Қырғызстан президенті саяси партияларды тәртіпсіздікті тоқтатуға үндеді

Билікке наразы топ елде президентті де қайтадан сайлау керек деп отыр


06/10/2020
11:42 47462 0

Фото: 24.kg

 

Демонстранттар Ақ үйді басып алғаннан кейін президент Сооронбай Жээнбеков мәлімдеме жасады. Ол Орталық сайлау комиссиясына сайлау нәтижесін мұқият зерттеп, қажет болғанда жоюды тапсырғанын айтты. Бішкектегі ахуалды 24.kg үздіксіз хабарлап жатыр.   

 

Жээнбековтің айтуынша, отандастары «бейбітшілікті сақтап, арандатуға ермеуі» керек.

 

— Өткен түнде саяси күштердің кейбірі мемлекет билігін заңсыз тартып алмақ болды. Сайлау нәтижесін себеп етіп алып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Олар қала тұрғындарының бейбіт өмірін бұзды. Құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбай, дәрігерлерді ұрып-соқты, ғимараттарға зақым келтірді. Мен ешбір азамат өміріне қауіп төндірмеу үшін күш органдарына оқ атпауды, қан төкпеуді бұйырдым. Әзірше біз ахуалды ушықтырмау үшін қолдан келгенді жасадық. Саяси партия басшыларын жақтастарын сабырға шақыруға, кісі көп шоғырланған жерлерден алып кетуге үндеймін, — деді ол. 

 

Қазір белсенді азаматтар елде президентті де қайта сайлау керек деп жатыр. Бұған дейін Бішкекте оппозиция жақтастары Ақ үйге басып кіріп, талқандаған еді. 24.kg кабинеттер мен мәжіліс залдарынан компьютер жоғалғанын, есік-терезе сынғанын хабарлады. Мұның алдында ғимаратта өрт шыққан, кейін жалын ауыздықталды. Жогорку Кенеш (парламент — ред.) депутаттарын сайлау нәтижесіне наразы көпшілік Бішкек мэрі ғимаратын да басып алды. 

 

6 қазанда сағат 8:00-де Ала-Тоо алаңынан 600-ге жуық адам ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Бір адам қайтыс болды. Қырғызстан бас прокурорының міндетін атқарушы Алмамбет Шықмаматов сайлау қорытындысы жойылғанын айтты.

 

Ақ үйді басып алушылардың талабы бойынша елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев,  бұрынғы премьер-министрлер Сапар Ысқақов пен Жанторо Сатыбалдиев, бұрынғы депутаттар Садыр Жапаров пен Равшан Жээнбеков және тағы бірнеше саясаткер түрмеден босатылды. Сонымен бірге күш құрылымдары сайлаудың әділ өтпеуіне қатысы бар адамдарды тұтқындауға санкция берді.

 

Қырғызстанда 4 қазанда өткен сайлаудан соң оның нәтижесіне жаппай наразылық басталған еді. 6 қазанға қараған түні күш құрылымдары әуелі демонстранттарды суатқышпен, жарық-шу гранаталарымен таратпақ болған. Қақтығыс кезінде арнайы жасақтың бір тобы шерушілердің жағына өткен. Бішкекте және елдің басқа да өңірлерінде наразылық қарқын алды.  

Поделиться

Нет комментариев.

06/10/2020 11:42
47462 0

Уведомление