Жастар парламенті деген не және мұндай құрылым Қазақстанда неге жоқ?

Ол бізге не үшін қажет?


07/09/2020
10:23 3939 0


 

Былтыр Парламент Сенатының депутаттары Қазақстанда жастар парламентін құру туралы әңгіме қозғаған еді. Олардың айтуынша, жастардың мәселелерін жас парламентарийлер шешуі керек. Алайда парламенттің қашан және қайда құрылатыны әзірге белгісіз.

 

Жастар парламенті деген не? Ол Қазақстанда неге жоқ? masa.media жауап береді.

 

ЖАСТАР ПАРЛАМЕНТІ ДЕГЕН НЕ?

 

Жастар парламенті — 11–29 жастағы жастардың өз мүдделерін қорғауына, мәселелерін шешуіне мүмкіндік беретін платформа. Оған парламентке секілді депутаттар сайланады, отырыстар өткізеді, төрағасы, палаталары мен салалы комитеттері болады. Алайда олар заң қабылдай алмайды, тек жиындарда қабылдаған шешімдерін, ұсыныстарын парламент немесе басқа өкілетті органдарға жолдайды. Қысқаша айтқанда, жастар парламенті мемлекет пен жастар арасындағы көпір іспетті. Бұдан бөлек, олар билікке бақылау жасайды, жастардың мәселесін зерттейді, олардың саяси сауатын ашады, тренигтер мен дебаттар ұйымдастырады.  

 

ЖАСТАР ПАРЛАМЕНТІ ҚАНДАЙ ЕЛДЕРДЕ БАР ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

 

Әлемде жастардың саясатқа араласуы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарқынды дами бастады. Олар елінде не болып жатқанын, маңызды шешімдерді кім және қалай қабылдап жатқанына қызыға бастады. 1987 жылы Еуропалық жастар парламенті құрылды. Онда еуропалық мемлекеттердің 16–22 жастағы жастары жылда үш рет кездесіп, экономика, экология мен саясатқа қатысты мәселелерді талқылап, пікір алмасып, шешімдері мен талаптарын саясаткерлерге, еуропалық органдарға жолдайды. 

 

Жастар парламенті қазір Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Үндістан, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Автралия және т.б. елдерде бар. Оны кім құрғанына қарай екіге бөлуге болады: мемлекеттік және мемлекеттік емес. Малайзия, Оңтүстік Корея, Филиппин, Грекия елдерінде жастар парламентінің негізін жергілікті парламент қалады. Әлі күнге дейін оларға қаржылай көмек беріп, жастарды заң шығару процесіне барынша жиі араластырады. Ал АҚШ, Канада, Үндістан мен Ұлыбританияда жастар парламенті ерікті ұйымдар немесе топтардың бастамасымен құрылған. Кейде оларға жергілікті билік те демеуші болып тұрады. 

 

Британиялық Колумбия жастар парламенті

 

Әр мемлекет жастар паралементінің құзыреті қандай болатынын өзі шешеді. Оңтүстік Кореяда жастар парламентке заң жобасын ұсына алады. Ал Ұлыбританияда жастар кеңесі жылда өткізетін отырысты Қауымдар палатасында өткізеді, оған лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, саясаткерлер қатысады, жиындарын BBC тікелей эфирден көрсетеді. 

 

Талқылайтын мәселелері де жыл сайын ауысып отырады. Кейінгі жылдары жастар параламенттерінде көбінесе мектептегі буллиң, қоршаған ортаны қорғау, университетте оқу құны секілді проблемалар талқыға түсіп жүр. 

 

Парламентке мүше сайлау елі мен жастардың белсендігіне байланысты әр түрлі болады. Ұлыбританияда парламент сайлауына 11–18 жастағы тек британдық жастар мен жасөспірімдер қатыса алса, Грекиядағы парламентке депутатты онда тұрмайтын жас грек те сайлай алады. 

