Жезқазғанда темір жол компаниясының 300-ге жуық жұмысшысы ереуілге шықты

Олар «жалақымыз көтерілсін, еңбек жағдайы жақсарсын» деп талап етіп жатыр


11/12/2020
16:28 47358 0

Фото: Newtimes.kz

 

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі Tranco Zhezkazgan темір жол компаниясының 300-ден астам жұмысшысы ереуілге шықты. Мұны Азаттық радиосы хабарлады

 

Жұмысшылардың талабы мынадай: 

 

  • еңбекақысын екі есе ұлғайту, 
  • өздерінің еміне қаражат бөлу; 
  • 13-ші айлық төлеу; 
  • вахталық әдіспен жұмыс ақысын көбейту. 

 

Қызметкерлердің айтуынша, басшылық оларға жұмысқа қажетті құралдар және техникалар бермеген, соның кесірінен олардың денсаулығы нашарлап барады.  

 

— Бұл біздің жан айқайымыз! Бейбіт митингіге шығып, плакатсыз талаптарымызды айтып жатырмыз. Жарты жыл бұрын әкімге жат жазған едік. Мәселені шешеміз деп уәде берді. [«Қазақмыс» корпорациясының басшысы Эдуард] Огайға да талаптарымызды жеткізгенбіз. Ол кезде талаптарымызды айтып жүрген өкіл болатын. Бірақ оны кейін жұмыстан шығарып тастады, ал қалған адамдардың аузын жапты. Нарық дамып жатыр, бәрі қымбаттап кетті, тек жалақымыз ғана өспеді. Айта бастасаң — қудалай бастайды. Мысалы, мені екі күннен бері қудалап жатыр: дұрыс жұмыс істеткізбейді, қайта-қайта тексере береді, кез келген ұсақ-түйек нәрсе үшін үстімнен шағым жазады, мені жұмыстан шығарайын деп отырған сияқты, — дейді кәсіпорын жұмысшысы Аурика Балымова Азаттық тілшісіне. 

 

Рельстер мен шпалдар тозып кеткен, жол нашар болғандықтан вагондар рельстен жиі шығып кетеді. Одан кейін соның шығынын біздің мойнымызға іледі, тепловоздардың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Бізге берілетін дизель мөлшерін де азайтып тастады. Енді жанар-жағармай жетпей, қалтамыздан төлеп жатырмыз. Жалақы аз, сол үшін тіпті балам да балабақшаға бармайтын болды, себебі төлейтін ақша жоқ, — дейді аты-жөнін толық атамаған Артур деген жұмысшы.


Қызметкерлермен кездесуге Жезқазған әкімі Қайрат Абсаттаров келген. Әкімдіктің хабарлауынша, қала басшысы жұмысшыларға 13-ші айлық төленетінін, жалақы мөлшері қайта қаралатынын айтқан. Ал басқа мәселелерді шешу үшін «Қазақмыстың» бас директорымен кездеседі екен.

Поделиться

Нет комментариев.

11/12/2020 16:28
47358 0

Уведомление