Журналистерден «үріккен» судья сотты кейінге қалдырды

Судья Қанат Абдуллаев журналистер процеске қатысатын болса іс кейінге қалады деп, істі кейінге шегеріп тастады


01/12/2022
16:52 5174 0

Қызылордада Қаңтарда «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған саяси белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің соты кейінге қалды. Судья Қанат Абдуллаев журналистер процеске қатысатын болса іс кейінге қалады деп, істі кейінге шегеріп тастады. Ол журналистер не себепті іске қатыса алмайтынын түсіндірмеді. 

 

30 қарашада Қызылорда қаласының №2 сотында саяси белсенді Мұратбай Баймағамбетовтың ісін қарады. Сотта судья Абдуллаев журналистерге процесті фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Оның сөзін прокурор Г Дүйсенбаев пен істе жәбірленуші деп танылған қалалық әкімдік, полиция, әскери бөлім өкілдері қолдады. Мұратбай Баймағамбетов пен адвокаты Қамбаров БАҚ өкілдері процесті басынан-аяғына дейін түсірсін деді. Судья 15 минуттық үзілістен кейін «журналистер қатысатын болса іс кейінге қалдырылады» деді.  

 

Үзіліс кезінде өзін таныстырмаған әйел адам келіп, журналистерге сот залынан шығуды талап етті. Сот хатшысы Жаңыл Қасымова Masa.madia тілшісі сот құрамы жөнінде ақпарат беруін сұрағанда «сіз ешқандай тараптың өкілі емессіз, бермеймін» деп жауап берді. 

 

Адвокат Қамбаров Мұратбай Баймағамбетовқа тағылған айып негізсіз дейді. Оның сөзінше, Баймағамбетов Қаңтар оқиғасы кезінде жиналған халыққа «ешқайда кетпейміз, тарқамаймыз» деген сөзі үшін сотқа тартылып отыр. Бұл сөздің ешқандай қылмыстық құрамы жоқ. 

 

– Жәбірленуші деп танылған Облыстық әкімшілік, әскери бөлім және полиция өкілдері сотқа тапсырмамен келіп отыр. 16 парақтан тұратын айып негізсіз. Менің қорғауымда осыған дейін де Қаңтар кезінде қиратып, бүлдірген адамдар болды. Олардың ісі тез біткен. Ал Баймағамбетовтың әрекетінде тек қана жиналған халыққа «тарамаңдар» деп айтқан. Бұнда қандай қылмыс бар? Бұл қандай айып екенін түсінбейміз, – дейді адвокат. 

 

Белсенді Мұратбай Баймағамбетов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол бұны саяси астары бар іс деп есептейді. 

 

– 272 баптың 1 тармағы бойынша «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деп айыптап жатыр. Бұған дейін 272 баптың 2 тармағы «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» болған. Сотқа тапсыратын кезде жаңа айыптау актісін 272 баптың 1 тармағына ауыстырып тастады. Қызылордада болған бүлік, өртенген ғимараттардың барлығын менің мойыныма іліп тұр. Қазір менің мойыныма 833 миллион теңге ілінген. Шымкентте Қаңтар ісі бойынша үш белсендіні соттады ғой, сол сияқты енді Қызылорданың біреуін соттайық деген шығар. Мен бұны саяси қудалау деп есептеймін, – деді Баймағамбетов. 

 

Қызылорда қалалық №2 соты  2021 жылдың сәуірінде Мұратбай Баймағамбетовтің бостандығын екі жылға шектеген. Оған қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовтің ҚДТ қозғалысын қолдады деген айып тағылған. Сол уақытта құқық қорғаушылар Баймағамбетовты «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан. 

 

ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі «экстремистік ұйым» деп танып, жұмысына ел аумағында тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп таныған. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

01/12/2022 16:52
5174 0

Уведомление