Жанболат Мамайдың соты тағы да кейінге қалдырылды

Сотта Медеу ауданының полиция қызметкері саясаткердің сөзін жүрегіне жақын алғанын мәлімдеді


11/11/2022
14:05 25391 0

Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды. Саясаткердің өзі бұны президент сайлауымен байланыстырады. 

 

11 қарашада Бостандық ауданының №2 сотында Жанболат Мамайға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Залға БАҚ өкілдері мен саясаткердің жақтастарын кіргізбеді. Олар процесті бөлек аудиторияда монитордан бақылады. 

 

Бұл жолғы сотта Жамболат Мамайдың үстінен шағым түсірген Медеу аудандық полиция басқарамасының қызметкері Айбек Болытбаев жауап берді. Ол 2021 жылы 18 қыркүйекте өткен митингте саясаткердің «мемлекет сатқыны», «халық жауы» деген сөздерін жүрегіне жақын алғанын айтты. 

 

– Мамай жеке маған келіп, саусағымен көрсеткен жоқ. Ол бұны жалпы сол жердегі полиция қызметкерлеріне қарата айтты. Бірақ мен бұны жүрегіме жақын алдым. Себебі бөлім басшысымын, қарамағымда 100 адам бар. Интернетте митингтің бейнежазбасын көрдім. Біраз уақыт ойланып, арыз жазуды ұйғардым, – деді Болытбаев. 

 

Айбек Болытбаев «бастығыңыз Тоқсабаев екеуіңіздің бір күнде арыз жазғандарыңыз кездейсоқтық па?» деген сұраққа: «Біз бірге осындай шешімге келдік» деп жауап берді. 

 

Осыдан кейін айыптаушы тараптың куәгерлері жауап беруі тиіс болған. Бірақ олардың сотқа келе алмауына байланысты процесс 18 қарашаға қалдырылды. Жанболат Мамайдың өзі бұны 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауымен байланыстырады.

 

– Егер сот уақытымен болса іс 20 қарашаға дейін бітіп қоятын еді. Олар шешімді әдейі сайлаудан кейін шығармақшы. Ол уақытқа дейін мен үйқамақта полицияның бақылауында отырамын. Бұл прокурордың шешімі емес деп ойлаймын. Ол болмаса басқасы келеді,  деді Мамай.

 

Жанболат Мамайға байланысты сот отырысы 9 қарашада басталған. Процесс ашық болғанымен залға тек қана ЕҚЫҰ (ОБСЕ) бақылаушыларын ғана кіргізуде.  

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2022 14:05
25391 0

Уведомление