 

Аталған елдерде жастар парламенті тек ұлттық деңгейде жұмыс істемейді. Олардың аймақтық, қалалық парламенттері, тәуелсіз өңірлік жастар кеңестері де бар. АҚШ-та Нью-Йорк, Аризона, Канадада Британдық Колумбия, Квебек жастар парламенті жұмыс істейді. Ресейде жастар парламентін бірінші болып Мәскеу немесе Санкт-Петербург емес, Қалмақстан мен Саха республикасы құрған, кейін артынан басқа аймақтар ілескен. 

 

МҰНДАЙ ҚҰРЫЛЫМ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕРЕК ПЕ?

 

Қазақстан жастары ақпарат қызметінің қамқоршылар кеңесінің басшысы Ирина Медникова: 

 

— Қазақстанда, өкінішке орай, жастар парламенті жоқ. Ал жастар саясаты бір орталыққа бағынады, яғни жастар өз шешімін өзі қабылдап, жауапкершілік ала алмайды. Олардың міндеті — өзінен үлкен адамдардың немесе билікте отырғандардың айтқанын орындау. Сондықтан Қазақстанда жастар парламенті мен олардың саясатқа араласу мәдениеті әлі қалыптаспады. 

 

Жастардың саясатқа араласпауы — өте өзекті мәселе. Мысал келтірейін. 2015 жылы білім министрлігі жастар туралы заңға (мемлекеттік жастар саясаты туралы заң — ред.) мынадай өзгеріс енгізуді ұсынды: «Әр қаладағы жастар қоғамдық кеңесін әкім басқаруы керек». Ал біз («Қазақстан жастары ақпарат қызметі» қоғамды қоры — ред.), керісінше, «жастар басқарсын» дедік. Бірақ өтінішіміз қанағаттандырылмады. Қазір ол кеңестерді әкімдік ашық сайлау арқылы емес, жабық тізім бойынша жасақтайды. Егер қоғамдық кеңесте жастарға ерік бермесек, парламент туралы сөз қайдан болсын? Олар тәжірибені қайдан алсын, шешімдерді қалай қабылдасын?

 

Ирина Медникова

 

Cарапшы тағы бір мысал келтіреді. 

 

— 2015 және 2016 жылы әр түрлі саланың — экология, қаланы дамыту, медиа, мүгедектігі бар адамдардың, студенттердің құқықтары және тағы басқасы — жас мамандарынан құралған екі топ мәжілісмендермен кездесті. Олармен жастарды жұмыс топтарына қосуын талқыладық. Біреуінде де депупаттар жас сарапшылардың зерттеулеріне, тәжірибесі мен ұсыныстарына қызықпады. Орнына олар парламент не екенін айтып, бірнеше сұрағымызға жауап беріп, бізді отырыстар өтетін залдарға апарып, суретке түсірді, — дейді Медникова. 

 

Биыл сәуірде «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңына жастар саясатына қатысты өзгеріс енгізілді. Енді сайлауға түсер алдында әр партия депутаттарының кемінде 30 %-ы 29 жасқа дейінгі азаматтар мен әйелдер болуы керек. Өзгеріс авторларың ойынша, бұл жастар мен әйелдердің саясатқа араласуына ынта береді. 

 

Бірақ Ирина Медникованың айтуынша, бұл тек сөз жүзінде болмақ. 

 

— Қазақстанда жастардың саясатқа араласу мәдениеті пайда болмайынша, олардың саясатқа іс жүзінде араласуы екіталай. Ондай мәдениет пайда болуы үшін парламентке жастарды ашық сайлау арқылы өткізуіміз керек, — дейді Қазақстан жастары ақпарат қызметінің қамқоршылар кеңесінің басшысы. 

 


 

Қазақстанда парламентке сайлау жүйесі пропорационал. Азаматтар белгілі бір депутатқа емес, тек партияға дауыс бере алады. Егер партия 7 % дауыс жинаса, ол парламентке өтеді. Кейін парламентте кім отырады, өзі шешеді. Бұл жабық партия тізімі деп аталады.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова, фотоны спикердің мұрағатынан алдық. 

Поделиться

Нет комментариев.

07/09/2020 10:23
3939 0

Уведомление