Утилизациялық алым

Автокөліктер мен өзге де арнайы техникаларды кәдеге жарату (утилизация) үшін бір рет төленетін алым. 




Оны мемлекетке көлік өндірушілер, ресми импортёрлар мен шетелден көлік сатып алған адамдар төлейді. Алым көлік тіркелгенге дейін төленуге тиіс. 


Қазақстанда алым мөлшері өзге елдердегідей көліктің қозғалтқышы мен жалпы салмағына байланысты. Биыл ең төмен утилизациялық алым — 459 мың теңге.


Бізде оны «ӨКМ операторы» ЖШС жинайтын. 11 қаңтарда Мәжілісте сөз сөйлегенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алымға жеке компания емес, мемлекеттік ұйым жауап беруі керек деді. 19 қаңтарда үкімет «ӨКМ операторын» алымды жинау құқығынан айырды. Енді оған мемлекеттік мекеме «Жасыл даму» АҚ жауапты. 


Кей дерекке сенсек, «ӨКМ операторы» бұрынғы президенттің кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі. 2015 жылдан бері компания алымнан 700 миллиард теңге тапқан. 


Қазақстан азаматтары бірнеше рет утилизациялық алым тым жоғары деп мөлшерін төмендетуді талап етті. 2021 жылғы қазанда шыққан петицияға 200 мыңға жуық адам қол қойды. 


«Өзге елдерде кәдеге жарату алымының мөлшері он есе аз. Мысалы, Германияда ол 100 еуроға, Нидерландта 30 еуроға тең, ал Жапонияда кәдеге жарату алымының мөлшері Қазақстанға қарағанда 80 есе аз!», — дейді наразылар. 


Экология министрі Серікқали Брекешев сонда азаматтардың наразылығы орынсыз, алым мөлшері өзге елдердегідей деді.


20/01/2022 17:15 2451 0

20/01/2022
17:15 2451 0

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление