Әйгерім Тілеужанова: «Тоқаевты «ұлт сатқыны» деп айтқан сөзімнен бас тартпаймын»

Апелляциялық сот «Әуежайды басып алу ісі» бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды


10/11/2023
16:34 13057 0

 

 

Бүгін, 10 қарашада Алматы қаласының апелляциялық сот алқасы Қанды Қаңтарда «Әуежайды басып алуды ұйымдастырды» деп айыпталған бес адам – журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанова, тарих пәнінің мұғалімі, белсенді Қалас Нұрпейісов пен Жан-Айдар Карменов, Нұрлан Дәнебаев және Ермұхамет Шилібаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. 

 

Әйгерім Тілеужанова сот шешіміне дейін журналистердің сұрағына қысқаша жауап берді. Ол онда президент Тоқаевты «ұлт сатқыны» деп айтқан сөзінен бас тартпайтынын айтты. 

 

– Бірінші сатыдағы сотта барлығын айттық қой. Ұстанымым сол.  Ақталғанша тоқтамаймын. Мені толықтай ақтасын. Тоқаевты «ұлт сатқыны» деп айтқанымнан қайтпаймын. Мына жерде жігіттер Тоқаев президентім деп үндеу жасап жатыр ғой. Мен жігіттерді түсінемін. Бірақ мен өз басым ол кісіні президентім деп есептемеймін. Ол кісіні алдымен Назарбаев тағайындаған. Екінші рет ол өзін-өзі сайлап алған. Жалпы, ойлаймын осы жерде сол үшін отырмын деп ойлаймын, – деді Тілеужанова.

 

Ол жүріп жатқан сотты да, тағылған айыпты да абсурд деп бағалады.

 

– «Назарбаев жүйесі құлады» деген кезде шынбайларына тиіп кетті ме? Әйтпесе, айыптары да, соттары да абсурд қой. Бірінші сатыдағы сотта мен расымен де үміттендім. (Судья-ред) Кәкімжановатың ары бар шығар, ұяты бар шығар деп ойладым. Жалпы, биліктің соты абсурд. Бірінші сатыдағы соттан кейін апелляция да, кассация да өзгеріссіз қалатынын түсіндім. Қазір біздің дайындалып отырғанымыз халықаралық сот. Халықаралық сотқа бару үшін барлық инстанциядан өту керек. Қанша уақыт кетсе де, ақталғаншы тоқтамаймыз. Бұл дегенің абсурд, масқара!, – деді Тілеужанова. 

 

Бірінші сатыдағы сот 11 шілдеде бірінші сатыдағы сот Әйгерім Тілеужанованы 4 жылға, өзге сотталушыларды 8 жылға бас бостандығынан айырған. Әйгерім Тілеужанова істің саяси тапсырыс екенін айтқан. Ол үкім оқылғаннан кейін журналистерге «басымды имеймін, тіземді бүкпеймін» деген. 

 

Апелляциялық сотта да айыпталушылар мен олардың адвокаттары бірінші сатыдағы сотта және тергеу кезінде заң бұзушылықтар болғанын айтқан. 

Поделиться

Нет комментариев.

10/11/2023 16:34
13057 0

Уведомление