«Өзімді лас сезіндім»: Харассментке ұшырағандардың оқиғасы

«Жылап жата бердім»


03/04/2023
11:29 2488 0

Харассмент – адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету жəне жеке шекарасын бұзу. Ол физикалық түрде (орынсыз жанасулар, құшақтаулар) жəне вербальды түрде (дөрекі немесе қорлайтын мақтаулар,жыныстық қатынасқа тұспалдау жəне т.б.) көрінеді.

 

Бір жағынан, бұл адамға психологиялық шабуыл екенін есте ұстаған жөн. Егер сізге біреудің мақтауы дөрекі естілсе жəне денеңізге жанасуы ыңғайсыздық тудырса, мұның харассмент болуы əбден мүмкін. Осы ретте қоғамдық орындарда харассментке ұшыраған қыз-келіншектердің оқиғаларымен бөліскіміз келеді.

 

«Әпкемнен басқа ешкімге айтпадым»

 

Дария (есімі өзгертілді), мектеп оқушысы, 16 жаста:

 

Оқиға биыл жаңа жыл қарсаңында болған. Өзім сурет мектебінде оқимын. Сол күні сыртқа шығып сурет салуға тапсырма берілген еді. Мұғалім жанымызда қадағалап жүрді. Бəріміз мұғалімге шаршағанымызды айтып, саябақта демалатын болдық. Бір кезде құрбым екеуміз суретімізді талқылап отырып, алыстан бір ер адамның біз жаққа қарап тұрғанын байқадық.

Елемеуге тырысып, отыра бердік. 

 

Құрбым өзге оқушылардың жанына кеткенде мен жалғыз қалған ем. Сол мезеттежаңағы ер адам қасыма жетіп келді. Өзім қатты шошып кетіп, үнсіз отырып қалыппын. Ол болса қасыма   отырып алып, аяғымды сипалай бастады. Үстінен арақтың иісі шығады, жүзі   қорқынышты. Сол кезде жанымыздан өтіп бара жатқан апа айқайлап: «Əй, не істеп жатсың?», – деп жүгіріп келді. Мұғалім де байқап, айналаға адамдар жинала бастады. Бəрі тез-тез болып кетті. Бірақ əлгі ер адам қашып үлгерді. Ешкім қууға да тырыспады, полицияға да арызданбадық. Суретім жайына қалды. Тезірек үйге қайтқым келді. Бұл туралы əпкемнен басқа ешкім білмейді. Мұғалімім де бұл жағдайға аса мəн бермегендей көрінді.

 

«Өзімді лас сезіндім»

 

Наргиза, студент, 20 жаста:

 

Өзім Тараз қаласынан боламын. Алматыға алғаш келген жылдары университет жатақханасында тұрдым. Биыл 3 курсқа өтіп, жатақханада танысқан қыздармен пəтер жалдап тұра бастадық. Мамандығымыз əртүрлі болғандықтан, сабаққа бірдей уақытта шықпаймыз. 17 ақпан күні әдеттегідей түстен кейінгі сабақтарыма бара жатқанмын. Аялдамаға 32-автобус кеп тоқтады. Іші бос көрінген соң бірден мініп алдым. Автобустың артқы жағында бір ер адам отыр. Жасы шамамен 40-45 шамасында. Өзімен-өзі мен жаққа қарап жымияды. Мəн бермей, жолақысын төледім де, алдыңғы есік жақтағы орындыққа жайғастым. 

 

Құлаққабымды тағып, терезеге қарап отыра бердім. Автобус Гоголь көшесі бойындағы бағдаршамда тұрған кезде, əлгі ер адам алдыңғы жаққа, қарама-қарсы қатардағы орындыққа ауысып алды. Маған қарай бұрылып отырып алған. Келесі аялдамадан ешкім мінбеді. Əлгі адамды барынша елемейін десем де, іштей қорқып келемін. Музыканы өшіріп, телефонға қарап отырғандай сыңай танытып, іс-қимылын аңдыдым.

