бар. Оларды сынап тұрғаным жоқ, десе де, Алланың бұйыртқанынан қашып кете алмаймын ғой. Сол үшін қатты асығыстық жасамаймын.
Көбіне қыздарға менің қара жұмыс істейтінім ұнамайды. Бірақ мен өз мамандығымды қара жұмыс деп есептемеймін. Бұл да өз кезегінде өнер мен білімді, шеберлікті талап ететін жұмыс.
Қоғамда негізінен менің бойдақ жүргенімнен гөрі, менің оралман екендігіме қысым көбірек дер едім. Көбіне мені осы тұрғыдан өздеріне сай санамайтындар көп. Менің сөйлеу мәнерім, орысша білмейтінім ұнамайды. «Орысшаны әлі үйренбедің бе?» деген сөздерді жиі естимін. Әркімнің ойы әртүрлі, бірақ маған өз тілімде сөйлеген ыңғайлы.
Болашақта бәлкім көзқарасы менімен ұқсас жанды кезіктірермін. Сол адаммен жақсы тәрбиелі ұрпақ өсіргім келеді. Ал қазір, жаңа айтқанымдай, ешқайда асығып жатқаным жоқ. «Асықпаған арбамен қоян алар» деп жүріп жатқан жайым бар.
Ерсін, 30 жаста, кәсіпкер
Менің ойымша, адам бірінші кезекте отбасы құруға дайын болу керек. Себебі ертең бала-шағаң аш қалса, оның бәрі сенің жауапкершілігіңде болмақ. Баланы бағу бір бөлек, білім алғызу, тәрбиелеу бір бөлек. Болашақ әйелім мен балаларыма бар жағдайды жасауым керек деген мақсатым бар. Себебі өзім кішкентайымда әкесіз өсіп, жоқшылықты көп көргенмін. Сол үшін мінезіміз сай, сенімді адамды табу – міндетім деп санаймын.
Қоғамнан қысым көремін, иә, бірақ мен оны қысым деп қабылдамайынша, ол сөздер менің жүйкеме әсер етпейді, сондықтан ол мен үшін «қысым» емес. Басқалардың сөзі – тек уақытша нәрсе. Олардың бәрі сен кеткеннен кейін өз өмірлерін жалғастыратын жай адамдар. Түптің түбінде өз өмірің өз қолыңда. Сол үшін «үйлен» деп түртпектейтіндер ертең сенің отбасыңды асырап бермейді.
Негізі, қазір көбі жастайынан үйленіп жатқандықтан, отыз жастағы адамдар кәрі көрінетін сияқты. Негізі олай емес. Басқа мемлекеттерге қарайтын болсақ, көбісі отыз бен қырықтың арасында үйленіп жатады және одан жапа шегіп жатқан ешкім жоқ.
Қазіргі мақсатым – барынша даму, білім толықтыру. Содан кейін барып, ақыл-парасаты сай адам табу. Қазір де айналамда өте ақылды, білімді қыздар көп. Меніңше, барлық жағынан толысқан адамға өз жартысын табу ешқашан кеш емес. Отбасында қаржылық қиындық болмаса, бірін-бірі ұнататын екі білімді азамат ешқашан жаман ата-ана болмайды.
Ержан, 35 жаста, мұғалім
Мен мектепте дене тәрбиесі сабағының мұғалімімін. Отбасында үш ағайындымыз, мен – үлкенімін. Екі інім де үйленген. Менімен таныса сала адамдардың қоятын сұрағы – «неге үйленбегенсің».
Негізі, бұл сұраққа мен әркезде әртүрлі жауап беремін. Өйткені оның бір ғана себебі жоқ. Бірақ негізгісін айтар болсам, қазір мінезі жақсы қыз табу өте қиын дер едім. Көбінің өздері қойған принциптері, талаптары бар. Оның барлық талаптарына сай келу өте қиын. Менің жасымда көзсіз махаббатпен үйлене салатын он сегіз-жиырма жастағы қыздар кездеспейді. Менімен қатарлас қыздардың ақыл-парасаты толысқан, жігіт таңдаудағы талғамы мен стандарттары өскен. Олар салқынқанды түрде өзіне сенімді серік іздейді.
Қоғамда үйленбегенім үшін аса бір кемсітушілік бар деп айта алмаймын. Бірақ құрбы-құрдастардың жиынына барғанда қара басың сопайып жалғыз отыруың оғаш көрінеді екен. Сол себептен де әйелдерімен жиналатын кездесулерге көбіне бармауға тырысатынымды байқадым. Бойымда осындай «комплекс» пайда болған сияқты. Бұдан бөлек, достарымның әзіл-шыны аралас «үйленбей жүруіңнің бір себебі бар-ау» деп түртпектеуі де осы комплексті ұлғайта түскендей.
Болашақта көзі ашық, көкірегі ояу жанмен тұрмыс құрып, ел қатарлы өмір сүремін деген үмітім бар.
Ерсұлтан, 38 жаста, құрылысшы
Біз отбасында екі ағайындымыз. Жастайымыздан ата-анасыз өстік. Сондықтан мектепті аяқтай алмай, тоғызыншы сыныпта мектепті тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болдым.
Көп жылдар бойы өзімнің мүгедек досымның көлік жүргізушісі болып істедім. Сол кездерде екеуіміз де өмірлік жарды бірге іздедік. Осылай он жыл бойы ешқандай нәтиже шығара алмадық. Кейін досым қайтыс болып, басқа жұмыстарды қарастыра бастадым. Ауылдық жерге барып, мал бақтым.
13.Үйленбей жүруімнің себебі тым жуас мінезімнен болуы мүмкін деп ойлаймын. Қатты ашыла бермеймін, мінезім тұйық. Айналамдағылардың бәрі өз теңін тауып кеткен. Қырыққа жақындап қалдым, үмітсіз шайтан демекші, үміт жоқ емес, құдайдың жазғанын көрерміз.
Қасымдағы құрдастарым, туыстарым мені үйленуге асықтырады, таныстырады. Ендігі арманым — артыма ұрпақ қалдыру, теңімді табу.

Нет комментариев.