Зиялы ма, зиянды ма?: Ақын-жазушылар неге жалтақ?

«Қаңтар кезінде халық жағында болмағандардың білгішсінуге моральдық құқығы жоқ»


18/05/2023
15:57 4389 0

 

Жақында Алматыда Қазақстан жазушылар одағының құрылтайы өтіп, жиынға келген 538 ақын-жазушы жаңа төрағаларын сайлады. Одақты бес жыл басқарған ақын Ұлықбек Есдәулеттің орнына жазушы, журналист Мереке Құлкенов келді. Ол қызметіне кіріспей жатыр «Жазушылар оппозиция болмауы керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген сөз – президентке қарсы болу деген сөз» деп мәлімдеді. 

Онсызда қоғам тарапынан сынға ұшырайтын одақ пен ақын-жазушылар Құлкеновтің бұл сөзінен кейін даудың астында қалды. Бірақ сонда да жаңа төрағаның сөзіне бір ауыз қарсы пікір айтқан жоқ. 

Бірақ бүгін біз Қазақстан жазушылар одағы төңірегіндегі дау жөнінде ғана емес, жалпы, өзін «зиялы» санайтын ақын-жазушылар неге бейбіт күні ұлтшыл болып, елдің басына іс түскенде үнсіз қалады? Неге билікке жалтақ? деген сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн көрдік. 

Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің сөзінен кейін одақ мүшелігінен кеткен жазушы, журналист Қойшыбек Мүбарак ақын-жазушылардың көп жағдайда үнсіз қалуын одақ, билік тарапынан берілетін марапаттар мен мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға тәуелділікпен байланыстырады. Оның сөзінше, қаламгерлердің басым көпшілігі «әдебиет – ардың ісі» деген ұғымды ысырып қойып, жұмған ауызын ашпайтын деңгейге жеткен.

– Одақ төрағасының маңайындағылар құрып алған баспалар бар. Осы баспалар арқылы одақ мемлекеттен грант па... тендер ме... әйтеуір бір қаржы алып, кітаптар шығарады. Олар кімдердің кітабын шығарады? Өздеріне «ләппай, тақсыр» дейтін адамдардың кітабын шығарады. Өткен жылы 1000 автордың кітабын 35 мың тиражбен шығару басталды. Бұл кітаптар Қазақстандағы мектеп кітапханаларының барлығына тарқатылады әрі оның қомақты гонорары болады деді. Осы үшін қаламгерлер «ардың ісі» дейтін дүниені қайырып қойып, өзінің ашық пікірін білдіруден жасқанып қалады. Ақын-жазушылардың қарсылық танытпай, үнсіз қалуының басты себебі – одақтың тарапынан тарқатылатын марапаттар, одақтың мүшәйра-жүлделері, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар, – дейді жазушы.

 

Мистик жазушы Қойшыбек Мүбарак.

Әлеуметтік желіде қарсылық танытқан қаламгерлердің бірі – Есбол Нұрахмет. Жазушы «Жаңа сайланған төраға әр жазушының қандай пікірде болуы керек екенін белгілеп бере алмайды. Шығармашылығына да араласа алмайды. Одаққа төраға болу, менің түсінігімде, оқырман мен жазарман арасына дәнекер болу, билік пен жазушы емес. Егер Жазушылар одағының мүшесі тек төрағаның ғана көзқарасымен өмір сүруі керек десе, мен де бас тарттым бұл одақтан» деп жазба жариялады. Бұл жазба көп уақыт өтпей жазушының жеке парақшасынан өшірілді. 

Ол «Әлеуметтік желідегі жазбаны неліктен өшірдіңіз?» деген сауалға «Өшіргем жоқ, тек құпиялап қойдым» деп пікір білдірді. «Жазушылар одағы осы жылы ақын-жазушылардың кітабын шығарады. Құпиялап қоюға бұл фактор әсер етпеді ме?» деген сұраққа «Естімеген екем» деп қысқа ғана жауап берді.

Ақын Тілек Ырысбек жазушылардың үнсіз қалуын Жазушылар одағымен ғана байланыстыруға болмайды дейді. Оның сөзінше, қазақ әдебиетінде протестік әдебиет жасап жүрген ақын-жазушылар бар. 

– Жазушыларды тек Жазушылар Одағымен байланыстыруға болмайды. Одақ айналасындағы адамдар нарыққа бейімделе алмағандықтан тендерге тәуелді. Сол үшін, үкімет бір күні жарылқап қалар деп өз позициясын жасырады. Бұл билікке деген шексіз құштарлықтан пайда болған мүдделерге байланысты. Дегенмен, бізде протестік әдебиет жоқ емес. Әрқашан жазушылар оппозиция болған, болуы керек деп есептеймін, – дейді ол. 

