«Желтоқсан ақиқаты» ұйымы Алматы әкімдігіне барып, он күннен кейін митиң өткізетінін айтты

Ол онда түрлі талаптар қоймақ. Бірі — Қазақстан халқы ассамблеясын тарату


19/08/2020
18:11 42201 0

Фото дереккөзі: Азаттық радиосы

 

19 тамызда «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының 30-ға жуық мүшесі Алматы қаласы əкімдігінің алдына жиналып, он күннен кейін митиң өткізетіні туралы хабарламаны өткізді. Бұны Азаттық радиосы хабарлады.

 

Жиналғандардың митиңде екі талап қоймақшы. Біріншісі — Қазақстан халық ассамблеясын тарату. Екіншісі — саяси тұтқындарға бостандық беру. 

 

— Елде болып жатқан саяси оқиғалардан біз шет қала алмаймыз. Ұлтаралық қақтығыстар, түрлі оқиғалар болып жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясы не істеп отыр? Халықтың қалтасынан қаржыландырылып отырған ассамблея таратылсын, — деді «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының мүшесі, желтоқсаншы Қалелхан Əділханов Азаттық радиосына. — Арон Атабек 18 жылға сотталып, түрмеде отыр. Жер мәселесін көтерген жігіттер бар. Сол саяси тұтқындарға бостандық берілсін деген талаппен митингіге рұқсат сұрап отырмыз. 

 

Әкімдік алдына басқа себеппен жиналғандар да бар. Ұйымының жетекшісі Бейсенбай Сейфолланың сөзінше,  1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар бар. Олардың мәселесі әлі шешілмеген. Сонымен қатар ол желтоқсанышыларға арналып салынуы тиіс саябақтың жұмысы тоқтап қалғанына наразы. 

 

Жиналғандармен тілдесуге қоғамды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков шықты. Ол жер беру мəселесі бойынша жауап бере алмайтынын айтып, «митинг өткізу құқығы заң аясында қаралады» деді.

 

Желтоқсаншылар хабарламасында митиңді 29 тамызда өткізетінін жазды.  Ал əкімдік оларға 3 күн ішінде жауап қайтаруы тиіс. Жауап келмесе, бейбіт жиналыс айтылған уақытта өтеді.

 

«Желтоқсан ақиқаты» — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың құқығын қорғайтын республикалық бірлестік.

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/08/2020 18:11
42201 0

Уведомление