 

Бір кезде ол шалбарынан жыныс мүшесін шығарып, сипалай бастады. Денем қатты тітіркеніп кетті. Атып тұрып, жылдам есікке ұмтылдым. Артыма қарағым келмеді. Есік ашылғанға дейін ентігіп, əзер түстім. Аялдамадағы орындыққа отыра қалып, үнсіз жылай бердім. Ол күні ақыры сабаққа да бармай, 1 сағаттай аялдамада отырып, үйге таксимен қайттым. 

 

Таксиде де бағанағы көргенім есіме түсіп, таксистке де қорқа қарап қоямын. Үйге жеткен соң, бірден жуындым. Өзімді лас сезіндім. Содан бері бір айдай уақыт өтті ғой. Автобусқа отырмайтын болдым. Дұғамды айтып, бас амандығым үшін деп қымбат болса да, таксимен қатынап жүрмін. Автобус көрсем, əлгі адамның түрі есіме түсіп, тынысым тарыла бастайды.

 

«Жылап жата бердім»

 

Мариям (есімі өзгертілді), студент, 18 жаста: 

 

Алматыда 2 курста оқимын. Жаңа жылдық демалыс кезінде үйге барып, сағынышымды басып, 23 қаңтар күні Ақтөбеден Алматыға жолға шықтым. Пойызға билет əзер таптық. Платцкарттың астыңғы орындарының біріне орналастым. Жанымда бір-бірімен таныс үш жігіт, екі тəте. Таңғы 06:10-да пойыз қозғалды. Таңғы ас ішіп, өзара танысып отырдық. Əңгіме арасынан ұққаным, бағанағы екі жігіттің екеуі де үйленбеген екен. Вахтада жұмыс істеп, тапқан ақшасына Астанаға қыдыруға келе жатыр. 

 

Екеуінің бірі маған біртүрлі əзілдер айтып тиісе бастады. Көз алдымда «Құдай кейбір қыздарға алды да, артты да аямай береді екен-ау» деп жанындағыға айтып, мəз болатын. Түскі ас кезінде үстел басына екеуі жиналады. Мен оянбасам, бағанағы жігіт «қарындас, тамақ ішсеңізші» деп аяғымнан сипалайтынды шығарыпты. «Қолыңызды тартыңыз» деп бір ұрсып бердім. Осыдан кейін бəрі тып-тыныш өтті. 

 

Бірақ екінші күні түнгі 03:00 шамасында біртүрлі бір дауыстан оянып кеттім. Көзімді жəймен ашып қалсам, маған қарама-қарсы, жоғарыда жатқан əлгі жігіттің маған тура қарап, мастурбация жасап жатқанын көрдім. Біртүрлі дауыстар дегенім де осы адамнан шығып жатыр. Айнала онша жарық болмаса да, жолсеріктің бөлмесінен жарық түседі. Əлгінің не істеп жатқанын анық көріп жатырмын. Менің оянып, бəрін көргеніме қарамастан бетіме тіке қарап шаруасын жалғастыра берді. Көрпешемен басымды да бүркеп жауып, жылап жата бердім. Ертесіне түк болмағандай «Қалай, ұйқы қанды ма қарындас?» дегенде тіпті күйініп кеттім.

 

Құқықтық саясатты зерттеу орталығының мəліметінше, еліміздегі құқық қорғау жəне сот органдарында сексуалды қудалауға қатысты нақты статистикалық деректер жоқ, өйткені арыз-шағымдар аз түседі. Басты себеп – Қазақстанда харассментке ауыр жаза қарастырылмаған. 

 

Елімізде сексуалды қудалауға қатысты бір ғана бап бар. ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы «Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, əйел мен əйелдің жыныстық қатынас жасауына немесесексуалдық сипаттағы өзге де əрекеттерге мəжбүр ету» бойынша адам ішінара жазаланады.

 

Бас прокуратураның ресми деректеріне сəйкес, 1998-2018 жылдар аралығында ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы бойынша 87 құқық бұзушылық тіркелген. Алайда ешбір жағдайда бас бостандығынан айыру үкімі қолданылмаған.

 

Автор: Данагүл Науханова




Поделиться

Нет комментариев.

03/04/2023 11:29
2488 0

Уведомление