Жұрттың әкіміне қарашы: Қай елдің халқы қала басшысын тікелей сайлай алады?

«Жұрттың» сайлауы қалай өтеді?


16/02/2022
13:29 59516 0

Қаңтар оқиғасынан кейін Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұрт сынына қалған еді. Қала тұрғындары оған ел басына күн туғанда халық алдына шықпады деп ызаланды. 

 

Содан кейін Қазақстан қоғамында қала басшыларын тағайындаудан бас тартып, тікелей сайлау қажет деген тақырып көтерілді. Белсенділер петицияға қол жинады, митиң ұйымдастырды, көпірге үлкен плакат ілді. 

 

Біздің халық қазір тек ауыл әкімдерін сайлай алады, ал қалғандарын жергілікті мәслихат пен президент тағайындайды. 

 

Өзге елдердің жұрты қала басшыларын қалай таңдайды екен? masa.media халқы қала әкімдерін тікелей сайлай алатын елдерді тізіп шықты. 

 

АҚШ

 

Тізімді Америка құрлығынан бастайық. 

 

2012 жылы шыққан «Кандидат болу» кітабына сенсек, онда 520 мыңға жуық сайланатын лауазым бар екен. Америка жұрты президентін, депутаттарын, штат, қала, округ басшыларын, жергілікті заң шығарушы органдарының (мәслихат) депутаттары мен өзге тұлғаларды тікелей сайлай алады, яғни олар сайлаудан көз ашпайды десек болады. 

 

АҚШ-та қала мэрін сайлау президент сайлаудан кем түспейді. Үміткерлер үлкен сайлауалды кампания ұйымдастырады, ел-жер аралап, сайлаушыларды өз жағына тартады, бағдарлама ұсынады. 

 

Мысалға Нью-Йоркты алып көрейік. Оның қазіргі мэрі — 61 жастағы Эрик Адамс. 2021 жылғы сайлауда оған қала жұртының 66,14%-ы дауыс берген. 

 

Адамс бұрын полицияда істеген. Сайлау алдында халыққа қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етем, қала полициясының бюджетін азайтам деп уәде берген. 

 

Эрик сайлауға Демократиялық партияның атынан қатысты. Жалпы, АҚШ-та азамат партияға мүше болмай-ақ та кандидат бола алады. Ал партия үміткер ұсынам десе, бұған кім лайық деп ішкі сайлау (праймериз) өткізеді. Онда тек сол партияның мүшелері дауыс бере алады. 

 

2020 жылы алғаш рет Қазақстанда осындай сайлау өтті. Оны Nur Otan партиясы ұйымдастырды. 

 

Германия

 

Оның өзге елдерден айырмашылығы — онда Германия азаматы емес адам сайлауға түсе немесе дауыс бере алады. Бастысы, кандидат Еуропа одағына кіретін елдің азаматы болса, сайлау өтетін жерде тұрса және жасы 18 не 21-ден (әр аймақта әртүрлі) асса болды. 

 

Осы мүмкіндіктің арқасында 2019 жылы Дания азаматы 210 мың халқы бар Росток қаласына мэр болып сайланды. Ол сайлауда екі тур болған, біріншісіне тоғыз кандидат қатысты, екіншісінде Копенгагеннің тумасы Руэ Мадсен 57 % дауыс жинап, жеңіске жетті. Сайлауға халықтың 44%-ы барған. 

 

Айтпақшы, Германияда да партияға мүше болмай-ақ сайлауға түсуге болады. Мадсен де партияға мүше емес. 

 

Ресей 

 

Енді көрші елдің сайлауына назар аударайық. 

 

2014 жылы Ресей президенті Владимир Путин жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жүргізген еді. Бұл өзгеріске сай, қалалар өз басшысын қалай сайлау керегін өздері шеше алады. Сөйтіп, алып елдің ондаған қаласы мэрін тікелей сайлаудан жаппай бас тартты. Онда қазір қала басшыларын жергілікті өкілдер палатасы (бізше мәслихат) тағайындайды. 

 

Қазір басшысын халықтың өзі сайлай алатын қалаларды саусақпен санауға болады. Олар: Мәскеу, Санкт-Петербург, Хабаровск, Севастополь, Кемерово, Ағбан (Абакан), Новосибирск, Якутск, Томск, Анадыр. 

 

Елдің астанасы Мәскеуге толығырақ тоқталайық. 2013 жылы онда қала басшысын сайлау өтті. Бұл кейінгі он жыл ішінде өткізілген ең бірінші тікелей сайлау еді. Себебі 2004 жылы аймақ басшыларын (губернаторларды) таңдау тәртібі өзгерді — енді оларды халық емес, жергілікті депутаттар органдары тағайындайтын болды. Мәскеу — федерал маңызы бар қала, оның басшысын мэр әрі губернатор деп атайды. 