Ақын Файзулла Төлтай «Жазушылар қоғамдық өмірге араласпай, шындықты өз шығармасында көрсетуі тиіс» деген ой айтатын қаламгерлер бар. Бұл жауапкершіліктен қашу емес пе? Қаламгерлер неге көп жағдайда бұғып қалады?» деген сауалға «Мұны екі түрлі формада қарастыруға болады: бірі қаламгердің табиғаты, екіншісі сыртқы факторлардың әсерінен қалыптастырған болмысы» деп түсіндірді.

– Біріншісін қандай жағдайда болмасын ақтап алуға болады. Себебі ел алдына шығып сөйлеуге ұялатын, ешқашан даусы өзінің сыртына шығып көрмеген, біртоға, тіпті қазіргі тілмен айтатын болсақ, әлеуметтік желіні пайдаланбайтын немесе желіде белсенді емес қаламгерге «сен неге бақырып көшеге шықпайсың?», «сен неге әлеуметтік желіге пост жазбайсың?» деп кінәлау ақымақтық. Себебі олардың табиғатында мұндай дүниелер жоқ. Бірақ олардың бұл қасиеті немесе әрекеті елін сүймейді, қоғамдағы жағдайларға бей-жай қарайды деген сөз емес.  Кейде олардың шығармасын оқып отырып, қалам мен қалақтың ортасында айқайлап жүргендерге қарағанда, әлдеқайда ұлтшыл екенін көресіз.  Енді екінші типтегі жазармандарға келсек. Бұл типтегі қаламгерлерді де екіге бөлуге болады: шарасыздар мен тойымсыздар. Сыртқы факторлардың әсерінен үнемі бастырылып, артық ауыз сөз айтып қойса, үйіндегі бала-шағасы аш қалып кетеді деп ойлап, шарасыздан аузына құм құйылатындар. Тойымсыз қаламгерлерге болса, бәрібір. Тек өздерінің қалтасы толып, жақсылап сыра ішкенге ақшасы болса, есепті өзі төлегеннен кейін, жазған шығармасын достарына мақтатып отырса болғаны, – дейді Төлтай.

 

Ақын Файзулла Төлтай. Фото: Massaget.kz.

Файзулла Төлтай қоғамда болып жатқан оқиғаларға пікір білдіруге тартынатын, тіршілік үшін тілін тістеп жүрген қаламгерлер өздерінің іс-әрекеті қандай жағдайда да ақталмайтынын біледі және сол үшін түрлі қитұрқы әрекетке барады дейді.

– Бірақ бұл шарасыздық оларды ақтамайды. Қандай жағдай болмасын ешкім еш жерде, бүгінде, ертеңде ақтай алмайды. Және ақтай алмайтынын өздері де жақсы біледі. Сол үшін жаңағыдай «өз ойларын шығармада ғана білдіру керек» немесе «өлмейтін тақырыптарда жазу керек», «бұл оқиғалар өткінші», «біздің илаһи хәліміз бұдан биік» деген сарындас қияли әңгімелер туады. Бұл қоғамда қандай да бір шығарма жазатын болсаңыз – ол назым болсын, насыр болсын – міндетті түрде сол қоғамның саяси-әлеуметтік жағдайын сөз етесіз. Айналып өте алмайтынын олар сіз бен бізге қарағанда әлдеқайда жақсы ұғынады. Сосын ішіндегі Дионистік күш оянып, өз-өзін ақтау үшін неше түрлі қитұрқылыққа барады. Өзін ақылды санап, қалғандарын ақымақ көреді. 

Өз ойын ашық айтайын десе, артын ойлайды, арты жайлы айтайын десе, елден ұялады. Мысалы, Қаңтар кезінде аузына құм құйылып, бір ауыз сөз айтпаған қаншама қаламгер бар. Бірақ ең жиіркеніштісі, қауіпсіз аймаққа шыққаннан кейін, Қаңтар жайлы шығарма жазғыштар көбейе түсті. Неге? Себебі ендігі уақытта зияны тиіп кетеді деп қорықпайды. Шынтуайтына келгенде, Қаңтар кезінде халық жағында болмаған, халық үшін бір ауыз сөз айтпаған кез-келген қаламгердің енді келіп білгішсінуіне ешқандай моральдық құқығы жоқ. Арсыз болмаса, әрине.., – дейді ақын.

 

Автор: Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Поделиться

Нет комментариев.

18/05/2023 15:57
4389 0

Уведомление