Жоғары сот «әруақтардың» үкімін өзгеріссіз қалдырды

Істе кінәлі деп танылған төрт марқұм Қанды Қаңтарда Таразда оққа ұшып, қаза тапқан


19/12/2023
17:09 9606 0

Фото: Есдәулет Қызырбекұлы / Masa Media 

 

19 желтоқсанда Астана қаласындағы Жоғары сотта былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан төрт марқұмның ісі қаралды. Кассациялық сот алқасы – Досжан Әмір, Нұрғазы Әбілақанов және Гүлнар Мергенова марқұмдар – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. 

 

Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряеваның сөзінше, процесс 30-40 минут ғана болған. Ол жерде сот айыпталушылардың заңды өкілдерін, адвокаттарын және прокурорды тыңдаған. 

 

– Үкімді біз келгенше дайындап қойған. Қысқа-нұсқа ғана, Тараз қалалық сотының үкімі өзгермейді деді. Біз өздері әкелген куәләрдің айтқан сөзіне жүгініп, балалардың ешқандай кінәсі жоқ екенін дәлелдедік. Істің 36 томының 96 бетінде диск бар. Сол дискте тратуарда балалар жүреді. Сосын БТР келеді де балаларды атып кетеді. Олар бізге соны қателесіп көрсетіп қойды. Біз соны апелляциялық сотта да, кассациялық сотта да беруді сұрадық. Бірақ бермеді, – деді Закаряева Masa Media тілшісіне.

 

Оның сөзінше, сотта прокурор айыптаудан бас тартпайтынын айтып, үкімді сол күйінде қалдыруды сұраған. 

 

– Прокурор «Барлығы заң аясында жасалған. Біз айыптаудан бас тартпаймыз. Үкім сол күйінде қалдырылсын» деді. Судья бір сағаттан соң келіп, қаулыны оқыды. «Адвокаттар мен заңды өкілдер тарапынан берілген арыздар қанағаттандырусыз қалдырылды» деді. «Қанша жаза бер, нәтиже болмайды» деген сияқты қылып тұр, – деді Закаряева. 

 

Нигора Закаряева алдағы уақытта өзге марқұмдардың туыстарымен бірге халықаралық ұйымдарға шағымданатынын айтты. 

 

Сотқа журналистер қатыстырылмаған. Азаттық радиосының журналисін процеске тыңдаушы ретінде кіргізген. Фото-видеоға түсіруге де рұқсат бермеген. 

 

2023 жылдың 7-ші ақпанында Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы Қаңтарда оққа ұшқан – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатқан. Марқұмдардың туыстары сот үкімімен келіспеген. Олар жалған куәләрдің сөзі бойынша айып тағылғанын алға тартқан. 

 

8 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасы (судьялар – Нұрмұхаммат Абидов, Мейірхан Атимбеков және Рашид Досымқұлов) 18 жастағы Нұрсұлтан Қуатбаевты ақтап, қалған марқұмдардың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ел арасында бұл іс «әруақтар соты» деп аталып кеткен.

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/12/2023 17:09
9606 0

Уведомление