 

Бұл сайлауға Мәскеудің сол кездегі мэрі, «Единая Россия» партиясының (Путиннің партиясы) мүшесі Сергей Собянин мен оппозиционер Алексей Навальный қатысты. Сайлауға халықтың 32%-ы келген. Навальныйға оның 27%-ы, Собянинге 51%-ы дауыс берген. Оппозиционер қорытынды шыққан бойда Собянинді сайлау нәтижелерін бұрмалады, соның арқасында екінші тур болмады деп айыптады. Ол тіпті сотқа да жүгінді, бірақ сот сайлау заңға сай өтті деген шешім шығарды. 

 

Сергей Собянин — қазір де Мәскеу мэрі. 2018 жылғы сайлаудың алдында ол «қазіргі орнынан кетпек ойы жоқ» екенін айтты. 

 

Ұлыбритания 

 

Бұл елдің мэрлерін сайларда халық учаскеге бір рет барады, бірақ сайлау біткенде бір тур емес, екі тур өтті деп есептеледі. Себебі сайлаушы бір үміткерге емес, екі кандидатқа дауыс бере алады. Мынау менің бірінші фаворитім, ал мынау екінші фаворитім деп дауыс береді :) 

 

Бірінші турда бірінші фавориттерге берілген дауыстар саналады. Егер олардың біреуі де 50 % жинай алмаса, екінші турда екінші фавориттердің дауыстары саналады. 

 

2021 жылы екінші турдың қорытындысына сай Лондон басшысы Садық Хан екінші мерзімге сайланды. Енді ол сол орнында 2024 жылға дейін отырмақ. Айтпақшы, Хан — Еуропа елінің астанасын басқарып отырған алғашқы мұсылман. 

 

Ұлыбританияда да тәуелсіз, яғни партияға мүше емес кандидат сайлауға түсе алады. Бірақ көбіне партия мүшелері жеңіп шығады. Мысалы, Садық Хан Лейбористер партиясынан. Лондонның екі рет мэрі болған, қазіргі премьер-министр Борис Жонсон Консерваторлар партиясына мүше. 

 

Грузия 

 

Бұл елде былтырғы қазанда облыс және қала басшыларын сайлау бір уақытта өтті. Көбінде билік партиясы «Грузин арманы — Демократиялық Грузия» өкілдері жеңіске жетті. 

 

Тбилисидің басшысын сайлау екі тур дегенде бітті. Қорытындыға сай, қаланың 2017 жылдан бергі мэрі Каха Каладзе 55 % дауыспен қайта сайланды. Оның басты қарсыласы, оппозициялық партияның мүшесі Ника Мелия 44 % дауыс жинаған. Оппозицияның ойынша, билік сайлау қорытындысын бұрмалаған. 

 

Грузияда да партиясыздар сайлауға түсе алады. Алайда олар партияға мүшелерге қарағанда өте аз дауыс жинайды. 

 

Түркия 

 

Түркияда ең кейінгі сайлау 2019 жылғы жазда өтті. Онда да халық бірнеше қаланың басшысын бір уақытта сайлады. Ең қызығы Ыстанбұлда өткен шығар. Себебі онда бір емес, екі сайлау өтті. 

 

Біріншісінде оппозициялық Экрем Имамоғлы 48,8 % жинады, ал билік партиясының өкілі, экс-премьер Бинәлі Йылдырым 48,5 %-ға ие болды. Бұған көңілі толмаған президент (билік партиясы соған тиесілі) сайлауда заң бұзылған деп ресми қорытындыны жойғызды. Оппозиция билікке қарсы шығып көріп еді, алайда қолынан ештеңе келмеді. Сөйтіп, олар екінші сайлауға келісті. 

 

Оппозиция күші онда да жеңіске жетті. Ендігі айырма бұрынғысынан әлдеқайда көп болды — 54,2 % бен 44,9 %. Президент сайлау қорытындысын ақыры мойындады. 

 

Көп аймақ пен қалада биліктің Әділет және даму партиясы жеңіске жетсе де, Анкара (астана), Ыстанбұл мен Измир секілді үлкен елді мекендердің басшылығына оппозиция келді. 

 

Сарапшылар бұған халықтың билікте 20 жыл отырған Эрдоған мен елдің экономикалық жағдайынан шаршағаны себеп дейді. 

 

«Сайлау — елдегі жағдайға әсер ете алатын жалғыз амал, сондықтан мұндағы сайлауға өте көп азамат қатысады» дейді журналист Чағыл Қасапоғлы.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

16/02/2022 13:29
59516 0

Уведомление