Украина ТМД басшыларының Мәскеудегі парадқа барғанын айыптады

«Өмірі мен тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан украин халқына қарсы дұшпандық»


10/05/2023
12:23 17026 0

Фото: Ашық дереккөзден

Украина сыртқы істер министрлігі ТМД лидерлерінің Мәскеудегі парадқа баруын «өмірі мен тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан украин халқына қарсы жасалған дұшпандық қадам» деп бағалады.

Мәлімдемеде парад кезінде Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери техника көрсетілгені айтылған.

«Іс-шараның алдында Ресей Украинаны одан сайын қирату үшін 25 қанатты зымыранын ұшырды» деп жазылған мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары Орталық Азия мен Кавказ халқы 78 жыл бұрын нацизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты деп жазған. Ал осы елдердің қазіргі басшыларының парадқа қатысуы «азаттығы үшін күресіп жатқан украин халқына қарсы дұшпандық қадам» деп бағаланған.

9 мамырда Мәскеудегі Қызыл алаңда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 78 жылдығына орай әскери парад өтті. Шараға Ресей президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан президенттері және Беларусь режимінің басшысы Александр Лукашенко мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысқан.

Путин парадтағы сөзінде «Батыстағы глобалистік элита Ресейге соғыс ашты» деп айыптап, «Батыс элитасын нацистерге теңеген». Ресей президенті «Батыс Ресейдің құрдымға кетіп, ыдырағанын қалайды» деді

Путин «Украинаға соғыс ашу арқылы Донбассты қорғап, өзіміздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп жатырмыз»деген сөзін тағы қайталады. Ресей басшысы парадтағы сөзінде Екінші дүниежүзілік соғыстан гөрі Украинадағы соғыс туралы көп айтты.

Ол Совет Одағының Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі одақтастарын атап өтіп, парадқа келген ТМД елдерінің басшыларына алғыс білдірді.

Ресей билігі кейінгі уақытта 9 мамыр мерекесін саяси мақсатқа, соның ішінде Украинаға басқыншылығын ақтап алуға пайдаланып келеді.

 

Қазақстан қоғамы президент Тоқаевтың Ресейдегі парадқа баруын екіұдай қабылдады. Бірі оны қолдаса, енді бірі оған қарсы болды. Осыған байланысты әлеуметтік желіде пікірталастар да болды. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

10/05/2023 12:23
17026 0

Уведомление