«Тыңда, еб...!»: Қаңтарда халықты балағаттаған Бозымбаев сотта жауап берді

«Сұрақтар болды, мен соған жауап бердім»


24/01/2023
19:04 21885 0

Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың сотында жауап берді. Ол куәлік еткен уақытта залдан журналистерді шығарып жіберді. 

 

23 қаңтарда Талдықорған қаласында өткен сот отырысында Қанат Бозымбаев Қаңтар оқиғасы кезінде облыстың басшысы ретінде аймақтық штабтың басшысы болғанын, осыған байланысты жауабында «құпия» құжаттар жөнінде айтатынын алға тартып, залдан БАҚ өкілдерін шығарып жіберуін сұрады. 

 

– Мен өтініш білдіргім келеді. Мен былтыр қаңтарда Алматы облысының әкімі қызметін атқардым. Сол уақытта аймақтық жедел штабтың басшысы болдым. Штаб жұмысы мен хаттамаларының басым бөлігі «аса құпия» статусына ие. Сол себепті сот отырысын жабық жағдайда, БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өткізуді сұраймын, – деді Бозымбаев. 

 

Оның бұл өтінішін прокурор да қолдап, журналистерді залдан шығаруды қуаттады. Күдебаевтың адвокаттары өтінішке қарсылық білдірді. Олар беттестіру кезіндегі Бозымбаевтың жауаптары іс материалдарында тұрғанын алға тартты. Осыдан кейін судья Бозымбаевтан «сіз журналистердің өзіңізді түсіргенін қалайсыз ба?» деп сұрады. Ол «жоқ» деп жауап бергеннен кейін, БАҚ өкілдері залдан шығарылды. 

 

Қанат Бозымбаев соттан кейін де журналистер сұрағына жауап бермеді. 

 

– Сұрақтар болды, мен соған жауап бердім. (Сіздердің – ред) ешқандай сұрақтарыңызға жауап бермеймін. Сот жүріп жатыр. Егер мен жауап берсем, біреулердің құқығын бұзамын, – деп қысқа қайырды экс-әкім. 

 

Ол қазір не істеп жүргеніне, қайда тұратынына да жауап бермейтінін айтты. 

 

Қанат Бозымбаев Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласының орталық алаңында халықты балағаттап ел есінде қалған. Сол уақытта оның жиналған халыққа «тыңда, еб...» деп айтып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тараған. 

 

Серік Күдебаевтың үстінен Қаңтар оқиғасы кезіндегі іс-әрекетіне байланысты ҚР ҚК 370 бабының 4 бөлігінің 1 тармағы «ауыр зардаптарға әкеліп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/01/2023 19:04
21885 0

Уведомление