Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасы жарылды. 4 адам қаза тапты. 60-тан астамы жараланған

Оқиғаның мән-жайы


27/08/2021
10:14 35452 0

Фото: tengrinews.kz

 

26 тамызда сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, кемі 66 адам зардап шекті. Төрт адам қаза тапты. Оқиғаның жай-жапсарын баяндап берейік.  

 

Әскери бөлім Тараздан 18 шақырым қашықта орналасқан. Жарылыс сағат 19:00-20:00 аралығында басталып, екі жарым сағат бойы жалғасқан. 

 

Бөлімге жақын төрт ауыл — Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс пен Қайнар тұрғындары Тараздағы мектептерге көшірілді. Ал қала әкімдігі жергілікті халықтан үйден шықпауды сұрады. Облыс орталығына апарар жолдар жабылған, пойыздар кідіртілді. 

 

Оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды, әскери бөлімге қорғаныс, төтенше жағдайлар министрлері келді. 

 

Қорғаныс министрі бөлімде алты жарылыс болғанын айтады, ал тұрғындар одан да көп болды дейді. 

 

23:00-де Таразда үлкен жол кептелісі болып, халық дәріхана, жанар-жағармай бекеті мен азық-түлік дүкендеріне ағылған. 

 

Қылмыстық кодекстің 462-бабына (Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) сай соталды тергеу басталған. Кінәлілер 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. 

 

Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдегі оқ-дәрілер 2019 жылы Арыстан әкелінген дейді. Ол жақта да оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам көз жұмған еді.


Жамбылдағы жарылыстан қаза болған төрт адамның барлығы әскери қызметкер болған: сержант Марат Мешінбай, ефрейтор Руслан Жанболатов,  әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев пен Оңтүстік әскери округінің әскери прокуроры, полковник Арман Қапезов.

Поделиться

Нет комментариев.

27/08/2021 10:14
35452 0

Уведомление